Ашура – қазіргі заманғы исламдық қозғалыстарды шабыттандырушы 1
Ашура оқиғасынан бері 14 ғасыр өткенімен имам Хосейн (ғ.с.) мен серіктерінің төгілген қандары ұмытылмай, азаттық талап етуші адамдар Ашура көтерілісінен сабақ алып, зорлық-зомбылық пен үстемдікпен күресуде.
Тарихта әлемнің әртүрлі аймақтарындағы халықтар пен әр кезеңдердегі төңкерістерге әсер еткен көптеген көтеріліс орын алды. Ол көтерілістердің әсері тек бір шектеулі кезеңдер мен мекендерге қатысты болмады. Кейбір көтерілістер халықтар мен олардың ішкі өзгерістеріне әсер етті. Сондай-ақ, біраз уақытқа дейін халықаралық қарым-қатынастарға әсерін тигізгенімен, бірте-бірте күш-қуаты мен әсері азайған санаулы революциялар орын алды. Алайда имам Хусейн (ғ.с.)-ның хиджри қамаридің 61-ші жылының Ашура оқиғасындағы үлкен әрі илаһи көтерілісі сырт көзге сәтсіздікке ұшырағанымен, тарих пен әлем деңгейіндегі халықтық көтерілістерге ерекше әсерін тигізген жалғыз қозғалыс болды. Бұл үлкен көтеріліс шамамен 1400 жыл өткенімен азаттық пен шындық талап етушілер үшін кемел әрі теңдессіз үлгіге айналды.
Ашура ерлігі неліктен соншама маңызды әрі әсерлі? Себебі, бұл көтеріліс басқалар үшін мәңгілік үлгі болатын ерекшеліктерге ие. Имам Хусейн (ғ.с.)-ның қозғалысы илаһи жігерге ие болып, Алланың дінін қорғауды мақсат етіп, әлемнің барлық кезеңдеріндегі халықтар үшін мәңгілік үлгіні көрсетті. Бұл көтерілісті исламның ұлық пайғамбарының немересі, теңдессіз тұлға имам Хусейн (ғ.с.) басқарып, хазіреттің қасында шәһид болғандар ең иманды әрі ең батыл азаматтар саналды. Олар зорлық-зомбылық көріп, шәһид болды, тіпті олардың отбасылары да тұтқынға алынды. Бұл көтерілістің келесі ерекшелігі Әмәви басшыларымен, әсіресе Язид бен Муавиенің билігінен анық көрінген зұлымдық пен зорлық-зомбылыққа қарсы күресті. Шындықты талап ету Ашура қозғалысының келесі ерекшелігі болды. Имам Хусейн бен Әли (ғ.с.) шындықты қорғап, жалғандықпен күресу жолында серіктерінің аз, керісінше, дұшпандары санының көп болуынан қорықпай, тек қасиетті мақсаты туралы ғана ойлады. Хазірет пен адал серіктерінің иманы мен батылдығы олардың өз сенімдеріне табанды болып, Алланың оларға көмектескенін көрсетті. Имам Хусейн (ғ.с.)-ның мәңгілік көтерілісі ақыл, қисын мен ішкі болмысты қуаттайды. Сондықтан мұсылман емес халықтардың көбі де бұл үлкен көтерілісті өздері үшін үлгі тұтады. Бұл қозғалыстың келесі тақырыбы – азаттық пен ғиззат талап етуі. Имам Хусейн (ғ.с.) қоқан-лоққылар, ұсыныстар мен күдіктерге қарамастан қасиетті мақсатын қорғау үшін өмірін қиып, сенімдері жолында кез келген шығынды қабылдайтынын көрсетті.
Ашура оқиғасынан бері 14 ғасыр өткенімен имам Хосейн (ғ.с.) мен серіктерінің төгілген қандары ұмытылмай, азаттық талап етушілер Ашура көтерілісінен сабақ алып, зорлық-зомбылық пен үстемдікпен күресуде. Замануи кезеңнің ең үлкен қозғалысы саналатын хазірет Хусейн бен Әлидің (ғ.с.) көтерілісі – әсерін теріске шығаруға болмайтын үлгі.
Иран Ислам республикасының іргетасын қалаушы имам Хомейни мен Ислам революциясының қазіргі жетекшісі аятолла Хаменеи мен басқа да танымал қайраткерлер имам Хусейн (ғ.с.) жолының жақтастары екендіктерін сан рет қуаттады. Имам Хомейни бұл туралы: «Иранның Ислам революциясы – Ашураның ұшқыны; илаһи көтеріліс»,- деген болатын. Ислам революциясының жеңісіне дейін және одан кейін халық ұрандары және іс-әрекеттерімен көтерілістерін Ашура қозғалысының жалғасы санады. Қарсыласу, жанкештілік, шындық пен азаттық талап ету, сондай-ақ, зұлымдыққа қарсы күрес сынды ислам революциясының басқа ееркшеліктері Ашура оқиғасы мен Кербала ерлігінен нәр алды. Айта кететін жайт, өзін имам Хусейн (ғ.с.)-ның қозғалысына борыштар санайтын Ислам революциясы халықтардың басқа қозғалыстары мен көтерілістерінің үлгісіне айналды. Кербала қозғалысын үлгі тұтқан барлық көтеріліс басқалар үшін ашуралық құндылықтарды тарататын орталыққа айналды.
Зұлым, халықты және басқа халықтарды басып- жаншитын үкіметтердің арасында сионистік режим зорлық-зомбылықты басқалардан артық іске асыруда. Бұл билікқұмар режим 70 жыл бойы Палестинаны басып алып, оның мұсылман халқын өлтіріп, азаптап, қамауға алып, сондай-ақ, миллиондаған азаматтарын отандарынан шығарып жіберді. Жәбір көрген халық имам Хусейн (ғ.с.) сияқты мүмкіндіктерінің аздығына қарамастан жерлері мен өмірлерін қорғауда. Бірақ, олардың кейбір басшылары қиянатшыл сионистермен келіссөздер мен мәміле жүргізіп, сионистерге көптеген артықшылық беруде. Бұл – имам Хусейн ( ғ.с.) қатаң түрде теріске шығарған тәсілдің өзі. Имам бағыну ұсынысы туралы: «Біліңдер, жауыз Язид пен жауыздың перзенті Муавие мені қылыш пен қорлық деген жолайрыққа тіреді. Біз еш уақытта қорлыққа бағынбаймыз»,- деді. Палестина халқы да сионистік режимнің қорлығын қабылдамай, осы кезге дейін жалғасып келе жатқан қарсыласу қозғалысын бастады. Қарсыласу қозғалыстары Ашура қозғалысының армандарына ұқсас бірнеше ерекшелікке ие. Оның бірінші ерекшелігі зұлым әрі заңсыз дұшпан сионистік режиммен келісімге келмеуі. Зұлымдықпен күресіп, шындық пен әділет талап ету – палестиналықтардың қарсыласуынан айқын көрінетін Кербала көтерілісінің келесі ерекшелігі.
Палестина халқы көтерілісінің келесі ерекшелігіне қару-жарақпен қолдау мен тағы басқа мүмкіндіктердің тапшылығына, сондай-ақ, араб үкіметтерінің көбінің сатқындықтарына қарамастан тісіне дейін қаруланған әрі әлемнің алпауыт құдыреттерінің қолдауына ие дұшпанға қарсы табандылық танытуы жатады. Имам Хусейн (ғ.с.) өзінің санаулы серіктерімен дұшпанның мыңдаған сарбазына қарсы тұрды. Палестина халқының қарсыласу қозғалыстары исламдық критерийлерге табандылық пен илаһи діннің құндылықтарынан бастау алады. Ашура көтерілісі де Исламның негіздерін жаңдандыру үшін орын алған болатын. Бұл илаһи көтеріліс тек Аллаға сүйеніп, Алланың ризалығына ие болуға талпынып, жоғары мақсаттарына жетті. Бүгінде Палестина халқы да Алланы пана тұтып, шетелдік қолдауларға тәуелді емес. Дұшпанның имам Хусейн (ғ.с.)-ның отбасы мен серіктерін қоршауға алу мен судың алдын жабу сынды қысымдары хазіреттің өз көтерілісінен бас тартуы мен басын июіне себеп болмады. Палестина халқы да хазіреттен үлгі алып, сионистердің қырып-жоюшылықтары, қамаулары, азаптаулары мен үйлерін мен егістік жерлерін қиратуларымен, сондай-ақ, қалашықтарын салу мен басқа да қылмыстарымен қарсыласып, жерлері мен құқықтарын қайтаруға талпынуда.
Сионистік режимнің зорлық-зомбылықтары мен басқыншылықтарына қарсы пайда болған келесі қозғалыс Ливанның исламдық қарсыласуы саналады. Ливанның исламдық қарсыласу қозғалысы Иранның Ислам революциясы мен Ашура ерлік оқиғасын өзіне үлгі етті. Ливан Хизболласының басшысы Сейед Хасан Насролла бұл мәселені сан рет қуаттап: «Біз имам Хусейн (ғ.с.)-ды танып, оған ғашық болып, қарсыласуымызбен соғыс майданында хазіретке адалдыққа ант бердік»,- деді. Ливанның исламдық қозғалысының жауынгерлері Хизболланың қатарында елдерінің ішінде сионистік әскерилерге қарсы шайқастарын бастаған кезде олардың саны да қарулары да аз, әрі ескі болды. Бірақ, олар өз басшылары имам Хусейн бен Әли (ғ.с.)-ды үлгі тұтып, жылдар бойы дұшпанға қарсы соғыстарын жалғастырып, 2000-шы жылы басқыншыларды елден шығарды. Имам Хусейн (ғ.с.) серіктерінің батылдығынан нәр алған Хизболла жауынгерлерінің иманы мен ерліктерінің күштілігі сондай, сионистік режимнің әскерлері мүмкіндіктеріне қарай олармен бетпе-бет келмеуге тырысады. Бұл исламдық қозғалыс имам Хусейн (ғ.с.)-нің жанкештілігіне сүйеніп, бітім мен қорлықты қабылдамаумен бірге қылмыскер дұшпан мен оның қолдаушыларына ғиззат және күш-қуатпен қарсы тұрды. Бұл қозғалыстың негізгі тірегі Алла Тағала болды. Бұл жөнінде Сейед Хасан Насролла: «Бізді өлтіруді жоспарлайтындардың барлығына «Біз Ашура күні имам Хусейн (ғ.с.) қорлықтан алыс болу туралы жариялаған рухқа иеміз» деп айтамыз»,- деп қуаттады. Имам Хусейн (ғ.с.)-ның қозғалысынан тамырланған дәл осы ерекшеліктің арқасында Хизболла қазір Ливанда әсерлі әрі халықтың көңілінен шыққан күш-қуатқа айналып, зұлымдық көрген басқа халықтарды билеп-төстеушілерден қорғай алады.