Имам Хасанның (ғ.с.) бейбітшілік келісімі
(last modified Sun, 02 Dec 2018 19:36:45 GMT )
Жел 03, 2018 01:36 Asia/Almaty
  • Имам Хасанның (ғ.с.) бейбітшілік келісімі

Шейх Рази әл-Ясин жазған, аятолла Хаменеи аударған «Имам Хасанның (ғ.с.) бейбітшілігі» атты кітапқа арналған бағдарлама.


Бұл күндер Исламның ұлық пайғамбарының немересі имам Хасанның (ғ.с.) Муавие бен Абусуфиян екеуі жасаған тарихи бейбітшілік келісімінің жылдығына сәйкес келеді. Бұл оқиға соған ұқсас оқиғалармен салыстырғанда көбірек дағдарыспен бетпе-бет келген болатын. Өйткені, кейбіреулер бұл келісімді мадақтап, имам Хасанды (ғ.с.) бейбітшілік пен бейбіт өмір сүрудің қаһарманы деп атаса, басқалар имамды оңай өмір сүруді талап етуші, қорқақ деп айыптады. Тағы біреулер имамның бейбітшілік келісімге келуін Исламның ұлық пайғамбары әулетінің ерлігіне сай емес, ал үкіметті Муавиеге тапсыруды мұсылмандардың қорлығы мен басшының негізгі жолдан ауытқуына себеп болды деп сараптады. Шын мәнінде имам Хасан (ғ.с.) өмірі тарихының шындықтарына шолу жасау арқылы хазіреттің өз заманының қоғамдық көңіл-күйін нақты білген қырағы саясаткер болғанын, үлкен революция жасап, бейбітшілікті сақтауға әсер еткенін көреміз.

«Имам Хасанның (ғ.с.) бейбітшілігі» атты кітап

Хазірет Әли (ғ.с.) шәһид болған соң имам Хасан (ғ.с.) мұсылмандардың алдына шығып, әкесінің мінберінде тұрып, былай деді: «Бүгін түнде бұрынғылар одан алға шыға алмаған, келешек ұрпақ оған жетпейтін адам дүниеден озды. Ол Алла елшісінің қасында жиһад жасап, хазіреттің жолында жанын қалқан етті. Алла елшісі оның қолына туды тапысырып, оны майданға жіберетін. Сол кезде Жебірейіл оны оң жағынан, Мекәйіл сол жағынан демейтін. Алла  несібесіне жеңіс сыйламайынша майданнан оралмайтын. Ол хазірет Мұса дүниеден озып, хазірет Иса аспандарға көтеріліп, Құран жіберілген түні бұл дүниемен қоштасты». Содан соң Абдолла бен Аббас сөзін бастап: «Уа, халайық! Бұл пайғамбардың ұлы әрі орынбасары – сіздердің имамдарыңыз. Оған бият етіңіздер. Алла Тағала ол арқылы және өз қалауымен сіздерді қараңғыдан жарыққа шығарып, дұрыс жолға нұсқайды»,- деді. Исламның ұлық пайғамбары мен хазіреттің имам Хасанның әкесінен кейін имаматты басқаратыны туралы сөзін ұмытпағандар Абдолла бен Аббастың сөзін растап, имам Хасанның (ғ.с.) билігіне адалдыққа ант берді. Содан соң Ирак, Хиджаз бен Йеменнің бүкіл халқы имамның билігіне адалдықтарын жариялады. Тек Муавие ғана имамға қарсы шығып, адалдыққа ант бермеді. Имам Хасан (ғ.с.) Муавиеге қырсықпай, билігін мойындауды талап еткенімен Муавие имамды тыңдамақ түгілі, қарсылық білдірді. Муавие тіпті имамға қарсылығын білдіру үшін әскерін Иракқа қарай аттандырды.

Достың киімін киген дұшпаннан қатерлі ешкім жоқ. Бұл – сырт көзге адамға дос болып көрінетін, бірақ негізінде онымен соғысатын дұшпанның өзі. Сондай-ақ, кек алу үшін қанжар салатын дұшпан ең қатерлі. Бұл имам Хасанның (ғ.с.) әскеріне кірген хаваредждер тобына тән ерекшеліктер еді. Олар айлакер адамдар болды. Лаңкестік рух пен күтпеген жерден қанжар салу олардың арасында кең таралды. Имам Хасанның (ғ.с.) қасындағылары жиһад емес бүлік туралы ойлады. Басқалар имамды тек өз дүниелері үшін қолдады. Сондықтан ойлағандарына жетпегендіктен имамнан бойларын аулақ салатын. Сол себепті имам Хасанның (ғ.с.) қасында мүмін әрі адал жауынгер санаулы болды. Алайда Муавие сол санаулы адамдардан қорқып, әрқашан олардың қарсыластықтары үшін шара ойластыратын.

Имам Хасан (ғ.с.) Муавиенің әскеріне қарсы тиісті дайындықтары жоқ адамдармен бетпе-бет келді. Сол кездегі Ирактың жағдайы мен ирактықтардың әскери тұрғыдан әлсіздіктері туралы имамның сөзінен маңызды құжат қажет болмас. Имам Хасан (ғ.с.): "Шамға қарсы тұру үшін бізге ешбір күдік-күмән тосқауыл бола  алмайды. Біз бұрын сіздердің күштеріңізге сүйеніп, Шам тұрғындарымен соғыстық.  Бірақ, бүгін кек салдарынан сіздердің араларыңыздан бірлік кетіп, табандылықтан айрылып, тілге сүйенетін болдыңыздар. Муавие бізге жоғары мақсаттарымыз бен ғиззатымызға қарсы ұсыныс жасады. Егер соғысқа дайын болсаңыздар, бейбітшілікті қабылдамай, қылыштарымызға сүйеніп, оның ісін бір Алла тапсырайық. Бірақ, егер бұл дүниенің өмірін қаласақ, көзіміздегі бұл тікенге төземіз",- деді. Имамның сөзі бұл жерге келген кезде халық әр жақтан: "Біз өмірімізді жалғастырғымыз келеді",- деп айқайлады. Сондықтан имам Хасан (ғ.с.) әскери қақтығыстан бас тартып, ислам үмбетін сақтап қалу сияқты үлкен мәселе үшін бейбітшілікті қабылдауға мәжбүр болды. Имам Хасан (ғ.с.) бейбітшілікті шартпен қабылдады. Имам  Муавиеге Пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннеті мен Құран бойынша ғамал етіп, өзінен кейінгі орынбасарын сайламау туралы шарт қойды. Бірақ, уақыт өте Муавие келісімге табанды еместігін көрсетті. Муавие бейбітшілік келісімінен кейін барлық міндеттемелерін бұзып: "Уа, Ирак тұрғындары! Алламен ант етемін! Мен сендермен намаз, ораза, зекет және қажылық үшін соғыспадым, мен сендермен тек билік үшін соғыстым. Хасан бен Әлимен жасаған келісім мен оның шарттары қазір менің аяғымның астында. Олардың ешбір құны жоқ",- деді. Сөйтіп имам Хасан (ғ.с.) өзінің бейбітшілік  келісімімен Муавиенің бетіндегі пердені сыпырды. Бұл бейбітшілік кең ауқымды күрестің басталуы болды.

Үкімет құру, көтеріліс, бейбітшілік пен Пайғамбар әулетінің үнсіздігі исламды қорғап, сүннеттерді жаңғырту үшін болды. Егер Ислам көтерілістің арқасында сақталатын болса, өлімнен қорықпай көтеріліске шығу керек. Егер бір кезде Исламды қорғау үшін үнсіздік қажет болса, үнсіздік танытқан жөн. Имам Хасан (ғ.с.) Исламды қорғап, атасының дінін жандандыру үшін майдандарда жиһадқа кіретін. Имам дұшпанмен күресу үшін әртүрлі тәсілді пайдаланды. Имам адамдардың сұрақтарына жауап  қайтарған кезде: "Мен әкемнен кейінгі басшы емеспін бе? Алла  елшісі мені мен бауырым туралы "Хасан мен Хусейн көтеріліске шығса да, шықпаса да – имамдар" деген адамның бірі емеспін бе? Уа, Абусаид! Егер мен Алла тарапынан сайланған имам болсам, тіпті пайдасы сендерге түсініксіз болса да, соғысу  немесе соғыспау туралы шешім қабылдамаймын ба? Хазірет Қызыр кеме тесілген кезде қабырғаларын қайта жөндеп, кішкентай ер баланы өлтіріп, хазірет Мұсаның ашуына себеп болғаны туралы естімедіңдер ме? Бұл істің хикметі хазірет Мұса үшін жасырын болды. Сіздер менің амалымның хикметін де түсінбедіңіздер. Егер мен былай жасамағанда, Пайғамбар әулетінің барлық достарын өлтіріп тастайтын еді",- деді.

Қорыта айтқанда, имам Хасанның (ғ.с.) бейбітшілік келісімі заман мен мекеннің жағдайына қарай қабылданған тарихтағы қаһармандық иілу болды. Имам Хасанның (ғ.с.) бейбіт келісімі исламның тереңдігі мен уәһи мәтіндерден шыққан шындық пен ғибратты көрсеткен үлкен шешім болды. Имам Хасан (ғ.с.) мен имам Хусейн (ғ.с.) бір ресалаттың екі жағы болды. Олардың әр біреуінің міндеті мен амалы өзінше маңызды  болды. Бұл екі тұлға халықты ояту үшін үлкен әсер етті. Имам Хасан (ғ.с.) сабыр мен даналық пен табандылықты, имам Хусейн (ғ.с.) қарулы көтерілісті пайдаланды. Олардың екеуінің де Алла жолындағы мақсаттары бір болды.