Хазірет Зейнаб – батылдықтың көрінісі
(last modified Sat, 12 Jan 2019 04:54:54 GMT )
Қаң 12, 2019 10:54 Asia/Almaty
  • Хазірет Зейнаб – батылдықтың көрінісі

Әлемнің барша мұсылмандарын Исламның ұлық пайғамбарының немересі хазірет Зейнабтың туған күнімен құттықтаймыз!

Хиджридің бесінші жылы кішкентай үйде хош иісті гүлшанақ ашылды.  Раушан гүлінің хош иісі Медине қаласының көшелеріне таралып, барлық жерден жағымды әтірдің иісі сезілді. Уаһи отбасында келесі жарқыраған жұлдыз туды.

Бүгін – есімі Ислам тарихының маңызды кезеңдерімен байланысты Исламның ұлық пайғамбарының  немересі хазірет Зейнабтың туған күні. Хазірет Зейнабтың өмірі туралы көп сөз айтылып, жазушылар мен зерттеушілер өз көзқарастары бойынша ұлы банудың өмірін зерттеп, сараптады. 

Хазірет Зейнаб өмірін бақыт пен кемелдіктің орталығында бастады. Ол күн сайын Алла елшісінің мейіріміне бөленіп, әкесі хазірет Әлиден (ғ.с.) білім алып, көркем сөзін естісе, рухы анасы хазірет Фатиманың (ғ.с.) мейірімінің етегінде тыныштық табатын. Бірақ, оның атасы Пайғамбар мен анасы хазірет Фатиманың (ғ.с.) қасындағы өмірі жылдам өтіп, екі тұлға дүниеден озғаннан кейін хазірет Әли (ғ.с.) қызы Зейнабқа сүйенді. Хазірет Зейнабтың болмысында білім мен амал, пәктік пен адалдық тоғысып, Құрайыш пен Хашим әулеттері әйелдері арасында қырағылығы, сабырлығы мен ақылына байланысты «Ағеле» яғни, «Ақылды» деген лақап атқа ие болды. Хазірет Зейнап әйелдер білім алуға көңіл бөлмеген кезде Медине әйелдеріне сабақ беріп, Құранның көркем аяттарын қызық әрі терең тәпсірлейтін. Хазірет Зейнаб  бұл сүннетті  әкесі Куфеде өмір сүрген кезде де жалғастырды. Ол әйелдермен ғана емес, қоғамның басқа таптарына да білім берді.

Хазірет Зейнабтың ерекшеліктерінің бірі батылдығы болды. Сондықтан зияратнамасында «Хашими әулетінің арыстан әйелі» деген лақаппен аталды. Ахлақ ғылымының ұстаздары батылдықты үш деңгейге бөледі: бірінші деңгейі басқалардан, әсіресе зорлықшылдардан қорықпау; екінші деңгейі біріншіден жоғары, яғни, нәпсіні бақылауға алу; үшінші деңгейі батылдық, яғни, құлдыраулар мен шарықтауларға бағынбау. Хазірет Зейнаб батылдықтың үш деңгейіне де ие болды.

Ашура күні имам Хусейн (ғ.с.) шәһид болар алдында хазірет Зейнаб дұшпанның қылыштарының ортасында «Сендердің араларыңда бір мұсылман жоқ па?» Деп айқайлады.  Имам Хусейн (ғ.с.) шәһид болған соң өзі тұтқынға түскен кезде Ибн Зиядтың жиынында оған немқұрайдылық танытып, оны кемсітіп,  н оны қылмыскер деп атап: «Бізді хазірет Мұхаммадтың (с.ғ.с.) набаватымен құрметтеп, жамандықтар мен ластықтардан алыстатқан Аллаға рақмет. Қылмыскер мен өтірікші бізден емес»,- деді. Ибн Зияд оған бұрылып: «Көрдің бе, Алла сендерге қандай қиындық тудырды?. Имамдарыңды өлтіріп, сендерді тұтқынға алдық»,- деген кезде хазірет Зейнаб: «Біз Кербалада жақсылық пен сұлулықтан басқа еш нәрсе көрмедік»,- деді. Содан соң халықты Ибн Зиядқа қарсы көтеру үшін айтқан құтпасында: «Шәһид болу мен тұтқындық – біздің тағдырымыз. Дін мәңгілік қалады. Бірақ, сен жақын арада өлесің. Сондықтан кімнің әшкере болатынын көр!  Әй, Марджаненің перзенті! Анаң сен үшін аза тұтады»,- деді.

Язидтің жиынында да хазірет Зейнаб бар  батылдығымен қатаң сөз сөйледі. Язид өз сарайында жеңіске жеткенін тойлап, айналасына әскері мен елінің басшыларын жинап, тұтқындардың алдында күш-құдыреті мен  әмәвилердің ісін дұрыс деп көрсеткісі келді. Бірақ, хазірет Зейнаб Язид тудырған алаңдау мен үрейге толы жағдайда өзінің батылдығымен  оның құрған жобасын іске асыртпады.  Хазірет Зейнаб жанұясы мен имамын халыққа таныстырып, әмәвилердің үгіт-насихаттарын залалсыздандырды. Ол Язидке: «Уа, Язид! Сен Пайғамбардың дұшпанысың! Сенің өзің мен сені билік басына әкелгендер жақын арада залымдардың қандай жаман жерге баратынын түсінеді. Мәжбүр болған соң өзіңмен сөйлесіп тұрмын, әйтпесе сен сөйлесетін адам емессің»,- деп баса айтты.  

Исламның ұлық пайғамбары: «Ең батыл адамдар – нәпсілері мен талап-тілектерін бақылауға ала алатындар»,- деп айтқан болатын. Басқаша айтқанда, батыл адамдар – өздерінің нәпсілерін бақылап, барлық уәжіптерін, әсіресе намаздарын маңызды санап, мұстахабтарына немқұрайдылық танытпай, түндерді ояу Құран оқумен өткізіп, Алланың жаратылыстарына қызмет етіп, күнә, тіпті, мәкруһ жасаудан тартынатындар. Батылдықтың бұл деңгейі бірінші деңгейінен маңызды. Хазірет Зейнаб  бұл деңгейде Аллаға құлшылық етудің ең жоғары деңгейіне жетті. Өйткені, ол Аллаға толық иман келтірген адамның тек Одан басқа еш нәрсені ойламайтынын және тек Оның жолында ғана қадам басатынын жақсы түсінген болатын. Бұл – Алланың адамды жаратудағы негізгі мақсатының өзі. Алла Тағала  «Зарият» сүресінің 56-ші аятында:  «Жын мен адамзатты өзіме құлшылық қылуы үшін ғана жараттым»,- деп айтқан болатын.

Хазірет Зейнаб әкесі мен анасының ғибадаттары мен түнгі намаздарын жақыннан көрді. Ол Кербалада ағасы имам Хусейннің (ғ.с.) Тасуа күнінің түсінде бауыры Аббасқа: «Дұшпанға барып, бүгінгі түнде – Ашура күні қарсаңындағы  түнде мұрсат беруді сұра. Мұрсат болса, түнде намаз бен дұға оқып, Алладан кешірім сұраумен өткізейік. Алла Тағала менің намаз бен Құран оқып, дұға тілеуді жақсы көретінімды біледі»,- дегенін өз құлағымен естіген. Хазірет Зейнаб та сондай еді. Ол өмірі бойы түнгі намазын тастамаған, тіпті ең ауыр жағдайда, яғни Ашурадан кейінгі түні де, аға-бауырларынан айрылып, қайғыға батқан кезде де түнгі нәпіл намазын ұмытпаған Имам Хусейннің (ғ.с.) Фатима деген қызы: «Апам Зейнаб Ашурадан кейінгі түнде михрабта тұрып, дұға жасап, Алладан кешірім сұрады»,- дейтін.

Имам Саджад (ғ.с.): «Имам Хусейн (ғ.с.) қоштасу үшін шатырларға келген кезде хазірет Зейнабқа «Қарындасым! Түнгі намазыңда мені ұмытпа» деді»,- деп есіне алатын. Үлкен мен кіші, ер мен әйел оның дұғасын қажет ететін пәк имамның бұл сөздері хазірет Зейнабтың құлшылық етудің жоғары деңгейіне жеткенін көрсетеді.

Бірақ, батылдықтың ең жоғары деңгейі адамның өз өміріндегі жеңісі немесе жеңілісіне байланысты ең үлкен оқиғамен  бетпе-бет келген кезде сабыр сақтап, ұстамдылық білдіру саналады. Өйткені, адамның өмірі кейде ойлағанына сай, кейде керісінше, үнемі өзгеріп тұрады. Өмірде әр адам шарықтаулар және құлдыраулармен кезігеді. Тұтқынға түсу әрбір адам үшін дауылды теңізге түскенмен бірдей. Бірақ, хазірет Зейнаб тұтқынға түскен кезде де міндеттерін жақсы орындады. Басына түскен қиындықтар оны белсенділігінен бас тартқыза алмады. Ол Ашура оқиғасынан кейін далада бет-бетіне кеткен балалар мен әйелдерді жинап, оларға қорған болды. Содан соң басы кесілген ағасының мәйңтінің қасына барып, жылап-еніреудің орнына дұшпанды таңғалдырып, ағасының денесін сәл демеп: «Уа, Алла! Мына құрбанды бізден, Пайғамбар әулетінен қабыл ал»,- деді.

 

 

 

 

Тегтер