1397 жылдағы Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесінің өзгерістері
(last modified Mon, 08 Apr 2019 16:04:00 GMT )
Сәу 08, 2019 22:04 Asia/Almaty
  • 1397 жылдағы Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесінің өзгерістері

Бұл бағдарламада Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесі мен Бахрейнде 1397 жылы болған ең маңызды өзгерістерге шолу жасалады.

Өткен жылы Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесінде бәрінен бұрын ішкі қайшылықтардың белгілері байқалып, кеңес тарау қаупімен бетпе-бет келді.

Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесіндегі ішкі қайшылықтардың шарықтау шегі желтоқсанда эр-Рияд қаласында болған отырысында байқалды. Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесіне мүше елдер басшыларының отырысы жыл сайын желтоқсан айында өтеді. 2017 жылы Кувейтте өткен отырысқа Сауд Арабиясы, БАӘ мен Оман елдерінің басшылары қатыспады. 2018 жылғы эр-Риядтағы отырысқа Катар әмірі қатыспайды деп күтілген болатын, бірақ Оман патшасы Сұлтан Қамус та қатыспады.

Сауд Арабиясының патшасы Малек Салман Катар әмірін Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесінің 9 желтоқсанда эр-Риядта өтетін отырысына қатысуға ресми шақырды. Алайда Катар әмірі шейх Тамим эр-Рияд отырысына өзі қатыспауымен бірге, тіпті елінің Сыртқы істер министрін де жібермеді. Катар әмірі эр-Рияд отырысына елінің Сыртқы істер жөніндегі кеңесшісі Сұлтан әл-Мерихиді жіберді. Сөйтіп, іс жүзінде отырысқа төменгі деңгейде қатысатын болды. Катар әмірінің бұл қадамы іс жүзінде эр-Рияд отырысы беделінің түсуіне себеп болды.

Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесінің отырысы Сауд Арабиясы, БАӘ, Бахрейн мен Мысырдың Катармен араздасып, 2017 жылдың маусым айында Дохамен қарым-қатынасын үзіп, қайшылықтар күшейген жағдайда өтті. Бахрейннің Сыртқы істер министрі Халед бен Ахмад Але Халифе тоғызыншы желтоқсан отырысына дейін саудиялық "әш-Шарқ әл-Аусат" газетіне берген сұхбатында Катармен қайшылықтарын терең деп сипаттады. Ол, сондай-ақ, "Катар бұл ұйымдағы өзінің негізгі позициясына қайтып оралатын жолдардың бәрін жапты" деді.

Осындай жағдайда Катардың "әш-Шарқ" газеті де "Катар бұрынғыдай еркін болып қала береді" деген тақырыпта төрт елдің Катарды қоршауға алғанына тоқталып: "Тіпті отырыс өтетін жерде Катардың ұлттық әнұранын қойып, туын көтеру де бұл елді осы отырысқа қатысуға ынталандыра алмады. Катар бұрынғыдай дана басшысы мен батыл халқының арқасында берік қалып отыр. Тарих ешқашан жабық есіктің артында Катар үкіметі мен тәуелсіздігіне қарсы қастандық ұйымдастырған  үш ел – Сауд Арабиясы, БАӘ мен Бахрейнді кешірмейді",-деп жазды.   

Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесі өткен жылы ішкі қайшылықтардың жалғасуына куә болумен қатар, аймақтық мәселелерге қатысты мүше елдер позицияларының қайшылығына тап болды. Осы кеңес ішіндегі қайшылықтардың бірі ИИР-на қатысты болды. Бұл эр-Рияд отырысында айқын байқалды.  

Сауд Арабиясының патшасы Малек Салман эр-Рияд отырысында Иранды аймақ елдеріне қарсы жауластық саясат жүргізіп, басқа елдердің ішкі істеріне араласады деп тағы айыптады. Бұған қарамастан Кувейт әмірі Сабах әл-Ахмад әл-Джабер әл-Сабах саудиялық патшаның уәждерін теріске шығарып: "Біз ИИР-мен халықаралық келісімдер аясында жақсы қарым-қатынас орнатуды қалаймыз",-деді.

Мүше елдер қарым-қатынасындағы текетірестер жиынтығы мен мүше елдердің позицияларындағы қайшылықтар іс жүзінде бұл кеңестің тұтастықтан айрылуына себеп болды. Ал ұйымды сақтаудың маңызды көрсеткіштерінің бірі – тұтастық. Кувейт әмірі Сабах әл-Ахмад әл-Джабер әл-Сабах эр-Рияд отырысында кеңес мүшелері арасындағы қайшылықтардың жалғасуының оның тұтастығы үшін қатерлі қауіп екенін мойындады.

Осы жағдай Катардың Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесінен шығу ықтималы туралы сараптамалардың жазылуына себеп болды. Катардың ОПЕК-тен шығатынын жариялауы да күдікті арттыра түсті.  Катар өткен желтоқсанда 57 жылдан кейін ОПЕК-тен шығып, газ өндіруге бұрынғыдан көбірек көңіл бөлетінін мәлімдеді.

Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесінің эр-Рияд отырысынан кейін Катардың Сауд Арабиясымен текетіресі растала түсті. Өйткені, осы отырыстан тек бір апта өткен соң Катар Доха отырысын өткізді. Оған барлығы жоғары деңгейде қатысты. 2018 жылғы Доха отырысына ИИР Сыртқы істер министрі Мұхаммад Джавад Зарифпен қатар, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерреш пен БҰҰ Бас ассамблеясының басшысы Мария Фернанда Эспиноса Гарсес, Түркия, Жапония мен Оманның Сыртқы істер министрлері, сондай-ақ, Италияның Сыртқы істер министрінің Таяу Шығыс істері жөніндегі орынбасары және Нобель сыйлығының иегері Надя Мурад қатысты.

Катар осындай отырыс өткізу арқылы өзінің жалпы дипломатиясын Сауд Арабиясына көрсетумен қатар, іс жүзінде эр-Риядқа Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесіне мүше елдер басшыларының отырысына қатысудың оған маңызды емес болғанын білдірді. Осындай жағдайда Катар Сыртқы істер министрі Мұхаммад бен Абдулрахман Але Санидің осы отырыстағы сөздері аталмыш кеңестің іс жүзінде тарау алдында тұрғанын көрсетті. Мұхаммад бен Абдулрахман Але Сани Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесінің жұмысын сынап, оны сәтсіз кеңес деп сипаттап, аймақтық коалицияларды қайта қарастыру керектігін айтты. Ол Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесінің Доха мен Парсы шығанағы аймағындағы көршілес елдер арасындағы дағдарыс салдарынан әлсірегенін айтты.

Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесіне мүше елдер арасында Сауд Арабиясы мен Бахрейннің ішкі өзгерістері басқа мүшелерден маңыздырақ болды. Арнайы бағдарламада Сауд Арабиясының өткен жылдағы өзгерістеріне тоқталамыз. Бүгінгі бағдарламада Бахрейннің өткен жылдағы өзгерістерін қарастырамыз.   

Өткен жылы Бахрейндегі Але Халифе режимінің адам құқығы тарихында қара даққа толы оқиғалар жалғасты. Бұл жылы Але Халифе режимі 9 бахрейндік азаматты өлім жазасына кесіп, 147 азаматты өмір бойына бас бостандығынан айырды. "Әл-Вефақ" исламдық қоғамының бас хатшысы шейх Әли Салманның есімі де өмір бойына бас бостандығынан айырылғандардың арасына енді.  Осындай жағдайда 300-ге жуық адам азаматтықтан айырылды. 2012 жылдан бері Бахрейнде азаматтықтан айырылғандар саны 800 адамнан асты. Азаматтықтан айырылғандар арасында өткен жыл бойы үй қамауында болған Бахрейн шиіттерінің басшысы шейх Иса Ғасем сияқты тұлғалар бар.

Мұнымен қоса, Але Халифе режимі 2018 жылдың қараша айында Бахрейнде Парламент және қала кеңестері сайлауын өткізді. Бұдан бұрын Але Халифе режимі Бахрейндегі ең маңызды оппозициялық партия "Әл-Вефақ" исламдық қоғамын таратқан болатын. Сондықтан 2018 жылдың қараша айындағы сайлауда оппозициялық партиялар болған жоқ. Халықтың көбі сайлауға байкот жариялады. Адам құқығы ұйымдары бұл сайлауды биліктегі азшылықтың бұйрығымен өткізілген сайлау деп атады.

 

Тегтер