20 фарвардин – республикалық ядролық технология күні
(last modified Tue, 09 Apr 2019 05:51:42 GMT )
Сәу 09, 2019 11:51 Asia/Almaty
  • 20 фарвардин – республикалық ядролық технология күні

20 фарвардин Иранда республикалық ядролық технология күні деп аталған. Хиджри шамси күнтізбесі бойынша 1385 жылдың фарвардин айының жиырмасы, сәйкесінше 2006 жылдың сәуір айының тоғызы күні ирандық ғалымдар уран байыту технологиясына қол жеткізді.

Ирандық ғалымдар мен мамандардың уран байыту саласындағы жетістіктері және Иранда жасалған центрифугалармен уран байытатын толық желінің іске қосылғанын Атом Қуаты Халықаралық Агенттігіне (АҚХА) жариялануымен Иран бейбіт мақсатты уран байыту технологиясына ие елдердің қатарына қосылды. Бұл хабардан кейін Мәдени революция жоғары кеңесінің шешімімен исламдық Иранның жас ғалымдарының мақтан тұтарлық талпыныстарына алғыс ретінде фарвардин айының жиырмасы республикалық ядролық технология күні деп бекітілді.

Ядролық технология – табиғи уранды атомдарын бөлшектеу арқылы байытылған уранға айналдыру үшін мүмкіндік. Бұл технология ғылым мен өнеркәсіпте кең қолданыс тапты. Ядролық технология заманауи ғылымдардың бірі саналады. Бүгінде ядролық ғылымның адамзат өміріне әсерін теріске шығаруға болмайды.

Ядролық ғылым – тұрақты даму үшін қажет негізгі ғылымдардың бірі. Ядролық қару шығару мен таратуға тыйым салатын хаттама бойынша, ядролық ғылымға қол жеткізу – сол хаттамаға қосылған және оған табанды әрбір елдің заңды құқығы. Бүгінде бұл ғылымға әлемнің шамамен 10 мемлекеті ие. Ядролық энергия көптеген салаларда қолданылады. Ядролық ғылымға ие болу – көптеген мемлекеттердің арманы.

Өткен жарты ғасырда ядролық технология өнеркәсіп, ауылшаруашылығы және медицина салаларында маңызды рөл атқарды. Ядролық ғылым емге  көнбейтін ауруларды анықтау және емдеу үшін қолданылатын радиоизотоптарды шығару, электр қуатын өндіру, әсіресе сапалы ауылшаруашылық өнімдерін шығару салаларында да қолданылады. 

Иранның Атом қуаты ұйымының басшысы Әлиакбар Салехи: «Біз 10 жыл бойы 20 пайызға байытылған уранды сатып алу үшін АҚХА-не хат жаздық. Олар біз үшін шарт қойды. Мен сол кезде АҚХА-нің бұрынғы басшысы Әл-Барадей мырзамен кездесіп, сөйлестім. Әл-Барадей маған америкалықтар мен ресейліктердің жазған бейресми хатын көрсетті. Олар хатта 20 пайызға байытылған уранды бізге беру үшін көптеген шарт қойған. Мен Иранға оралған соң сол кездегі еліміздің Президентіне олардың бұл шарттарды қою арқылы бізге 20 пайызға байытылған уранды бермейтінін айттым. Сондықтан біз өзіміз білегімізді түріп, 20 пайызға байытылған уранды өндіруге кірісуіміз қажет дедім. Кері жағдайда Теһран реакторының жұмысы тоқтап, радиодәрі шығару үдерісі қиындыққа тірелетін болды. Президент жұмысқа кірісуді бұйырды. Біз жұмысымызды бастадық»,- деп есіне алды. Сол кезде «Иран қоқан-лоққы жасап отыр. Иран 20 пайызға байытылған уран шығара алмайды» деген уәждер айтылды. Бірақ, Иран екі жылға жетпей нәтижеге жетті. Осы кезде Теһран реакторы 20 пайызға байытылған уранмен жұмысын жалғастырып жатыр. Жетістіктердің жалғасында Иран 2019 жылдың қаңтар айында бірінші рет Теһран реакторына қажет заманауи ядролық отын шығаруды бастады. Бұл жетістіктерге АҚШ Иранның бейбіт мақсатты ядролық бағдарламасын тоқтату үшін кез келген әрекетті пайдаланып отырған жағдайда қол жеткізілді.

Иран ядролық ғылымға ие болу жолында саяси, құқықтық және экономикалық салаларда шығындармен бетпе-бет келді. Сондай-ақ, Иранның ядролық ғылыммен айналысқан төрт ғалымы – Мостафа Ахмади Роушан, Масуд Әлиахмади, Маджид Шаһриари мен Дариуш Резаинежад лаңкестік әрекеттерде қаза болды. Иранның ядролық бағдарламасына қарсы әртүрлі қастандықты пайдалану, ядролық жұмыстарды тоқтату үшін «Стакс нет» вирусын қолдану осы саладағы дұшпандық әрекеттер болды. Бірақ, Иран халқы еш уақытта ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдалану құқығынан кейін шегінбейді. АҚШ Президенті Дональд Трамп «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасынан шығу туралы қоқан-лоққысынан кейін 2018 жылдың 8 мамырында аталмыш келісімнен шықты. Содан соң «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасына сай тоқтатылған санкцияларды қайтадан күшіне енгізді. «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасына қол қойылған соң Иран 8,10 және 15 жылдық ядролық шектеулердің кейбіреуімен келісіп, Агенттікпен толық ынтымақтастық жасады. Бірақ, АҚШ Иранның бейбіт мақсатты ядролық энергияны пайдалану құқығына қарсы әрекеттерін жалғастырғандықтан келісім Иранның заңды мүдделерін қамтамасыз ете алмады. Еуропалық мемлекеттер, Қытай мен Ресей АҚШ аталмыш келісімнен шыққаннан кейін Ираннан Американың жолын қайталамай, келісімнен шықпауды сұрап, келісімге қол қойған АҚШ-тан басқа барлық тараптар оны іске асыруды жалғастыру үшін талпыныс жасау керектігін баса айтты. Иран бұл ұсынысты қабылдап, өз мүдделерінің сақталуын шарт етіп қойды.

Иран Атом қуаты ұйымының басшысы Әлиакбар Салехи Еуроньюске берген сұхбатында: «Иран «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасынан шығып, оған дейінгі жағдайға оралуға шешім қабылдаса, уранды 20 пайызға байыту жұмыстарын 4 күнде бастауымен бірге  уранның металлын өндіру зауытын іске қосуға қажет жұмыстарды да бастай алады»,- деді. Иран мен еуропалық үш мемлекет – Британия, Франция мен Германия  Иранның экономикалық мүдделеріне кепілдік беріп,  Иранмен қаржы, сауда және энергетикалық салалардағы байланыстарын жалғастыруға  бағытталған SPV деген арнайы қаржы механизмін іске асыруға шара қолданбақ болды.

Ислам революциясының жетекшісі аятолла Хаменеи  хиджри шамси күнтізбесі бойынша жаңа жылдың  бірінші күні имам Резаның (ғ.с.)  қасиетті кесенесінде жиналған зияратшылардың алдында жасаған маңызды баяндамасында Иран мен Еуропа арасындағы қаржы желісінің еш мәні жоқ екеніне тоқталып:  «Тарихи тәжірибелер мен батыстықтардың әрекеттеріне шолу жасау олардан қастықтар мен қылмыстарды және арқадан қанжар салуды күтуге болатынын көрсетті. Біз олардың көмегін, адалдығы мен қолдауын күтпеуіміз керек»,- деді.

Бүгінгі күні ИИР-ның атауы ядролық ғылымға ие мемлекеттердің қатарында орналасқан. 20 фарвардин елде республикалық ядролық технология күні деп аталды. Бұл – ұлы халықтың өзінің заңды құқығына жетуі үшін билеп-төстеуші елдерге қарсы табандылық білдіруінің белгісі.