Теһран кітап көрмесіне 32 жыл
Сәуірдің 24 күні Теһран халықаралық кітап көрмесінің ашылу рәсімі өтті. Бұл халықаралық кітап көрмесі "Оқу – қолдан келу" деген ұранмен 24 сәуір-4 мамыр күндері Теһрандағы имам Хомейни атындағы "Мосалла" кешенінде өтеді.,
Теһран халықаралық кітап көрмесі жыл сайын сәуірдің аяғында өткізіледі. Бұл көрме – Ирандағы ең ірі мәдени оқиғалардың бірі. Оның бірінші кезеңі 1987 жылы өтті. Сол кезден бүгінге дейін көрме жыл сайын кітапқұмар миллиондаған адамды қабылдап келеді.
Теһран кітап көрмесін өткізу адамдардың кітап сатып алуына жағдай жасау және кітапханалардың ғылыми дереккөздерін қамтамасыз ету тұрғысынан баспа индустриясын дамытуға берілген мүмкіндік. Мұнымен қоса, көрме кезінде кітапты қадірлеу үшін мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың әріптестігімен әртүрлі бағдарламалар атқарылады. Биыл 2400-ге жуық баспагер 300 мың кітаппен отандық баспалар бөлімінде, 800 шетелдік баспагер шамамен 137000 кітаппен халықаралық баспалар бөлімінде, Иранның 155 қоғамдық баспасы, 355 балалар және жасөспірімдер баспасы, 300 университеттік баспасы мен 100 сандық баспасы Теһран халықаралық кітап көрмесіне қатысып жатыр.
Теһран халықаралық кітап көрмесі қиындықтар мен санкцияларға қарамастан бұрынғыдай өткізіліп келеді. Көрмеге көптеген елдердің қатысуы – осы сөзіміздің дәлелі. Халықаралық бөлімде 800 баспагер қатысып жатыр. Оның 150-і араб, 650-і латынтілді елдерге тиесілі. Бұл кезеңде 30 елдің өкілдері Иранға келді. Арнайы қонақ – Қытай елі.
ИИР 2017 жылы арнайы қонақ ретінде Қытайдағы халықаралық кітап көрмесіне қатысты. Қытай 2019 жылы Теһрандағы халықаралық кітап көрмесіне екі ел арасында қол қойылған протокол бойынша қатысып жатыр. Иранның Пекин халықаралық көрмесіне қатысуы халықаралық деңгейдегі ең табысты шаралардың бірі болды.
Қытай 94 баспагер және copyright жауапты тұлғалардан тұратын 200 адамдық делегациямен Теһран халықаралық кітап көрмесіне қатысуда. Қытай павильонының қонақтарына көрме ішінде 35 шара, сыртында 15 бағдарлама қарастырылған. Қытайдың Теһран халықаралық кітап көрмесіндегі бағдарламаларын ұйымдастырушы Лин Линг: "Біздің мақсатымыз – Қытайды таныстыру. Осы іспен Иран мен Қытай халықтарына кітап оқу арқылы бір-бірінің тартымдылықтарын көбірек тануға жағдай жасау қарастырылған",-деді.
Баспагерлерге 600 метр, ал суретшілерге 100 метр кеңістік берілді. Кітап көрмесінде Қытайдың 50 суретшісінің ондаған картинасы жұрт назарына ұсынылған. Иранның классикалық әдеби туындыларының қытай тіліне аудармасы бір ирандық баспаханада жүзеге асырылды. Бұл аудармалардың мақсаты – қытайлық оқырмандарды Иран елімен таныстыру.
Иран мен Қытай жазушылары мен зерттеушілерінің пікір алмасуына арналған 4 отырыс, Қытайдың үздік кітабын жариялау рәсімі, Қытай әңгімелері кітабының парсы тіліндегі нұсқасына қолтаңба қою рәсімі, Қытай кітаптары орталығын ашу рәсімі, Қытайдың мамандандырылған кітаптарын тікелей сату апталығы – осының барлығы Теһран халықаралық кітап көрмесінің арнайы қонағының бағдарламаларының қатарына жатады.
Теһран халықаралық кітап көрмесі үшін белгіленген мақсаттар аясында "Жаһандық кітап базары" әртүрлі мәдени ұйымдар мен орталықтар, баспаханалар, әдеби агенттіктер, отандық және шетелдік тәуелсіз ұйымдар, жазушылар, аудармашылар, суретшілер, баспа саласындағы мамандардың қатысуымен осы саланы таныту мен дамытуға көмектесетін бөлім болып табылады.
Осы бөлімнің халықаралық кеңістіктегі кейбір жұмыстары төмендегідей: ел ішінде белсенді әдеби агенттіктер мен шетелдік әдеби агенттіктерді тауып, шақыру; олардың белгілі бір қалыптарда қатысуын қолдау, шетелдік көрмелердің өкілдерін тауып, шақыру, баспагерлер, авторлар мен отандық ұйымдарды халықаралық деңгейге шығатын потенциалы бар туындыларды таныстыруға шақыру. Мұнымен қоса, жаһандық нарыққа жол тарту мақсатында баспалар арасында келіссөздер жүргізілу үшін көрмеде арнайы келіссөз орталықтарын ашу, copyright сату, көпжақты кездесулер өткізу, баспагерлер мен жазушылардың отандық және шетелдік әдеби агенттіктермен байланыс орнатуы мақсатында арнайы кеңістік беру, парсы әдебиетін таныстыру, халықаралық әдеби агенттіктерді осы салаға инвестиция салуға ынталандыру – осының барлығы "Жаһандық кітап базары" бөлімінің бағдарламаларының қатарына жатады.
Теһран халықаралық кітап көрмесінің оқу-ағарту баспалары бөлімінің ғылыми-мәдени директоры осы бөлім мен ғылыми-мәдени отырыстар залында 60-тан аса бағдарлама өтетінін хабарлады. Отырыстардың тақырыптары әрқилы. Олардың 20 пайызы кітаптардың тұсаукесер және қолтаңба қою рәсімдеріне арналған. Сондай-ақ, басқа бағдарламалар, соның ішінде семинар, мәдени стартаптармен таныстыру рәсімдері де қарастырылған. Балаларға арналған оқу бөлімдері, университеттік ұйымдар мен Ислам революциясына арналған баспалардың әріптестігімен туындыларды сынап, талқылау өткізуді де Теһран кітап көрмесі аясында атқарылатын бағдарламалардың бірі деп атауға болады.
26 сәуір Қарсыласу күні деп аталған. Бұл күні Палестинаның дүниежүзілік жүлдесі плакатының таныстырылымы болды. 32-ші Теһран халықаралық кітап көрмесі басшысының мәдени істер жөніндегі орынбасары доктор Мохсен Джавадидің қатысуымен өткен бұл шараға Палестинаны азат ету қозғалыстарының әртүрлі өкілдері, қарсыласу саласындағы отандық және шетелдік баспагерлер қатысты. "Модафеин-е харам" – қасиетті жерлерді қорғаған 5 шәһидтің жанұяларын құрметтеу осы күнде атқарылған шаралардың бірі болды. Сонымен қатар, "Әдебиеттің исламдық қарсыласу мәдениетін таратудағы рөлі" тақырыбында отырыс өтті. Қарсыласу шәһидтерінің конгресі мен "Модафеин-е харам" – қасиетті жерлерді қорғаушылар тарапынан басылып шыққан туындылардың тұсаукесер рәсімін өткізу осы күнде атқарылатын шаралардың қатарына жатады.
32-ші Теһран халықаралық кітап көрмесіне байланысты ИИР Кітап үйінің Ислам революциясы жеңісінің 40 жылдығына орай жариялаған статистикалық мәліметтеріне қысқаша шолу жасаймыз. Кітап үйінің ақпарат банкіне сәйкес, х.ш.ж.с.б. 1396 жылдың соңына дейін елде 1 млн 230 мыңнан астам кітап жарық көрді. 40 жыл ішінде басылып шыққан кітаптардың саны жыл сайын ұдайы өсіп келеді. Тек х.ш.ж.с.б. 1391 жылы, яғни он бірінші үкіметтің соңында халықаралық санкциялар, қатты инфляция мен қағаз бағасының күрт өсуі салдарынан кітап өндірісінде тоқырау болды. Биыл да АҚШ үкіметі тарапынан санкциялар қайта салынғанына байланысты валюта құны көтеріліп, қағаз бағасы қымбаттады. Бұл белгілі бір дәрежеде баспа саласына әсер етті.
Ислам революциясынан кейінгі 40 жылда Кітап үйінің ақпарат банкінде тіркелген алғаш және қайта басылып шыққан кітаптардың жалпы саны х.ш.ж.с.б. 1396 жылдың соңына дейін 1 231 510 данаға жетті. Бір жылда ең көп басылып шыққан 99 114 дана кітап 1396 жылға тиесілі.
Статистикалық мағлұматтарға шолу жасағанда Ислам революциясынан кейінгі жылдары басылып шыққан кітаптар санының артқанын байқаймыз.
Кітаптар тақырыбының саны, яғни мазмұн тудыру тұрғысынан даму мен өсу Ислам революциясына дейінгі кезеңмен салыстыруға келмейді. Ислам революциясынан кейін мәдениетке қатысты ешбір салада кітаптың санындай даму мен арту байқалмайды. Екінші онжылдықтағы кітап саны бірінші онжылдықпен салыстырғанда 272 пайызға жуық, ал үшінші онжылдықта екінші онжылдықпен салыстырғанда 394 пайызға өсті. Төртінші онжылдықтың алғашқы 6 жылы үшінші онжылдықтың бүкіл көрсеткішіне тең болды. Кітап саны онжылдықтарға бөлгенде төмендегідей:
Бірінші онжылдық – 35025 кітап
Екінші онжылдық – 95 364 кітап
Үшінші онжылдық – 375 261 кітап
Төртінші онжылдық – 726 860 кітап.
Кітап үйінің ақпарат банкінде кітаптар 12 негізгі тақырыпқа бөлінген: жалпы, философия және психология, дін, әлеуметтік ғылымдар, тіл, жаратылыстану және математика, практикалық ғылымдар, өнер, әдебиет, тарих, география мен соған қатысты ғылымдар, балалар мен жасөспірімдер бөлімі, оқулық кітаптар.
Кітаптар түр тұрғысынан әралуан: мәтінтану, зерттеу, жазу, құрастыру, аудару, жырлау және т.д.
Ислам революциясынан кейінгі 40 жылда Кітап үйінің ақпарат банкінде тіркелген кітаптар жиынтығынан 960 207 кітап (78 пайыз) жазылған, ал 272 303 кітап (22 пайыз) аударылған.
Қорытындылай келе айтарымыз, Ислам революциясынан кейінгі 40 жылда Кітап үйінің ақпарат банкінде тіркелген жалпы 1 232 510 кітаптың 77 пайызы Теһран облысында, 16 пайызы Құм, Хорасан-е Разави және Исфаһан облыстарында, ал 7 пайызы Иранның басқа өңірлерінде басылып шыққан.