Түрлі діндердегі ораза (3)
(last modified Sat, 25 Apr 2020 04:43:49 GMT )
Сәу 25, 2020 10:43 Asia/Almaty
  • Түрлі діндердегі ораза (3)

Христиан дініндегі ораза Бұл бағдарламада христиан дініндегі ораза жайлы сөз қозғаймыз.

Ораза – Құдай әмір етіп, барлық илаһи кітаптарда аталған ғибадат ғамалы. Пайғамбарлар тарихында айтылғандай, хазірет Иса (ғ.) хазірет Мұса (ғ.) сияқты 40 күн, 40 түн халықтан оқшауланып, ғибадат етіп, ораза ұстаған. Иса (ғ.) ауыз бекітіп, тәубеге келіп, Құдайға жақындау үшін қырық күнге далаға кеткен. Сол кезде оған шайтан келіп, оны азғырып, Құдайдан қапыл қалдыруға тырысқанымен хазірет сынақтан абыроймен өтіп, шайтанды жеңеді. Христиандардың көзқарасы бойынша, Исаның (ғ.) 40 күнге оқшаулануы Құдайға жақындау үшін сыйыну, ораза ұстау және тәубеге келумен қатар жүретін өзін-өзі қалыптастыру және ойлануға дайындалған кезең болды. «Інжілде» айтылғандай, «Сол кезде Ібіліс Исаның (ғ.) рухын тексеру үшін оны азғырды. Сөйтіп, ол 40 күн, 40 түн ораза ұстап, аштықтың дәмін қатты татты».

Хазірет Иса (ғ.) пайғамбарлыққа таңдалып, миссиясы басталғанға дейін мүмін яһуди сияқты әрекет еткені анық. Ол яһуди дініндегі ораза күндері, соның ішінде Кипур күні ауыз бекіткен. Бұл яһуди дініндегі сенім негізінде болды. Тарихтан көргеніміздей, яһуди дінінің дәстүрлері мен рәсімдері хазірет Исаның (ғ.) заманында кең таралған. Ораза ұстап, ішіп-жеуден тыйылу, үнсіздік сақтау мен тағы басқа рәсімдер орындалған. Хазірет Иса (ғ.) оразаға сөз жүзінде де, іс жүзінде де көңіл аударған. Оның шәкірттері, яғни «хауариун» да оразаға көңіл бөлген. Джеймс Хакс осыған қатысты былай дейді: «Бұрынғы замандарда «хауариун» мен христиан мүміндердің өмірі ойлар, ләззаттар, сансыз талпыныстар мен оразаларға толы болған».

«Төрт Евангелиеде» де ораза жайлы айтылып, ораза ұстаушы мадақталғанымен, ол екіжүзділіктен сақтануға шақырылған. «Төрт Евангелие» оны құрастырған төрт адамның атымен «Матфей Евангелиесі», «Марк Евангелиесі», «Лука Евангелиесі» және «Иоанна Евангелиесі» деп танылған.

«Матфей Евангелиесінің» 6-бабының 16-18 аяттарында ораза жайлы былай деп жазылған: «Ораза кезі болғандықтан екіжүзділер сияқты түнеріп жүрудің қажеті жоқ. Өйткені олар халықтың алдында ораза ұстанғандай көріну үшін түрлерін өзгертеді. Олар өздеріне лайық сыйларын алды деп айтамыз. Бірақ сен ораза ұстап жүргендіктен басыңды майлап, бетіңді жу. Сонда халық алдында ораза ұстағандай болмайсың, жасырынған әкеңнің алдында боласың. Болмысыңдағы жасырын әке сені әшкере жазалайды».

Хазірет Иса (ғ.) осы сөзінде жақтастарын іс жүзінде екіжүзді болу деген жағымсыз қатынастан бас тартуға шақырып, екіжүзділікпен ұсталған оразаны қабылдауға болмайтынын айтқан.

Христиан зерттеушісі доктор Томас МакЕлвейн осы жөнінде былай деді: «Бірақ Иса (ғ.) оразаны қалай ұстау керектігін айтпаған. Өйткені оның қауымы ораза ұстау рәсімін білген. Бұл ораза қазір христиандар ұстап жүрген ораза, яғни белгілі бір тағам түрлерін жеуден бас тартумен бірдей ме? Жоқ. Бұл оразада ішіп-жеуден толық бас тартылады. Мұсаның (ғ.) таудың басына шығып ораза ұстағаны сияқты. Былай ораза ұстау Исаның (ғ.) заманына дейін өзгермей сақталған. Матфейдің айтуынша, Исаның (ғ.) өзі осылай ауыз бекіткен».

«Матфей Евангелиесінде» хазірет Мұса (ғ.) мен хазірет Иса (ғ.) туралы екі бөлек жерде былай деп жазылған: «40 күн, 40 түн Құдайдың жанында болды. Нан жемеді, су ішпеді. Ол Өсиеттің сөздерін, яғни 10 парызды тақта бетіне жазды». Келесі бір бөлігінде «Сол кезде Иса (ғ.) рухтың бастауымен айдалаға апарылды. Сонда оны Ібіліс сынады. 40 күн, 40 түн ораза ұстағаннан кейін ақыры ашықты» деп жазылған. Демек, Иса (ғ.) өткен пайғамбарлар сияқты 40 күн, 40 түн ораза ұстап, ішіп-жеуден бас тартқан.

Христиандар да басқа діндердің өкілдері сияқты ораза мен тартынуға сенеді. Христиан дінінде бір-бірінен айырмашылығы бар екі сөз «ораза» мен «тартынудың» барын білгендеріңіз жақсы. Бас тарту рәсімдерін орындайтын кезде тек ет жеуге тыйым салынады, ал ораза ұстайтын кезде етпен қоса, басқа да тағам түрлері және тамақ ішу ретіне шектеу қойылады.

Христиан дінінің негізгі үш тармағы – католицизм, православие мен протестантизм мазхабтарында ораза ұстаудың айырмашылығы бар.

Пасха мерекесіне дейінгі 7 сәрсенбі оразасының алғашқы күні Батыс шіркеулерінің күнтізбесінде Ash Wednesday, яғни «Күл сәрсенбі» немесе «Тәубе сәрсенбісі» деп аталады. Бұл күні христиандар шіркеулерде күлмен аластатылады. Шіркеу қызметкері әрбір адамның маңдайына күлмен крест салады. Күл өлімнің символы әрі күнәларға өкінуді білдіреді. Діншіл адамдар осы 40 күнде (6 апта) Пасха мерекесіне жеткенге дейін тартыну керек деп санайды.

Католиктер «Күл сәрсенбі» күні христиандардың оразасының бірінші күнінен «Крест жұмасына» (Пәк жұма күні Иса (ғ.) айқышқа тартылған деп саналады) дейін ораза ұстайды. Мұнымен қоса,  шынайы діншілдер католиктердің тәубе ететін LENT  кезеңінің жұма күндері ет жеуден бас тартады. Католиктерге ғасырлар бойы жылдың барлық жұма күндері ет жеуге тыйым салынған болатын. Алайда 1960 жылдардың ортасынан бастап LENT кезеңінен басқа барлық жұма күндері ет жеуге рұқсат етілді.

40 күндік рәсімде католиктер үшін екі қарапайым ас пен бір әдеттегі тағам жеуге рұқсат берілген, бірақ ет жеуге тыйым салынған. Басқа жұма күндері ерікті түрде ораза ұстауға болады. Кейбір католиктер жұма күндері оразаның орнына тәубеге келеді немесе арнайы дұғалар оқиды.

Католиктер ораза адамның физикалық талап-тілектерін ауыздықтап, күнәларынан тәубеге келіп, кедейлерге тілеулестік білдіруге көмектеседі деп санайды.

Католицизмге жақын православие рәсімінде шығыс-христиан шіркеуінің ұстанушыларында ораза мен тартыну үшін әртүрлі кезеңдер белгіленген. Оларда Пасха мерекесіне дейін 40 күндік оразамен қоса, апостолдар (APOSTELS) оразасы, қасиетті Мәриәмнің миғражына (DORMITION) арналған ораза, Исаның (ғ.) туған күніне (NATIVIT) арналған ораза және біркүндік бірнеше ораза бар. Православие тармағында барлық сәрсенбі және жұма күндері ораза күндері саналады. Тек кейбір апталарда ораза ұстамауға болады.

Бұл тармақтағы ораза тәсілі бойынша, әдетте ет, сүт тағамдары мен жұмыртқа жеуге тыйым салынады. Православтар үшін оразаның кейбір күні балық жеуге рұқсат етілген, ал басқа кездерде тыйым салынған. Олар ораза адамды сараңдық, ашкөздік пен қомағайлыққа қарсы тұруға үйретіп, Алланың рақымына бөленуіне себеп болады деп есептейді.

Протестанттар рәсімінде ораза адамдардың өздеріне байланысты. Христиан дінінің бұл тармағында оразаның жалпыға ортақ заңы жоқ. Ол адамдар, шіркеулер, ұйымдар мен қоғамдардың таңдауы бойынша орындалады. Кейбір адамдар ораза күндері толығымен ішіп-жеуден бас тартады. Кейбіреулер тек  су мен жеміс шырынын ғана ішеді. Протестантизм рәсімінде ораза ұстаудың мақсаты – рухты нығайту; азаматық немесе саяси қоғамға Хақтың сөзін жеткізу.

Христиан дінінде «ораза» мен «тартыну» деген екі сөз бар. Олардың бір-бірінен айырмашылығы мынада: «тартынатын» күндері тек ет жеуден бас тартылады; ораза кезінде етпен қоса, тағам жеу және тамақтану ретіне шектеу қойылады.

Христиандар жүректерін Алла алдында жұмсарту, Құдайдың дауысын естіп, жетекшілігіне жүгіну, асау нәпсіні әлсіретіп, басып-жаншу үшін ораза ұстап, тартынады. Христиандардың сенімінше, Исаның (ғ.) қаны айқышқа төгіліп, ол көз жұмып, көміліп, қайта тірілгеннен кейін адамдар үшін күнәлардан құтқарылып, Құдайға жол табуға жағдай жасалды.

Бұл дінде риясыз ораза өте маңызды. Мұндай ораза өзімшілдіктен арылтып, жанпидалық жасап, кедейлерге жанашырлық танытуды үйренуге көмектеседі.

Иса пайғамбардың кітабының 58-тарауындағы 6-9 аяттарда: «Мен қалаған ораза зұлымдықты тұсаулап, бүліктің басын қайырып, жапа шеккендерді азат етіп, кез келген тынышсыздықты басу емес пе еді? Өз наныңды аш адамдарға бөліп беру және қуылған кедейлерді өз үйіңе әкеліп, жалаңаш жүрген адамды көрсең, киім беріп, өзіңдей адамдардан жасырынбау емес пе? Сол кезде сенің нұрың таңдай жарқырап атады. Сенің дұрыстығың жуырда ашық көрінеді. Сенің әділетің алдыңда қадам басатын болады. Алланың салтанаты сенің серігің болады. Сол кезде дұға етсең, Құдай сенің тілегіңді орындайды. Оны көмекке шақырғанда ол «қазір дайынмын» деп айтады»,-деп жазылған.  

 

Тегтер