Коронавирус кезіндегі Ялда
(last modified Sun, 20 Dec 2020 10:01:04 GMT )
Жел 20, 2020 16:01 Asia/Almaty
  • Коронавирус кезіндегі Ялда

Ялда түніне орай Ирандықтардың бағзы заманнан бері тойлап келе жатқан әдемі мейрамдарының бірі – Ялда түні. Ол күздің соңғы түні мен Жердің солтүстік жартышарында жылдың ең ұзақ әрі ең қараңғы түнімен тұспа-тұс тойланады. Бұл түнде түрлі рәсімдер орындалады. Ирандықтар әлі де көне дәстүрге ерекше маңыз береді. Бүгін кешке – күздің соңғы түні осы дәстүрлі мейрамды тойлайтын кез келді.

Бүгінгі бағдарламада Ялда түні мен онда орындалатын рәсімдер туралы сөз қозғаймыз. 

Ялда түні

Ялда түні немесе Челле түні – Иранның көне мейрамдарының бірі. «Ялда» сөзі суриани тілінен алынған, «туу» деген мағына береді. Бұл түннің бұлай атануының себебі мынада: Ялда түнінен кейінгі қыстың бірінші күнінде күн біртіндеп ұзарып, түн қысқара бастайды. Басқа сөзбен айтқанда жер қайта жанданады. Челле түні деп аталуының себебі: қыстың алғашқы 40 күні «үлкен шілде-челле», одан кейінгі 20 күн  «кіші шілде-челле» деп аталады. Бағзы заманда қытымыр қыстың шарықтау шегі үлкен шілдеде болады деп сенген.

Ялда түні мейрамы есте жоқ ескі заманнан басталады. Археологтардың көбі Ялда түні мейрамының тарихын 7 мың жыл бұрын басталды деп болжап отыр. Бірақ мамандардың айтуынша, Ялда түні ретінде ресми түрде танылған мереке  б.з.д. 500 жылға тиесілі. Ахеменилер патшасы Дарий I-дің кезінде бұл мейрам ресми түрде ирандықтардың күнтізбесіне енгізілген. Тарихи кітаптардың көбінде Ялда түні туралы айтылған. Ұлы ирандық ғалым әрі күнтізбетанушы Абу Райхан Бируни Ялда түнін «Үлкен милад» – Күннің тууы деп атаған.

Бағзы заманда адамдардың тіршілік негізі ауыл шаруашылығы болған. Олар жыл бойы мезгілдердің өтуін бақылап, табиғи қарама-қайшылыққа әдеттенген. Олар уақыттың өтуіне қатысты тәжірибелеріне сүйеніп, өз жұмыстарын Жердің Күнді айналуы, мезгілдің ауысуы, күн мен түннің ұзын-қысқалығы және жұлдыздардың қозғалысы мен орнына қарай реттейді. Олар өз тәжірибесіне сүйеніп мынаны түсінді: кейбір маусымдарда күндер ұзағырақ, сондықтан бұл күндері күннің сәулесі мен жылуын көбірек қолдана алады. Бұдан мынадай сенім туындады: Күннің нұры, жарығы мен жылуы – ізгілік пен келісімнің символы, ол зұлымдық және түннің қараңғылығымен күресіп, текетіреседі. Ежелгі заман адамдары, соның ішінде ирандықтардың түсінігінде ең қысқа күн күздің соңғы күні мен қыстың бірінші түнінде болады. Содан бастап күндер біртіндеп ұзарып, түндер қысқарады. Сол себепті оны «Күн туатын түн» деп атап, жылдың басы санап, тойлайды.

 Ялда түні құтты болсын!

Қазір де ирандықтар Ялда түні мейрамын ерекше бағалайды. Бұл түнде Иран халқы жанұя, ата-әже мен туған-туысқанның ортасында ұзақ түнді сауық құрып өткізеді. Түні бойы көз ілмей, күннің тууын күтіп, үлкендердің қиссаларын тыңдайды, мәтел айтып, жұмбақ жасырады, «Шахнаманың» дастандарын баяндайды, Хафиздің өлеңдерін оқып, бал ашады, жеміс-жидек, әсіресе анар мен қарбыз жеп, тәтті-дәмдімен шай ішіп, пісте мен шемішке шағады. Көне сенім бойынша, бұл түні Күн қара дию – қараңғылықты жеңіп, өз нұрымен халық өмірінен зұлымдық пен бақытсыздықты қуады. Сондықтан халық түнді таңға жалғайды.

Иран халқы Ялда түні ата-бабаларының дәстүрі бойынша дастархан жайып, айнала отырып, ескі уақыттан жаңа уақытқа өткендерін тойлайды. Кейбір аймақтарда бұл дастарханды «Хан-е шәб чере» деп атайды. Иранның әрбір өңірінде климаттық, әлеуметтік,  мәдени және әдет-ғұрыптық ерекшеліктерге байланысты түрліше дастархан жайылады. Алайда жалпы әрбір өңірде кең таралған күздік жеміс-жидектер, тәтті-дәмділер мен тіскебасарлар, соның ішінде пісте, бадам, жаңғақ, фундук пен кептірілген тұт мен інжір, әсіресе алма, анар мен қарбыз дастарханға қойылады. Бұл түнде қарбыз бен анар жеудің символикалық мәні бар. Халықтың сенімінше, бұл жемістерде дән көп, адамдар олардың дәндерінен ауыз тию арқылы өз бойларында өмір қуатын, бала сүю қабілетін арттырады. Сондай-ақ қарбыз бен анар қызыл болғандықтан қараңғы түндегі Күннің өкілі деп саналады. Бұл жиын-той таң атқанға дейін жалғасады.

Ялда түні құтты болсын!

Алайда биыл осы көне рәсімді өткізу COVID-19-дың таралуына байланысты басқа қалыпқа енді. Биыл елде және әлемді коронавирус жайлағанына байланысты халыққа алысқа бармай, үйде отыруға және бұрынғыдай ауқымды басқосу өткізбеуге кеңес беріліп жатыр. Өкінішке қарай, атқарылған шаралар мен енгізілген шектеулерге қарамастан кейбір елдердің дәрі-дәрмек жіберуге кедергі келтіріп отырғанына байланысты коронавирус әлі де Иранда күніне 200-300 адамның жанын алып жатыр. Иран денсаулық сақтау министрлігінің айтуынша, елде мақсаттандырылған шектеулер енгізілгеннен кейін коронавирусқа шалдыққандарды ауруханаға жатқызу үдерісі бәсеңдегеніне қарамастан, елдің көптеген облыстары мен қалаларының жағдайы әлі ушығып тұр. Сақтық шараларына немқұрайлық таныту көп адамның жан тапсыруына алып келіп, елде COVID-19 жұқтырғандар санын азайту жолындағы талпыныстарды еш етеді.

Осы түйткілді ескеріп, денсаулық сақтау саласының мамандары қоғамға «Әрбір жиын-той жақыныңды өлімге қиюмен тең» деген түсінік таратып жатыр. Биылғы Ялда да осындай қатерлі бола алады. Бір жанұяда желінген қарбыз бен анардың тәтті дәмі өлімнің ащы дәміне айналуы мүмкін. Сол себепті Иранның Денсаулық сақтау министрлігі Ялда түнін онлайн форматта өткізуге ұсыныс жасады. Мысалы, теледидарда Ялда түніне арналған ойындар мен жарыстар жобаланды, ата-апаларға ғибратты әңгімелер мен қиссалар баяндап, оны аудио немесе видео таспаға түсіріп, әлеуметтік желілер арқылы балалары мен немерелеріне жіберу үйретілді. Әлеуметтік желілерде ата-әжелердің жарыса қисса айту бағдарламасы басталды. Көп адамдар онлайн жиындар мен басқосулар өткізу арқылы Ялда түнін қарсы алады.

Өткен жылдары Ялда түнінде халыққа ұялы телефонды ысырып қойып, жанұя ортасында отырғаннан ләззат алуға кеңес берілген. Биыл керісінше, қуаныш пен шаттыққа кенеліп отыру үшін және қайта тыныс алу үшін алшақ болу керек, арақашықтықты сақтау қажет. Енді виртуалды кеңістікті пайдаланып, Ялда түні мерекесін тойлап,  аудио-видео байланыс орнатып, жылдың ең ұзақ түнін шектеу жағдайында өткізіп, бір-бірін құттықтау үшін  халыққа ұялы телефон көмекке келді.

Биылғы Ялда жиынсыз өтеді

Осылайша биыл Иран халқы коронавирус қатері төнген Ялда түнін өткізеді. Бұл түннің естелігін жылдар бойы баяндауға болады. «2020 жылғы Ялда түнінде вирустан ешкімді жоғалтпадық, шүкір» деп айтатын болады.

Ираның ұлы ақыны Сағди Ширазидің Ялда түні туралы өлеңі:

 

Бойымды жайлаған ауыр дертке қарамастан, емделуге үміттімін,

Өйткені бұл – Ялда түндерінің бірі.

 

Осы өлең жылдың ең ұзақ түнінен кейін ауру-сырқаудан арылтатын ақ таңның ататынына үміт сыйлайды. Бүгін біз де Иран халқын сақтық шараларын сақтап, ақ халатты абзал жандарға тілеулестік білдіріп, жауапкершілікпен әрекет ету арқылы вирусты жеңіп, ақ таңға жетуге болатынына сендіреміз.  

Тегтер