«Фаджр» онкүндігі: Ислам революциясынан кейінгі кинематография
(last modified Wed, 10 Feb 2021 11:39:55 GMT )
Ақп 10, 2021 17:39 Asia/Almaty
  • «Фаджр» онкүндігі: Ислам революциясынан кейінгі кинематография

Бұл бағдарламада Иран Ислам революциясының өнер мен кинематографияда жаңа жанрдың туындауына әсері жайлы сөз қозғаймыз.

Ислам революциясының «Фаджр» онкүндігінде «Ислам революциясынан кейінгі кинематография» атты бағдарламаны назарларыңызға ұсынамын. Бұл бағдарламада революциялық өнермен таныстырумен қоса, революциядан кейінгі Иранның көрнекті кинематографиясына шолу жасаймыз.

Ислам революциясы Иран халқының ұзақ жылғы күресінен кейін 1979 жылы ақпан айында жеңіске жетіп, ел өмірінің барлық салаларына түбегейлі өзгеріс енгізді. Жалпы әрбір революция өзгеріспен қатар жүреді. Жағдайды жақсартуға талпынып, өзгеріс жасау – барлық революциялардың негізгі ерекшеліктерінің бірі. Иран Ислам революциясы исламнан тамыр алған көрсеткіштер мен принциптер негізінде қалыптасты. Соның ішінде жанкештілік, жанпидалық, әділет талап ету мен зұлымдықпен күрес бар. Сол себепті Иран революциясы – дін мен ақлаққа негізделген теңдессіз революциялардың бірі.

Бұл революция саяси-әлеуметтік салаларға өзгеріс енгізумен қоса, өнер саласына да оң әсер етіп, революцияның алғашқы жылдарында-ақ көптеген өнерпаздарды өзіне тарта алды. Олар өнерде өзгеріс тудыру үшін іске кірісіп, шынайы адамдық және революциялық ойлар көрініс тапқан туындылар тудырды.   Революция өнері көтеріліс барысында туындаған құндылықтарды қорғауға және сақтауға жұмылды. Өнер иелері жылдар бойы революцияның армандарына берік болып, оны көбірек көрсетуге күш салды. Олар құнды өнер туындысын жасап, онымен бір мезгілде адам мен адами құндылықтарға берік болып қалуға болатынын көрсетті. Шын мәнінде революция өнері сыртқы абстрактілік сұлулық үшін емес, керісінше өмірді көркейтуге, адамдардың жеке және қоғамдық өміріне әсер етуге бағытталған.

Ислам революциясы барлық өнер туындыларын илаһи және адами құндылықтармен байланыстырды және әрбір өнер иесінің революциялық өнер саласында қызмет етуіне жағдай жасады. Революцияның маңызды қадамдарының бірі – адамды тәрбиелеу және оны адами кемелдіктің шыңына жеткізу. Осы мақсатқа жету үшін бейнелеу өнері мен басқа салалардағы өнерпаздардың көбін жасампаздыққа шақырды. Революциялық өнерпаздардың ішінде суретшілер Әли Вазириан мен Махмұд Фаршчиан, кинематография саласында Маджид Маджиди, Ибраһим Хатамикиа, Камал Табризи, сейіт Реза Миркарими, ал ақындардан Хамид Сабзевари, сейіт Әли Мусави Гармаварди және тағы басқаларды атауға болады.

Революция өнерінің әртүрлі тармақтарының арасындағы маңыздылардың бірі – кинематография мен телевизия. Бұл – Иранның көрнекті өнері. Елдің іші мен сыртында «басты өнер» деген атпен танылған. Революциядан кейінгі жылдардағы оның тартымдылығын басқа өнер түрімен салыстыруға болмайды. Иран кинематографиясы әлемнің көне кинематографияларының бірі саналады. 1900 жылы қалыптасқан Иран кинематографиясы түрлі шарықтаулар мен құрдырауларды бастан өткерді. Ислам революциясына дейінгі Иран кинематографиясында өзгеріс тудырған кейбір толқындар мен жетістіктерді назардан тыс қалдыруға болмайды. Алайда бұл кинематография 1979 жылдан бастап басқа реңке ие болды.

Кинематография Ислам революциясы жеңіске жеткен кезде аса қуатты болмады. Бұл табиғи жағдай еді. Өйткені революцияға дейінгі орайластырылған фильмдер түсіру қалыбынан шығып, жаңа қатынасқа бейімделіп, ұйымдастырылуы тиіс еді. Біртіндеп  революцияға дейін фильмге түсуді қаламаған немесе қабілеттерінің көрінуіне жағдай жасалмаған дарынды өнерпаздар мен әртістер пайда болып, шын мәнінде құнды фильмдер түсіріле бастады. Кинематографияға жаңа жанр қосылды. Осылайша революцияға дейінгі тұрпайы фильмдер толқыны тоқтатылып, Иран мен аймақта жаңа мәдени ағым пайда болды.

Ислам революциясы жеңіске жеткеннен кейін әртүрлі өнер салаларындағы революцияға берік мұсылман өнерпаздар радио, телевизия мен кинематографияны қайта қарастырып, оларға түбегейлі өзгеріс енгізді. Осы арада медиа мен кинематография саласында нақты сын-пікірге ие ең көрнекті теоретик шәһид сейіт Мұртаза Авини болды. Мұртаза Авини – ирандық режиссер, деректі фильм түсіруші, журналист әрі өнерпаз. Оның Иран-Ирак соғысы туралы теледидарға арналған деректі фильмдері «Жеңіс рауаяты» деген атпен танымал.

Шәһид Авини өнер, әсіресе кинематографияға революциялық қатынас тұрғысынан қарады. Ол революция өнерін сипаттауда: «Бұл өнер батыстық өнердің қалыбы мен материалын алады, бірақ оған жаңа рух пен бейне сыйлайды. Нәтижесінде қалып пен материал тұрғысынан да батыстық өнерден ерекшеленіп тұрады. Келесі кезеңде өнердің материалы мен қалыбында да өзіндік рух пен сертке сәйкес өзгерістер енгізуге тырысу керек»,-деді. Шәһид Авини кинематографияны ұғымдарды дұрыс жеткізу құралы деп атайды. Шын мәнінде шәһид Авини исламдық-революциялық кинематографияның негізін қалап, исламдық өнердің ерекшеліктері, яғни жауапкершілік, адамдық көзқарас, шынайылық, Құдайды тануға ұмтылу және жалған ағымдармен күресуді өз туындыларында көрсетті. Сондықтан шынымен-ақ оны «Революция өнері» туралы идеяның алғашқы теоретигі деп атауға болады.

 

Революция өнері мен кинематографияда байқалған маңызды жайттардың бірі – фильмде және қоғамда жанұя негізіне көңіл бөлу және әйелдің қадір-қасиетін сақтау. Революцияға дейінгі фильмдерде де әйелдер мен ерлер ойнады, бірақ оған үстемдік еткен ақлақсыз кеңістік әйелдердің кәсіби әртіс болуына кедергі жасады. Ислам революциясынан кейінгі жылдарда әйелдердің кинематография саласында белсенді рөл атқарғанына куә болып отырмыз. Олардың әлемге айтары көп. Әйелдердің болмыстық қадір-қасиетіне баса назар аударылып, телевизия мен кинематографияда олардың жат қылықтан ада және басы артық әңгімесіз қызмет етуіне жағдай жасалды. Сондықтан бүгінде әйелдер Иран кинематографиясында фильмнің сатылымын арттыратын коммерциялық құрал ретінде пайдаланылмайды, олар әртістіктен бөлек кинематографияның басты рөлдері, соның ішінде жазушылық, режиссерлік және продюсерлік қызметтерде белсене іс атқарып жатыр.

Иран кинематографиясының мықты тұстарының бірі – ирандық фильмдердің түрлі кинофестивальдерге қатысып, беделді жүлделерге ие болуы. Халықаралық деңгейдегі бірде-бір кинематографиялық оқиға ирандық фильм түсірушілердің қатысуынсыз өтпейді деп сеніммен айтуға болады. Иран кинематографиясының мақтаныш себеті Оскар мен Канн сияқты беделді кинофестивальдердің жүлделеріне толы. Ирандық кинематографтардың осындай фестивальдерде жарқырай көрінуі қалыпты іске айналды.  

Иран кинематографиясы 14 жыл бұрын «Аспан балалары» атты фильммен алғаш рет «Оскар» жүлдесіне үміткер атанды. 12 жыл өткен соң «Надердің Симиннен ажырасуы» атты фильммен «Оскар» жүлдесіне ие болды. 2020 жылы Маджид Маджидидің «Хуршид» атты фильмі ИИР-ның өкілі ретінде әлемнің ең маңызды кинофестиваліне қатысты. «Хуршид» фильмі бұдан біраз бұрын Венеция кинофестивалінің жарыс бөліміне қатысып, жасөспірім әртіс Рухолла Заманиге «Жаңа дарын» жүлдесі табыс етілді.  

 

Иран кинематографиясының көрнекті өкілдері саналатын режиссерлер ретінде Ибраһим Хатамикиа, Мұхаммед Хұсейн Махдавиан, Сирус Алванд, Дариуш Мехрджуи және т.б. атауға болады.

Жалпы Ислам революциясының жетістіктерінің бірі – революция өнері. Ол түрлі өнер салаларына өзгерістер енгізіп, Иранда мақтануға тұрарлық кинематографияны қалыптастырып, оны революцияға дейінгі коммерциялық және ойын-сауық бағыттан динамикалық, ақлақтық және адам тәрбиелейтін кинематографияға айналдырды.

Тегтер