Алланың қонағы болатын айға – сәлем!
(last modified Fri, 01 Apr 2022 12:14:36 GMT )
Сәу 01, 2022 18:14 Asia/Almaty
  • Алланың қонағы болатын айға – сәлем!

Жұлдыздар Алланың қонағы болатын айдың басталуын шүйіншіледі.

«Әй мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды. Әрине сақсынарсыңдар». («Бақара» сүресі, 183-ші аят). Жұлдыздар жер бетіне Алланың қонағы болуға шақырған айдың келуі туралы ізгі хабарды жеткізді.  Алланың айы, Рамазан айы келді және Алла Тағала құлдарына илаһи нығметтерін сый етеді. Исламның ұлық пайғамбары шағбан айының соңғы күні үмметке бұл мүбәрәк хабарды жеткізіп: «Уа, халайық,  Алланың айы берекесі, мейірімі мен кешірімімен келді. Рамазан Алланың айларының ең жақсысы, оның күндері - ең жақсы күндер, түндері -  ең жақсы түндер және сағаттары - ең жақсы сағаттар. Уа, халайық, бұл Алланың қонағы болуға шақырған ай. Бұл айдағы  нәпсілеріңіз - тәспих, ұйқыларыңыз - ғибадат, амалдарыңыз бен дұғаларыңыз қабыл болады»,- деді. Рамазан айында мүміндер ораза ұстап, намаз оқып, Құран оқу арқылы періштедей көкке көтеріліп, илаһи мейірім мен кешірім аспанында самғайды. Сәресі кезі иман келтіргендердің дұғасын еститін, тәубе ететін және кешірілетін, жылап, құлшылық ететін, үміттенетін және тілектер мен тәубелер орындалатын сәт.

Кез келген адам тойға барар алдында оған дайындалады. Бұл жолғы қонақтау ерекше болғандықтан, оған дайындалудың да ерекше болатыны сөзсіз. Рамазан айы Алланың қонағы болатын айы деп аталды. Қонақтардың күтушісі Алла Тағала болатын бұл айға қалай дайындалу керек?  Исламдық рауаяттарда раджаб пен шағбан айлары және осы екі қадірлі айдағы ораза және Алламен сырласу Рамазан айына дайындық саналады.  Рамазанда ең жоғары құрметке ие. Алла елшісі: «Рамазанның бірінші түнінде жәннаттың барлық есіктері ашылады және бұл есіктер қасиетті Рамазан айының соңғы түніне дейін жабылмайды»,- деген. Алланың қонағы болу - қандай әдемі мереке. Аспанның есіктері қызметшілерге ашық және қонақ иесі өзі оларды «келіңіздер және менің кең мейірімімде болыңыз» деп шақырады. Келіңіз, Рамазан бақшасын тиімді пайдаланып, құлшылықтың ең әдемі гүлдерін теріңіз.

Алла Тағала рамазан айын басқа айлардың арасына мөлдір мұхит сынды орналастырды. Ол осы нұрлы айда рақымы мен кешірімінің есігін ашу арқылы адам баласының онымен  тікелей сөйлесуіне мүмкіндік берді. Амалдар мен парыздарды орындау, ықыласпен ораза ұстау және уақытында намаз оқу, күнделікті Құран оқу, тілді өтірік, жала және басқа да күнәлардан тазарту арқылы   Рамазанның мұхитында өздеріңді тазартыңдар. Сәресі кезіндегі  және күнделікті дұғалармен жүректі тыныштандырып, кедейлерге көмектесу, ораза ұстағандарды тамақтандыру сияқты ізгі амалдар жасау арқылы   жүректен күнәнің қара дақтарын кетіріңдер. Олай болса, Рамазан айының соңында жаңа туған нәрестедей күнәлардан тазарып, болмысқа оралу мерекесі Ораза айтына барыңдар. Бұл маңызды нәрсеге қасиетті Рамазан айының әрбір сәтін Алла Тағалаға құлшылық ету үшін  маңызды санаудан басқа қол жеткізу мүмкін емес.

Алланың қонағы және ораза ұстаушылардың қатарында болудың маңызды рәсімдерінің бірі – күнәдан, әсіресе ауызша күнәлардан сақтану. Бұл мәселеге қатысты исламдық рауаяттарда сабақ алатын оқиғасы баяндалады: «Бір күні Алла Елшісі ораза ұстаған әйелдің қызметшісіне тіл тигізіп жатқанын естіді. Хазірет тамақ әкелгізіп, әйелге: «Же»,- деді. Әйел: «Уа, Алланың елшісі, мен ораза ұстадым»,- деді. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Ораза ұстаған кезде күңіңді қалай қорлайсың?! Ораза – тек ішіп-жеуден тартыну емес. Расында, Алла Тағала оразаны жаман істер мен сөздерден тартыну еткен»,- деп түсіндірді. Содан соң Алла елшісі   мұңайып, күрсініп: «Ораза ұстағандар қалай аз, аштар қандай көп», - деді.

Рамазан – сырға толы ай. Бұл айда бай мен кедей ораза ұстағандардың бәрі бір қатарда. Бұл айда кедейлер ғана емес, ораза ұстау арқылы байлар да аштық пен шөлдегенді түсінеді. Сондықтан бұл мүбәрәк айда кедей-кепшіктерге тамақ пен садақа беру басқа айларға қарағанда көбірек сауапқа ие. Бұл ас пен садақаның сауабы Қадір түндерінде артығырақ болады.   Рамазандағы ораза, аштық пен шөлдеу де мүміндерге қиямет күнін және оның аштық пен шөлді еске түсіру мүмкіндік болып табылады. Есеп-қисаб күні адам өзінің жақсылығы мен жамандығынан хабардар болатын күн. Олар жақсылықтары үшін сый алады, күнәлары үшін жазаланады.  Рамазан – ізгі амалдарды Қиямет күніне дейін сақтаудың ең жақсы мүмкіндігі. Ардақты Пайғамбар (с.ғ.с.) уағыз-насихатында осы мәселені айтып: «Уа, халайық, жандарың амалдарыңның тұтқынында,  сондықтан кешірім сұрап, оны босатыңдар. Әрі күнәларыңның жүгінен арқаларың ауырлайды, сондықтан сәжделеріңді ұзартып жеңілдетіңдер. Біліңдер, Алла Тағала намаз оқушылар мен сәжде етушілерді азаптамайтыны және есеп-қисап үшін Жаратушының алдын келгенде, оларды тозақ отына жібермейтіні туралы  ант етті»,- деп мүміндерді ескертті.

Қасиетті Рамазан айы Құранның туған айы, Құранмен танысу айы, Құран көктемі  және Құранды дұрыс тану мен пайдалану айы деп  аталады.  Құран – Рамазанның  жаны, ол бұл айдың ұлылығын арттырды. Құран – Рамазанның жүрегі, онсыз ораза ұстаушының рухани өмірінің тамырында ақиқаттың мәні ағылмайды. Алланың қонағы болатын айының бір көркемдігі – Алланың сөзі Құранмен танысу. Осы орайда Рамазан айында Құранның бір сүресін болса да оқудың көптеген ізгі қасиеттері айтылған. Алла елшісі: «Кімде-кім Рамазан айында Құран аятын оқыса, басқа айларда Құранды толық оқыған адамның сауабына ие болады»,- деді.

Исламның ұлық пайғамбары келесі бір сөзінде: «Кімде-кім бұл айда ахлағын түзетсе, ол Сират көпірінен өтуге көмектесетін құрал болады. Ал кімде-кім бұл айда бір жетімге құрмет көрсетсе, Алла Тағала қиямет күні оны құрметтейді. ...Кімде-кім бұл айда маған көп салауат айтса, Алла оның амалдарының салмағын арттырады»,- деді.