ДАИШ-тің жойылуы – аймақ халықтарына жасалған сый
Күрескерлер мен қасиетті мекенді қорғаушылардың қажырлы күресі соңында жемісін берді.
Иран Ислам революциясы Сақшылар корпусының Құдс күштерінің қолбасшысы бригада генералы Ғасем Солеймани қараша айының жиырма бірі күні Ислам революциясының жетекшісі хазірет аятолла Хаменеиге жолдаған маңызды жолдауында ДАИШ-тің соңғы қорғаны Абу-Камалды азат ету амалдарының аяқталғанын мәлімдеп, америкалық-сионистік қолдауға ие осы топтың туының түсіріліп, орнына Сирия жалауының көтерілгенін, ДАИШ-тің басқыншылығының аяқталғанын мәлімдеді.
ДАИШ тобы қалай және қандай себептермен пайда болды?
Бұл көптеген сарапшыларды толғандырған сауалдардың бірі. Бұл жайында идеологиялық, саяси тұрғыдан түрлі пікірлер, тіпті отаршылдықпен байланыстырылған тарихи теориялар да ұсынылды. Алайда көптеген сарапшылардың айғақтар мен құжаттарға негіздеп, қуаттағаны – АҚШ пен Израильдің ДАИШ тәкфіршіл ағымының пайда болуындағы рөлі.
Қазіргі кездегі лаңкестік және тәкфіршіл топтардың пайда болуының себебін АҚШ-тың Иракқа жасаған шабуылынан іздеуге болады. Осы теорияға сәйкес, Саддамның Баас режимі құлатылғаннан кейін америкалық күштер Ирактың қауіпсіздік алаңындағы үлкен бос кеңістікті толтыру үшін осы елге аяқ басты. Әл-Каида күштері тұрақсыз жағдайды пайдаланып, Абу Мусаб әл-Зарқави деген баастік барлау офицерінің көмегімен Иракта өзінің жаңа бұтағын құрды. Зарқави өзі үшін арнайы жобаланған жаңа жоба шеңберінде Иракта жаңа үкіметтің құрылуының алдын алу үшін осы елдің саяси, әскери және діни тұлғалары мен орталықтарында ауқымды түрде лаңкестік әрекеттер жасап, көптеген мұсылманды шәһид етті.
Зарқави жобасы біраз уақыттан кейін Әбу Омар әл-Бағдади мен Абу Бакр әл-Бағдади тарапынан «Ирактың Ислам үкіметі» атауымен жалғасын тауып, Сирия дағдарысы басталғаннан кейін осы атауға «Шам» сөзі қосылып, нәтижесінде «ДАИШ» деген атау пайда болды. ДАИШ АҚШ пен кейбір аймақтық елдердің материалдық, рухани және ақпараттық қолдауымен Сирия мен Ирактың көптеген аймақтарын басып алды.
ДАИШ кейбір аймақтық елдердің, соның ішінде, Катар мен Арабстан елдерінің қолдауымен 2014 жылдың маусым айында көптеген күдік-күмән тудырған шабуылда Ирак жерінің көп бөлігін, атап айтқанда, алты облысты, соның ішінде, Нейнава, Салахаддин, әл-Анбар облыстарын толығымен және Дияла мен Киркук облыстарының біраз бөлігін басып алды. ДАИШ обыр ісігі тәрізді қысқа уақыт аралығында кең таралып, исламның атын жамылып, халықты алдауды ғана діттеген ДАИШ-тың қара туының астындағы АҚШ пен Израиль тарапынан алдын ала жоспарланған бүлік ретінде Сирия мен Ливандағы қарсыласу өзегін бұзып, аймақты бөлуді мақсат етті.
Ауқымды түрде алауыздық тудыру мақсатымен жасалған осы қауіпті арандатушылық әрекеті алғашқы айларда-ақ «Ирак және Шам исламдық үкіметі» атауымен мыңдаған жастың санасын улап, Ирак пен Сирияны қауіпті дағдарысқа ұшыратып, бұл елдердің жүздеген мың шаршы километр жерін мыңдаған ауыл, қала мен облыс орталықтарымен бірге басып алды. Олар осы елдердің көптеген маңызды зауыттары мен құрылымдарын, соның ішінде, көпірлер, жолдар, мұнай өңдеу зауыттары, мұнай және газ ұңғымалары мен жөнелту құбырларын, электр стансалары мен басқа да маңызды нысаналарды басып алып, қиратты. Лаңкестер бұл елдердің тарихи құнды ескерткіштері мен ұлттық өркениеті сақталған маңызды қалаларын бомбалап, өртеп жіберді.
АҚШ пен сионистік режим осы дағдарысты ұйымдастырушы әрі лаңкестік топтарды қару-жарақпен қамтамасыз ететін елдер ретінде Ислам әлемінің рухани және материалдық капиталдары мен инфрақұрылымдарын жойып, ислам елдері арасына іріткі салу мақсатында аймақтағы гибридтік соғысты барынша пайдаланып жатыр.
ДАИШ-тың қауіпті лаңкестерінің Ирак жерінде жылдам әрі ауқымды түрде ілгерілеуі бұл елді теңдессіз секталық геноцид пен Самерра, Кербала, Наджаф пен Каземиндегі қасиетті кесенелердің толығымен қирау қарсаңына жеткізді. Ирактың діни жетекшілерінің бірі аятолла Систанидің тарихи пәтуасы Иракты үлкен қастандықтан құтқарды.
ИИР да осы сезімтал кезеңде көршілес елдердің қауіпсіздігіне төніп тұрған қауіп-қатерлер мен олардың Иранның ішкі қауіпсіздігіне тигізетін әсеріне қатысты Ислам революциясы жетекшісінің көрегендігі мен жүйе басшыларының, әсіресе, Ислам революциясының Сақшылар корпусы басшыларының қырағылығының арқасында қажетті іс-шараларды жүзеге асырды. Осы аяда Иран Ирак үкіметімен үйлесе отырып, Иракқа әскери кеңес беру түрінде көмек көрсетті. Ирактың халқы мен әскери күштерінің көмегімен ДАИШ-тің ықпалының артуымен күресу үшін нақты жобалар мен бағдарламалар құрды. ДАИШ лаңкестік тобы осы уақыт бойы Бағдадтың солтүстігіндегі Каземиндегі имамдардың кесенелерінен 7 шақырым қашықтықта орналасқан болатын.
Осы кезден бастап Ирактағы ортақ күштер мен әл-Хашд әш-Шаабидің ДАИШ-пен қақтығыстардағы жеңістері басталды. Ирактық күштердің бақылау өзегін Бағдадтан Самерраға ауыстыруы Салахаддин облысындағы көптеген аймақтардың азат етілуінің бастамасы болды. Қарсыласу әрекеттерінің жалғасында әл-Анбар облысының орталығы эр-Рамади маңызды аймағы 2015 жылдың желтоқсан айының жиырма сегізі күні азат етілді.
Ирак пен Сирияда да осы күрестің жалғасуы көптеген тағдырды өзгертті. ДАИШ-тің бақылауындағы позицияларға қарсы ауыр шайқастар үдеп, ақырында Фаллуджаның азат етілуіне ұластырды. Ирак Мосул басып алынғаннан шамамен 3 жыл өткеннен кейін өзінің барлық жерін ДАИШ лаңкестік тобынан қайтарып алды. Лаңкестердің әл-Қаемдегі соңғы базасы да құлатылды.
ДАИШ исламды жою, соның ішінде Ислам республикасы жүйесіне қатер төндіріп, Иранның жерінде тұрақсыздық тудыру мақсатында жан-жақты жоспар құрған болатын. Rand аналитикалық орталығы 2016 жылдың қаңтар айында Обама үкіметінің Мемлекеттік департаментінің Ауғанстан мен Пәкістандағы арнайы өкілі Джеймс Доббинстің мақаласын жариялап: «АҚШ, Ресей, Арабстан, Түркия, Иран мен Еуропа одағының жоғары дәрежелі дипломаттары Сирия соғысын саяси жолмен шешу үшін Венада бас қосқан кезде төрт жылға созылған осы соғыс үшін шешім жолы табылатындығына ешқандай оптимистік көзқарас болған жоқ. Бұл үдеріс бірнеше жылға созылуы мүмкін. Сол кезеңде әр топ өз қарамағындағы аймақтарға билік жүргізеді» деп жазды.
Бұл Сирия уақытша іс-жүзінде бірнеше бөлікке бөлінеді деген сөз. Осы орталықтың көзқарасы бойынша, ДАИШ-тің бақылауындағы аймақ Сирияда қайтадан орталық билік орнағанға дейін халықаралық биліктің қарамағында қалғаны дұрыс.
Осы аналитикалық орталықтың пікірі бойынша, Сирия бірнеше тұрғыдан 1945 жылдан кейінгі Германияның күйіне енген. 4 бөлікке бөлінген Германия тек 44 жылдан кейін ғана қайта бірікті. Сирияның жағдайы осындай болуы ықтимал.
Бірақ Сирия мен Ирактың тағдыры америкалық институттарда емес, ДАИШ-пен шынайы шайқас майдандарында шешілді. Вашингтон өткен жеті жыл ішінде Сириядағы қарсылас топтар үшін 2 миллиард доллар қаржы жұмсады. Алайда лаңкестікпен күрес және Абу-Камал мен Дэйр-әз-Зордағы ірі жеңістерден кейін бұл жоспарлар іске асырылмай қалды.
Сол себепті бригада генералы Солеймани: «Ирак пен Сирия үкіметтерінің табандылығы және осы екі елдің жастары мен әскерлерінің, әсіресе, Хашд әш-Шааби мен басқа елдердің мұсылман жастарының табандылығы және Сейіт Хасан Насролла бастаған Хезболла партиясының құзыры осы қауіп-қатерді бейтараптандыруда шешуші рөл атқарды» деп қуаттады.
Сардар Солеймани айтып өткендей, қарсы тарап әскери болсын, болмасын, кісі өлтіріп және өлтіру әрекетін маңызды санаса, қаза болғандардың еш күнәсі болмағанын ескермесе, бұл жерде дипломатияның еш пайдасы жоқ. Олармен күресу керек.
Сардар Солеймани қылмыскер әрі бүлдіргі топтар жасаған қылмыстар туралы: «Сол оқиғаларда жан түршіктірерлік қылмыстар орын алды: балаларды бауыздау, отбасы мүшелерінің көз алдарында ер адамдарды тірідей терілерін сыпыру, бейкүнә қыздар мен әйелдерді тұтқындыққа алып, оларға зорлық-зомбылық жасау, адамдарды тірідей өртеу, жүздеген жасты жаппай қыру сияқты қылмыстар орын алып жатты. Келтірілген шығын мөлшері әлі белгісіз болғанымен, бастапқы есептеулер бойынша 500 миллиард доллардан асып жығылады» деді.
Ащы оқиғалардың барлығы Иранның осы майданға келуі және осындай дұшпанмен шайқасуының себебін түсіндіреді. Қазір АҚШ-қа билік жүргізіп отырған үкіметтің жоғары дәрежелі қайраткерлерінің мойындауынша қылмыстардың барлығы АҚШ-қа қарасты ұйымдар мен тұлғалар тарапынан жобаланып, жүзеге асырылған.
Сардар Солайманидің хатындағы нәрсе басқа түсіндіруд қажет етпейді. Себебі, онда апаттың ауқымы мен ДАИШ-тың шынайы болмысы және қастықтарының негізгі мақсаты баяндалады. Сол себепті осы күрестегі жетістіктер мен бұл жеңістің тек Иран, Сирия, Ирак пен Ресей үшін ғана емес, тұрақсыздықтың ащы дәмін татқан аймақтық елдер үшін де құнды сый болғанын айту керек. Сирияда ДАИШ-тің жеңілуін осы елдегі тыныштық пен қауіпсіздікке жету мақсатындағы саяси диалогтың нығаюы мен тұрақтылықтың жаңа кезеңінің бастамасы деп атау керек.
Сирия мен Иракта ДАИШ-ті жою үшін жасалған талпыныстардан кейін Иран, Ресей мен Түркия елдері тағы бір маңызды қадам жасау үшін Ресейдің Сочи қаласында бас қосты. Бұл қадам Сирияда ДАИШ-тен кейін тұрақты бейбітшілік пен саяси тұрақтылық үшін жағдай тудыра алады. Алайда алдыда әлі де қиын жол күтіп тұр.