Йемендегі соғыс – болашағы  белгісіз ең үлкен гуманитарлық  апат (1)
https://parstoday.ir/kz/radio/west_asia-i35858-Йемендегі_соғыс_болашағы_белгісіз_ең_үлкен_гуманитарлық_апат_(1)
Сауд Арабиясы 2015 жылдың наурыз айының жиырма алтысы күні Йеменге қарсы соғыс ашты. Бұл соғыс негізінде қысқа мерзім ішінде аяқталуы тиіс еді. Алайда, оның жалғасып жатқанына үш жылдан артық уақыт өтті. Бұл бағдарламада Сауд Арабиясының Йеменге қарсы соғыс ашуының себептері мен мақсаттарын қарастырамыз.
(last modified 2026-03-19T19:42:26+00:00 )
Нау 31, 2018 17:03 Asia/Almaty
  • Йемендегі соғыс – болашағы  белгісіз ең үлкен гуманитарлық  апат (1)

Сауд Арабиясы 2015 жылдың наурыз айының жиырма алтысы күні Йеменге қарсы соғыс ашты. Бұл соғыс негізінде қысқа мерзім ішінде аяқталуы тиіс еді. Алайда, оның жалғасып жатқанына үш жылдан артық уақыт өтті. Бұл бағдарламада Сауд Арабиясының Йеменге қарсы соғыс ашуының себептері мен мақсаттарын қарастырамыз.

Сауд әулеті 2015 жылдың наурыз айының жиырма алтысы күні «табандылық дауылы» деп аталған Йеменге қарсы шабуылдарды бастады. Сауд режимі Йеменге қарсы соғыстың ең басты себебін осы елдің отставкаға кеткен президентінің өтініші деп атады. Мансур Хади екі себепке байланысты өкілеттігінен айырылған болатын: бірі – Мансур Хадинің ұзартылған президенттік кезеңі 2015 жылдың ақпан айында аяқталды. Оны ұзартудың басты талабы сайлау өткізу болды. Алайда Мансур Хадидің үкіметі президенттік сайлау өткізуге қатысты еш әрекет еткен жоқ. Сол себепті билікте қалу үшін заңды өкілеттігі болмағандықтан, әскери түрде араласуға өтініш жасады. Мансур Хади Йеменнің ішкі жағдайы алдында, соның ішінде, Ансаролла қозғалысымен арадағы текетірестер үдеп, халықтың басым бөлігінің Риядқа қашуы алдында дәрменсіз. Қашып жүрген президент әскери түрде араласуға өтініш жасай алмайды. Осы жағдайларға назар аударсақ, Сауд Арабиясының Йеменге шабуылын ақтау үшін келтіріп отырған «өкілеттікті қайтару» сылтауы Риядтың Йеменге қатысты саясатының бір бөлігі болды.

Сауд Арабиясының Йеменге шабуыл жасауының басты себептерін үш деңгейде:  Йеменнің ішкі жағдайы, Арабстанның ішкі жағдайы және аймақтық жағдайға байланысты қарастыруға болады.

Йемен көптеген факторларға байланысты Сауд Арабиясы үшін аса маңызды ел болып табылады. Йеменнің ең ұзын құрлық үсті шекарасы Сауд Арабиясымен шекарада орналасқан. Бұл шекараның ұзындығы 1458 шаршы  километрді құрайды. Йемен Сауд Арабиясы үшін тыныш аула іспеттес. Сол үшін Сауд әулеті Йеменде өзінің  саясаттарына, соның ішінде діни бағыттас үкіметтің құрылуын қалайды. Ал 2014 жылы Йеменде орын алған өзгерістер діни көзқарас тұрғысынан шиіттік ағымды ұстанатын хоусиді жақтаушылардың Йемендегі билік құрылымындағы ықпалының арта түскенін көрсетті. Зәйдиліктердің Йеменнің солтүстігінде Арабстанның оңтүстігіндегі шекараларына жақын жерлердегі құзыры мен олардың идеологиялық тұрғыдан Сауд Арабиясына қарсы тұруы Сауд әулетінің Йемен өзгерістеріне қатысты наразылығын тудырды. Сол себепті Йеменге қарсы шабуыл хоусиді жақтаушылардың билік құрылымындағы ықпалының артуының алдын алу және йемендік қозғалысты жою мақсатында жұмыс тәртібіне енгізілді.

Сонымен қатар, Йемен стратегиялық тұрғыдан да маңызды болып табылады. Баб әл-Мандаб бұғазы Йеменде орналасқан. Қызыл теңіз бен Үнді мұхитының ортасында орналасқан бұл бұғаз шығыс пен батысты қосатын ең қысқа су арнасы саналады. Сауд Арабиясы әлемдегі ең ірі мұнай экспорттаушы елдердің бірі болғандықтан Баб әл-Мандаб бұғазы ол үшін аса маңызды болып табылады. Баб әл-Мандаб бұғазы халықаралық теңіз саудасы мен энергия тасымалдаушы кемелер үшін ерекше маңыздылыққа ие және Азия, Еуропа мен Африка арасындағы ең басты сауда жолы ретінде әлемдік теңіз саудасының үштен екі бөлігін иеленіп отыр. Стратегиялық Баб әл-Мандаб бұғазынан басқа Аден шығанағы мен Суматра стратегиялық аралдары да Йеменде орналасқандықтан осы елдің маңыздылығын арттырып отыр. Арабстан Йемендегі 2014 жылғы өзгерістерден кейін Сауд әулетінде бұл бұғаздың Сауд Арабиясының саясатына бағыттас емес үкіметтің ықтиярына өтуіне қатысты алаңдаушылық туындады.

Йемен алдымен 2011 жылы, одан кейін 2014 жылы бастан кешірген өзгерістер елдің ішкі жағдайына тікелей ықпал етті. Сауд Арабиясының демократияның басты дұшпандарының бірі екені шәксіз. Йемендегі билік құрылымының өзгеруі мен Ансаролланың билікте үлеске қол жеткізуі бір жағынан демократиялық жүйенің орнығуына, басқа жақтан, барлық діни топтарға биліктен үлес берілетін Ливан немесе Ирак үкіметтері сияқты үлгінің Йеменде орнығуына алып келді. Бұл өзгерістер Сауд Арабиясының өзінде өзгерістердің орын алуына жағдай тудырды, себебі Арабстан демократиядан алшақ болуымен қатар, билік пен байлықтың тең бөлінуі мен саяси серіктестікті талап еткен халықтық наразылықтарға душар болды. Сондықтан, ішкі жағдайға қатысты алаңдаушылықтар да Сауд әулетінің өзімен көршілес елде демократиялық жүйенің орнығуының алдын алу мақсатында Йеменге қарсы шабуыл жасауына себеп болды.  

Сонымен қатар, Сауд Арабиясы Салман бен Абдолазиз бен оның баласы Мұхаммад 2015 жылдың қаңтар айында билікке келген кезде Йеменге шабуыл жасады. Салман Арабстан патшасы Абдолланың орнын басып, өз баласы Мұхаммадты Арабстанның Қорғаныс министрі етіп тағайындады. Бұл тағайындау соңында Мұхаммадтың орнының жоғарылауы мен оның патша тағына жетуіне әкеледі. Мұхаммад бен Салман өзін ұлттық қаһарман ретінде көрсету үшін шекарадан тыс жерлерде Йеменге қарсы соғыс ашып, Арабстанның үстемшілдігін көрсетпек болды. Ол бір айға жетпей аяқталатын соғыс арқылы хоусилердің шиіттік ағымын басамын деп ойлады. Осылайша, Арабстанның ішінде көбірек танымалдыққа ие болып, өзін патшаның орнына лайықты тұлға ретінде көрсеткісі келді.

Сауд үкіметінің Йеменге қарсы шабуылының аймақтық деңгейдегі себептерінің келесі бірі Сауд Арабиясының аймақтағы күш теңгерімінің ИИР-на қарай өзгеруіне қатысты алаңдаушылығы болды. Йеменнің 26 миллион халқы бар. Бұл – Катар, БАӘ, Бахрейн, Кувейт пен Оман халықтарының санын қосқандағы мөлшер. Йеменнің маңыздылығын арттырып отырған нәрсе – халықтың діни құрамы. Діни тұрғыдан Йеменде екі топ – шиіттер мен сүниттер өмір сүреді. Йемен халқының 58 пайызға жуығын сүнниттер, көбінес шафии мазхабының ізбасарлары, қалған 42 пайызды, шамамен 11 миллион адамды шиіттер құрайды. Шиіттік жамағаттың арасында 32 пайызы  зәйдиліктер, 5 пайызы иснашариттер, 5 пайызы исмаилиттер  болып табылды. 11 миллионға жуық шиіттердің болуы Йемен өзгерістерінің Сауд Арабиясы үшін өте маңызды бағалануына себеп болды. Себебі, Сауд әулетінің пікірінше, шиіттік топтардың билікке жету ықтималдығы Арабстанның Йемендегі ықпалының әлсіреуіне, керісінше, ИИР-ның Йемендегі ықпалының нығаюына, соның нәтижесінде Батыс Азия аймағында қарсыласу өзегінің күшеюіне жеткізеді. 

Таяу Шығыс аймағы жөніндегі маман Стинберг Арабстан үкіметі ИИР-ның араб елдеріндегі тұрақсыздықты өзінің аймақтағы ықпалын арттыру мақсатында қолданып жатыр деп санайды. Олардың ойынша, Иран «Риядтың тыныш ауласы» саналатын елдерге, соның ішінде, Йеменге өз ықпалын арттыруды көздеп отыр.

Шын мәнінде, Сауд әулетінің Йеменге шабуыл жасауының келесі бір дәлелі бұл режимнің аймақта, әсіресе, Ирак пен Сирияда ИИР-нан бірнеше рет жеңілуі болды.  Саудиялық үкімет Бахрейнде осы елге күштерін жіберу арқылы биліктің ауысып, шиіттердің билік басына келуінің алдын алуға талпыныс жасағаны сияқты, Таяу Шығыстың ең кедей елі саналатын Йеменде де осы елдегі билік құрылымын сақтап, оның өзгеруінің алдын алу үшін соғыс жолын таңдады.

Йемен соғысы төртінші жылға аяқ басып келе жатқанымен, Сауд әулетінің ешбір мақсаты  жүзеге аспады. Соғыс қысқа уақытта аяқталмады. Саудиялық үкіметтің абыройы Таяу Шығыстағы ең кедей елге қарсы соғыстағы сәтсіздігінен кейін айрандай төгілді. Тіпті, Арабстанның ішінде де осы соғысқа байланысты келіпсеушіліктер туындай бастады. Қазір Йеменнің геосаясаты Риядпен бағыттас үкіметтің қолында емес. Йемен Сауд Арабиясының жан-жақты қоршауында отыр. Осындай жағдайда бұл соғыс Мұхаммад бен Салманның ұлттық қаһарманға айналуына көмектеспеуімен қатар, оған қарсы ішкі және халықаралық сын-пікірлерді көбейте түсті. Тіпті, The Independent газеті Мұхаммад бен Салманның Лондонға сапарына қарсылық білдіріп: «Сауд Арабиясы басқа елдерді (Йеменді) жәбірлеп, азаптап отыр. Мұндай жағдайдың себепкері – Мұхаммад бен Салман» деп жазды. Аймақтағы ИИР-мен бәсекелестікте де Йеменге қарсы соғыс Арабстанның аймақтық орнының нығаюына септігін тигізе алмады. Себебі, хоусиді жақтаушылардың аймақтағы ықпалының әлсіреуінің орнына, бүгінде Йемендегі болашақ билік құрылымын хоусиді жақтаушыларсыз елестету мүмкін емес. Шындық мынада: Йеменге қарсы соғыс Арабстанның өз мақсаттарына жетпеуімен қатар, Антониу Гутерреш айтқандай, соңғы онжылдықтағы әлемдегі ең үлкен гуманитарлық апат тудыруына байланысты Сауд әулетіне қарсы әлемдік қысымның артуына себеп болды. Сарапшылардың айтуынша, Йемен Сауд Арабиясы үшін бір батпаққа айналды. Арабстанның қазіргі жағдайда бұл батпақтан шығуы екіталай.