Йемендегі соғыс – болашағы белгісіз ең үлкен гуманитарлық апат (2)
Сауд Арабиясы 2015 жылдың наурыз айының жиырма алтысы күні Йеменге қарсы соғыс ашты. Бұл соғыс негізінде қысқа мерзім ішінде аяқталуы тиіс болған. Алайда, оның жалғасып жатқанына үш жылдан артық уақыт өтті. Бұл бағдарламада Сауд Арабиясының Йеменге қарсы соғысының салдарларын қарастырамыз.
Сауд Арабиясының Йеменге қарсы соғысы осы уақытқа дейін 50 мыңнан астам йемендіктің жанын қиып, жаралап үлгерді. Алайда бұл соғыстағы шығын тек адамдардың қаза тауып, жаралануымен шектеліп қалмады. Басқа алаңдардағы шығындар одан да көбірек. Сауд Арабиясы мен оның одақтастарының Йеменге қарсы соғысының салдарларын түсіну үшін халықаралық беделді ұйымдардың жуырда ғана ұсынған статистикалық мәліметтеріне көз жүгірту жеткілікті.
2018 жылдың қаңтар айында жарияланған БҰҰ-ның гуманитарлық істерді үйлестіру кеңесінің статистикалық мәліметтеріне сәйкес, Йемен халқының шамамен 75 пайызы, яғни, 22,2 миллион адам 2018 жылдың қаңтар айына дейін гуманитарлық көмектерді қажет етті. Осы арада 11,3 миллион адам бұл көмектерге қатты мұқтаж. 2017 жылдың маусым айымен салыстырғанда бұл мөлшер 1 миллион адамға артқан. Әсіресе, соғыс орын алып жатқан немесе халқы ел ішінде босқынға айналған аймақтарда мұқтаждық қатты байқалады. 17 миллионнан астам йемендік, яғни, үш адамның екеуі келесі тамақтануына қажет азық-түлікті қайдан алатынын білмейді. 8,4 миллион йемендік азық-түлік қауіпсіздігінің болмауы және ашаршылық қаупімен арпалысып жатыр. 2017 жылдың маусым айымен салыстырғанда бұл салада 24 пайыздық өсім байқалады. Йемен халқының 10 пайызы осы соғыс салдарынан баспанасыз қалды. Сол себепті, Йемен дағдарысы әлемнің ең үлкен гуманитарлық дағдарысы саналады.
Мұндай жағдайдың туындауының ең басты себебі – Сауд Арабиясының Йеменге қарсы соғысы. Осы соғыс салдарынан отбасы иелері жұмыстарынан айырылып, жұмыс істесе де жалақыларын ала алмай, үйлері қиратылып, өздері босқынға айналып, ауылшаруашылығы құрып, азық-түлік өнімдерінің импорты Йемен қоршауға түскеннен кейін тоқтағаннан кейін азық-түлік өнімдеріне деген қажеттілікті қамтаамасыз ететін мүмкіндік жоқ.
Денсаулық сақтау тұрғысынан БҰҰ-ның гуманитарлық істерді үйлестіру комитеті ұсынған статисткалық мәліметке сәйкес, 16 облыстағы денсаулық сақтау ұйымдарының тек 50 пайызы ғана қызмет етіп тұр, алайда бұл ұйымдар да қажетті құрал-жабдықтарға мұқтаж болып отыр. Сондай-ақ, бұл ұйымдардың қызметкерлерінің жалақы алмағанына бірнеше ай болған. 16,4 миллион йемендік медициналық қызметтерді қажет етеді, соның ішінде, 9,3 миллион адам қатты мұқтаж. 2017 жылдың соңғы екі айында 19 облысты жайлаған дифтерия 48 адамның өліміне себеп болып, 610 адам осы сырқат бойынша тіркеуде тұр. 2017 жылдың сәуір айында Йеменде эбола вирусының алғашқы жайты тіркелгеннен кейін 2200 адам осы ауру салдарынан көз жұмып, 1 миллионнан астам адам тіркеуге алынды. Әлемдік Денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, эбола вирусына шалдыққан адамдардың үштен бір бөлігін 5 жасқа толмаған балалар құрайды. Осы вирустың салдарынан қаза болғандардың басым бөлігі 60 жастан асқан азаматтар болды.
Халықаралық ұйымдар аталмыш вирусты ауыздықтау мен науқастарды емдеуде табысқа жетпеген жағдайда Йемендегі өлім деңгейі Сауд Арабиясының осы елге таңған соғысы салдарынан айтарлықтай мөлшерде артатын болады.
БҰҰ-ның гуманитарлық істерді үйлестіру басқармасының 2018 жылдың қаңтар айында жариялаған статистикалық мәліметіне сәйкес, Сауд Арабиясының Йеменге қарсы соғысы салдарынан ең көп зардап шеккен бөлімдердің бірі білім беру саласы болып табылады. Мұндай апаттың Йеменнің болашағына да әсер ететіндігі анық. БҰҰ-ның гуманитарлық істерді үйлестіру басқармасынң есебінде келтірілгендей, Арабстанның Йеменге қарсы соғысы кезінде білім беру саласында ауытқушылықтар пайда болды. 2 миллионнан астам йемендік бала білім ала алмай отыр. 2015 жылдың наурыз айы мен 2017 жылдың қараша айы аралығында 16 мың мектеп жабылып, 256 мектептің ғимараты толығымен қиратылып, 1413 мектептің ғимаратына нұқсан келтірілді. Сондай-ақ, 156 мектеп баспанасыздар тарапынан, ал 23 мектеп қарулы топтар тарапынан басып алынды. Осындай жағдаймен қатар мұғалімдердің еңбекақысын өтеудегі қиындықтар да білім беру саласының дағдарысқа ұшырауына себеп болды. Бұл мәселе болашақта сауатсыз ұрпақтың өсуі қатерін тудырады.
Әйелдерге қарсы жыныстық зорлық пен қатыгездік те Арабстанның Йеменге қарсы соғысының ауыр салдарларының бірі. Халықаралық Амнистия ұйымы 2018 жылдың ақпан айының соңында жариялаған 409 беттік есебінде Сауд Арабиясының Йеменге қарсы соғысы салдарларының басқа қырын ашып көрсетті. Бұл есепте соғыс салдары ретінде әйелдер мен ер адамдар арасындағы теңсіздіктің күшеюі мен балалардың үйленуі мәселелері көрсетіліп, соған қатысты ескертулер жасалған. Осы мәліметке сәйкес, Йеменде соғыс басталғаннан кейін орнаған жағдай әйелдердің қауіпсіздігіне қатер төнуі мен оларға қатысты жыныстық қылмыстар мен қатыгездіктердің артуына себеп болды. Сондай-ақ, әйелдерді мәжбүрлі түрде күйеуге беру мен оларға қарсы жыныстық алымсақтық мөлшері де айтарлықтай артқан.
Сауд Арабиясының Йеменге қарсы соғысы гуманитарлық саламен қатар, саяси және географиялық тұрғыдан да бұл елге көптеген кері әсерін тигізді. Саяси және географиялық тұрғыдан Йемен осы соғыс салдарынан бірнеше бөлікке бөлініп кетті. Халықтың бір бөлігі «Ансаролла» мен «Халықтық конгрестің» қарамағында болса, басқа бөлігі отставкаға кеткен президент Мансур Хадидің бақылауында. Келесі бір бөлігі йемендік тайпалардың қарамағында болса, тағы бір бөлігін әл-Каида лаңкестік тобы өз бақылауында ұстап отыр. Әл-Каида соңғы жылдары Йеменнің кейбір аймақтарында, соның ішінде, Обейн мен Хадрамут аймақтарында билік еткенімен, Арабстанның соғысын өз мүшелерінің санын арттыру және позициясын нығайту үшін мүмкіндік ретінде пайдаланды. Таяу Шығыс жөніндегі танымал маман, жазушы Патрик Какберн The Independent газетінде жарияланған бір мақаласында осы жайында: «Арабстан бастаған Йеменге қарсы соғыс әл-Каида үшін көптеген мүмкіндік тудырды. Егер Усама бен Ладен тірі болғанда, әл-Каида тобының Йеменнің ең үлкен облысы Хадрамутта билік жүргізіп отырғанын көріп мақтанар еді» деп жазды.
Сауд Арабиясының Йеменге қарсы соғысының ұзаққа созылуы Рияд пен Сауд әулетіне кері әсерін тигізеді. Осындай салдардың кейбіреулері төмендегідей:
1. Йемен мен басқа да әлемдік елдердің қоғамдық пікірлерінің Арабстанға қатысты жеккөрінішінің артуы. 2018 жылдың наурыз айында Мұхаммад бен Салманның Лондонға сапарына қатысты наразылықтардың артуы мен соның салдарынан бұл сапардың бірнеше рет кейінге шегерілуі – осындай жеккөрініш сезімінің анық белгілерінің бірі.
2. Соғыстың ұзаққа созылуы Сауд әулетінің жеңілгендігін көрсетеді. Себебі, соғыс басталған кезде Қорғаныс министрі лауазымында болған әрі осы соғыстың басты жобалаушысы, қазіргі тақ мұрагері шабуыл басталмас бұрын соғыстың бір ай ішінде жеңіспен аяқталатынын мәлімдеген болатын. Алайда бұл соғыстың жалғасып келе жатқанына үш жыл болды. Оның аяқталуына қатысты ешқандай болжам жоқ.
3. Соғыс Сауд Арабиясы үшін көп мөлшерде материалдық шығын келтірді. Соғыстың ауыр материалдық шығыны Арабстанның экономикалық қиындықтарының тереңдей түсуіне, соның салдарынан салықтың артуына, субсидиялардың азаюына, еңбекақы мөлшерінің азаюы мен үкіметтің валюталық қорының сарқылуына жеткізді. Кейбір сарапшылардың пайымдауынша, 2017 жылдың қарша айында ондаған саудиялық шахзаданың тұтқындалуы жемқорлықпен күресті мақсат етуден бұрын, экономикалық қиындықтарды шешу үшін оларды саудиялық үкіметке инвестиция салуға қысым көрсету арқылы мәжбүрлеу мақсатында орын алды.
4. Йеменге қарсы соғыстың келесі салдарына саудиялық әулеттің ішінде алауыздықтардың артуы жатады. Себебі, саудиялық шахзадалардың бір бөлігі ең басынан араб еліне қарсы соғыс ашуға қарсы болды. Йеменде гуманитарлық апаттың туындауы мен соғыстың ұзаққа созылуы наразылықтардың отына май құйып, елдің бар жұмысын жүргізіп отырған және патша болуға жалғыз үміткер әрі қазіргі кездегі тақ мұрагері Мұхаммад бен Салманға қатысты саяси қауесеттердің таралуына себеп болды. Сыншылар Йеменге қарсы соғыстағы сәтсіздіктің Мұхаммад бен Салманның патша орнына ғана емес, Қорғаныс министрі сияқты одан төменірек лауазымдарда қызмет етуге лайық емес екенін көрсететінін алға тартуда.
5. Арабстанның Йеменге қарсы соғысының келесі салдарларының бірі Риядтың соғысқұмарлыққа толы сыртқы саясатына қатысты сын-пікірлердің артуы мен арабтардың ішіндегі текетірес сияқты қиындықтар, соның ішінде, Ливанның премьер-министрі Саад әл-Харириге қатысты жасалған дипломатияға жат әрекет Сауд Арабиясы мен кейбір араб елдерінің арасының сууына себеп болды.
6. Риядтағы Ямама сарайын нысанаға алған Йемен әскері мен халықтық күштерінің зымырандық құдіретінің артуы Сауд Арабиясында, әсіресе, Сауд әулетінің арасында тұрақсыздық пен үрейдың туындауына себеп болды.
Қорыта айтсақ, Йеменге қарсы соғыс жалғасқан сайын бұл елдегі гуманитарық жағдай нашарлай бермек. Йемендегі гуманитарлық апат тереңдеген сайын Сауд әулетінің жеңілісі айқындала түседі. Өйткені, Йеменнің Арабстанның Вьетнамына айналу ықтималдылығы арта береді. Йеменде адам шығынының артуы Сауд әулеті бейнесінің әлемдік деңгейде нашарлай түсуіне жеткізеді. Соғыстың жалғасуы Йемен әскері мен халықтық күштерінің зымырандық шабуылдарының артатынын білдіреді. Сауд Арабиясы Йеменнің бүгінгі күнгі саяси шындықтарын, соның ішінде, «Ансаролланың» осы елдегі орны мен маңызын назарға ала отырып, соғысты аяқтаудың жолдарын іздестіруі керек.