Корея түбегі дағдарысының себептері (1)
Корея түбегі дағдарысының тарихи тамырларын зерттеуде АҚШ пен оның өз міндеттерін бұзу әрекеттерінің әсерлері байқалады.
Корея түбегінің Солтүстік Корея және Оңтүстік Корея деп екі бөлікке бөлінуіне соқтырған 1950-1953 жылдары аралығында орын алған Корея соғысына араласқаннан кейін АҚШ іс жүзінде Корея түбегінің текетіресіне аяқ басты. Солтүстік Кореяның Қытай мен Ресейдің коммунистік саясатын жақтауы бұл елдің іс жүзінде АҚШ-қа қарсы топтың қатарына қосылуы мен әлемнің Батыс және Шығыс болып екі полюске бөлінуіне соқтырды. Басқаша айтқанда, Қытай мен Кеңес Одағы және Солтүстік Корея Шығыс полюсі ретінде АҚШ пен басқа батыс елдерінен тұратын Батыс полюсіне қарсы тұрды. Сол себепті Корея түбегі дағдарысы коммунистік және капиталистік екі полюстің қырғи-қабақ соғысы кезіндегі текетіресінен бастау алады.
Осы бәсекелестіктер аясында Солтүстік Корея Бейжің мен Мәскеудің көмегімен әскери және ядролық тұрғыдан күшін арттырды. АҚШ та коммунизмнің таралуының алдын алу үшін Оңтүстік Корея мен Жапонияны күшейтіп, олардың қауіпсіздігін өз бақылауына алды. Осындай жағдайда Кеңес үкіметі құлағаннан кейін Солтүстік Кореяның зымырандық және ядролық жетістіктері АҚШ-тың қоқан-лоққылары алдында тежеуші фактор ретінде сақталып қалды. Қытай мен Ресей текетірес пен бәсекелестік саясатының орнына АҚШ-пен әріптесу саясатына көшкеннен кейін Ресейдің Солтүстік Кореяны қолдауы азая түсті.
Ресейдің Ғылым академиясының Қиыр Шығыс институтының аға маманы Василий Кашин: «Түрлі есептеулерге сәйкес, Солтүстік Кореяның 10-20 ядролық оқтұмсығы бар. Бұл елдің өзінің орта қашықтықтағы баллистикалық зымырандарына арнап ядролық оқтұмсық жасауда табысты болған, болмағаны әлі белгісіз. Табысқа жеткен күннің өзінде тәуелсіз әрі сенімді ақпарат көздері бұл мәселені әлі растаған жоқ» деді.
Қазіргі таңда Солтүстік Корея – қырғи-қабақ соғысынан бері осы уақытқа дейін коммунизмге адал болып қалған жалғыз мемлекет. Ал, Қытай мен Ресей түрлі бөлімдерде, әсіресе, экономикалық салада реформалар жүргізу арқылы капитализмге қарай бет бұрды. Сол себепті Корея түбегі дағдарысының себептерін зерттеуде бірнеше мәселеге назар аудару қажет: біріншісі, Қытайдың Тайвань мәселесін шешуде сәтсіздікке ұшырап, бұл аралдың АҚШ-тың әскери базасына айналу ықтималдығы пайда болғаннан кейін Қытай АҚШ-тың әскери бақталасы саналатын Солтүстік Кореяны нығайту және АҚШ-тың аймақтағы мүдделеріне қатер төндіруге қарай әрекет ете бастады; екіншісі, АҚШ Солтүстік Атлантика шарты ұйымы НАТО-ны сақтай отырып, оны географиялық тұрғыдан Қытай мен Ресейдің шекараларына қарай кеңейту арқылы Бейжің мен Мәскеуді Солтүстік Кореяны АҚШ-пен соғыста үшінші тарап ретінде пайдалануға мәжбүрледі. Себебі, Солтүстік Корея АҚШ-тың Оңтүстік Корея мен Жапониядағы, тіпті Гуамдағы позицияларын нысанаға алу үшін ең ыңғайлы жерде орналасқан; үшіншісі, АҚШ-тың Шығыс Азиядағы Қытайға қарсы әскери арандатушы әрі әшкере түрде Пхеньянды нысанаға алған саясаттары Солтүстік Корея басшыларын АҚШ-тың басқыншылық саясаттарына қарсы тежеуші күш-құдіретін нығайтуға мәжбүрледі. Кеңес үкіметі құлағаннан кейін Мәскеу 1961 жылғы Пхеньянмен жасалған келісімнің бір бөлімінің күшін жойған болатын.
Ресейдің Әскери зерттеу орталығының төрағасы Дмитрий Корнеевтің айтуынша, Солтүстік Корея АҚШ-тың кез келген шабуылына жойқын тойтарыс беруге әзір. Шабуыл жасалған жағдайда Пхеньянның әскери күштері Оңтүстік Кореяның жеріне басып кіре алады.
АҚШ-тың бұрынғы президенті Джордж Буштың Солтүстік Кореяны басты дұшпан деп атауы бәрінен бұрын Пхеньян басшыларының мынадай ойға келуіне себеп болды: АҚШ Қытай және Ресеймен күресу үшін Солтүстік Кореяны Шығыс Азиядағы өзінің қауіпсіздік саясаттарының басты нысанасы етіп қойды.
АҚШ-тың әскери істер жөніндегі сарапшысы Леон Панета NBC News арнасына берген сұхбатында: «АҚШ-тың Солтүстік Кореяның ядролық мәселесіне қатысты ұстанымы соңында миллиондаған адамның қазасына әкеп соқтыратын ядролық соғыспен аяқталуы мүмкін» деді.
Дегенмен, Солтүстік Корея да АҚШ-пен сыбайласып, бұл елмен әріптестесуге аса ұмтылмаған еді. Алайда бұл елдің жасалған келісімдерге сәйкес өз міндеттеріне берік болмауы Солтүстік Кореяның өзінің зымырандық және ядролық бөлімдердегі тежеуші күшін нығайту шешімін қабылдауына себеп болды.
Азық-түлік өнімдері мен жанармай алудың есесіне Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасын тоқтату туралы екі елдің келісімі де осы шеңберде жасалған болатын. Шын мәнінде, бұл келісім Пхеньянның Корея түбегінің дағдарысын саяси жолмен шешу бағытында жасаған ең маңызды қадамы болды. Алайда, АҚШ өз міндеттерін атқаруда салғырттық жасап, Солтүстік Кореяны ядролық бағдарламасын қайта жандандыруға итермеледі. Солтүстік Корея 2003 жылы Ядролық қаруларды таратуға тыйым салу хаттамасынан шығып, 2006, 2009, 2013 жылдары және 2016 жылдың маусым және қыркүйек айларында атомдық сынақ өткізіп, АҚШ-тың ықтималды шабуылдары алдындағы тежеуші күшін нығайту үшін әскери-зымырандық күш-құдіретті арттыру жолын таңдайтынын көрсетті. Пхеньян үшін жүйенің аман қалуы АҚШ-тың Солтүстік Кореяға қарсы кез келген ықтималды шабуылының алдын алуына байланысты.
Солтүстік Кореяның АҚШ-тың үрей тудыру саясатына қарсы қорқыныш сезімін тудыру стратегиясымен жауап беруі Пхеньянның өз елін аман сақтап қалудағы қадамдарының бірі саналады. Ал Вашингтонның саясаты аймақтың қауіпсіздігінде тұрақсыздық тудыруға, Солтүстік Кореяға қарсы аймақтық елдерді жұмылдырып, Оңтүстік Корея және Жапониямен әскери ынтымақтастықтарды арттыру және түрлі елдермен, әсіресе Оңтүстік Кореямен ортақ әскери жаттығулар өткізуге негізделген.
Ресейдің қауіпсіздік мәселелерінің сарапшысы Виктор Уразовтың пайымдауынша, АҚШ кез келген уақытта Солтүстік Кореяға жойқын соққы бере алуы үшін Азияның шығысында көптеген әскери күштері мен құрал-жабдықтарын орнатты. АҚШ-тың әскери күш-құдіретінің тіректері жетінші флот, Жапония мен Оңтүстік Кореяда орныққан құрлық және әуе күштері болып табылады. Бұл күштердің саны әскери-теңіз флоты мен теңіз десантшыларын санағанда 70 мыңнан асып жығылады.
Қытайдың бастамасымен, Ресей, Оңтүстік Корея, Жапония, АҚШ, Солтүстік Корея мен Қытайдың қатысуымен Солтүстік Кореяның ядролық дағдарысын шешу туралы алты жақты келіссөздердің өткізілуі дағдарыстың ықпалды елдердің келіссөздері мен түсіністігінің көмегімен шешілуіне қатысты үмітті арттырды. Алайда Солтүстік Кореяның ядролық дағдарысын шешуді қаламайтын АҚШ алты жақты келіссөздерді сәтсіздікке ұшырату арқылы Корея түбегінің дағдарысын саяси жолмен шешудің табысқа жетуіне іс жүзінде кедергі жасады.