Иса Мәсіхтің (ғ.с.) Құран Кәрімдегі бейнесі (1)
(last modified Wed, 27 Dec 2017 20:25:11 GMT )
Жел 28, 2017 02:25 Asia/Almaty
  • Иса Мәсіхтің (ғ.с.) Құран Кәрімдегі бейнесі (1)

Иса Мәсіх (ғ.с.) – пәк махаббат пен сүйіспеншілікті барлық діндердің ізбасарларына үйреткен әрі мейірімділік пен рақымшылдықтың туын желбіреткен ұлы пайғамбар.

Хазіреттің мәулітіне орай мәсихи дінінің барлық ізбасарларын құттықтап, алдағы бірнеше бағдарламада «Алланың рухы» және «Алланың сөзі» деп аталған хазірет Иса Мәсіхтің (ғ.с.) Құран Кәрімдегі бейнесін қарастырамыз.

Иса (ғ.с.) дүниеге келген кезде Мәриям сәбиді құшағына алған күйі өз қауымына келеді. Оған: «Ей, Мәриям! Жаман қылық жасадың! Әкең де, анаң да жаман іс істемеген адамдар еді» дейді. Алланың әмірімен үндемеуге серт берген Мәриям нәрестесіне меңзейді. Адамдар оған: «Бесікте жатқан сәбимен қалай сөйлесеміз?» деген кезде, кенеттен Исаға тіл бітіп, сөйлей бастайды. «Рас, мен Алланың құлымын. Маған кітап беріп, пайғамбар кылды» дейді (Мәриям сүресі, 30-аят).

إِنِّی عَبْدُ اللَّهِ آتانِیَ الْکِتابَ وَ جَعَلَنی‏ نَبِیًّا

 

 Бұл – Иса көрсеткен мұғжизалардың алғашқысы. Ең маңыздысы, хазірет өзінің алғашқы сөзінде өзін Алланың құлы деп атады. Бұл – илаһи пайғамбарлардың ең басты ерекшеліктерінің бірі. Олар тек бір Жаратушыға бас иіп, өз халықтарын адамды, жер мен аспанды жаратқан бір Құдайға табынуға шақырды. Иса  (ғ.с.) – өз қауымын таухидке шақырған, адамзатты күнә мен азғындықтан құтқарудың бірден-бір жолын жалғыз Құдайға иман келтіру санаған үлкен пайғамбарлардың бірі. Хазірет: «Аллаға деген қажеттілікті сезінетін адамдар қандай бақытты! Себебі, аспан патшалығының иесі – Алла. Мейірімді әрі кешірімді адамдар қандай бақытты! Себебі, оларға да кешірім көрсетіледі. Жүректері пәк адамдар қандай бақытты! Себебі, олар Алланы көреді. Алла өз нұрын ол жақсы болсын, мейлі жаман болсын, баршаға төгеді. Шапағатын жақсыға да, жаманға да жаудырады. Сіздерге де берілуін сұраңыз. Табу үшін іздеңіз. Есік ашылуы үшін оны қағыңыз. Себебі, әр адам іздегенін табады. Есіктің сізге қарай ашылуы үшін оны қағу жеткілікті» деді.

 

Тегтер