Иранның тежегіш күші қорғаныс саласындағы жаңа жетістіктердің тұсауын кесумен нығайтылды
Армия күніне орай әскери-қорғаныс саласындағы бірнеше жаңа жетістік ИИР Президентінің қатысуымен Иранның тежегіш күшін нығайту аясында қолданысқа берілді.
ИИР Президенті Хасан Рухани сенбі күні Қорғаныс министрлігіне қарасты «Панха» компаниясына барып, «Кәусар» деп аталатын алғашқы жергілікті оқу-жаттығу реактивті ұшағы мен «Маһаджер-6» атты барлаушы және қарулы тактикалық ұшқышсыз ұшақ пен «Насир» атты кемеге қарсы қанатты зымыран мен «Фәкур» атты әуеден әуеге атылатын зымыранның тұсауын кесті. Мұнымен бір мезгілде ИИР Президенті «Қаһер-313» қырғи ұшақтарын сынақтан өткізуге дайындауға бұйрық берді.
«Қарсыласу экономикасы: өндіріс және жұмыспен қамту» деп аталған жылда осы жетістіктердің тұсаукесер рәсімі Иранның әуе-ғарыш саласында абырой-айбыны мен өз-өзін қамтамасыз ету деңгейін арттыру аясында жүзеге асырылды. Бұл шетелдерге тәуелділіктен арылу, қарсыласу экономикасының негізгі принциптерін іске асыру, Иранда жұмыс орындарын ашу және ұлттық өндірісті дамыту жолындағы байсалды қадам болып табылады.
Иранның тежегіш күшін нығайту шетелдік алпауыттардың аймақтағы құзыры нығайып, тынышсыздық жайлаған қазіргі заманда басты негіз болып отыр. Иран осы аяда өзінің қорғаныстық қабілетін арттыру үшін біреуден рұқсат сұрамайды және өзіне шектеу қоймайды. Тәуелсіз ел кез-келген жағдайда, тіпті аймақта қауіпсіздік орнаған күннің өзінде әрдайым тежегіш күшке ие болуды қажет етеді. Мұнымен қоса, кез-келген аймақ, соның ішінде Батыс Азия аймақтық теңгерім мен тепе-теңдікті қажет етеді. Иран Президенті Хасан Руханидің айтуынша, күш теңгерімі бұзылса, қиындық туады. Осындай жағдайда ИИР-ның басшылары зымыран мен ұшақ жасау үшін басқа бір елден рұқсат сұрамайтынын бірнеше рет баса айтқан болатын. Иранда жаңа зымырандардың тұсауын кесу үкімет пен Қорғаныс министрлігінің стратегиялық міндеттерге тиісінше көңіл бөлетінін көрсетеді. Осы стратегиялық міндет аясында Иран ешқашан соғысқұмар болмаған және басқа елге басқыншылық жасауды көздеген емес. Иранның тарихы бейбітшілік пен достық жолдауына толы. Таяу Шығыс немесе Батыс Азия аймағы ерекшеліктерінің бірі саналатын тынышсыздық оның тұрақты жағдайы. Тынышсыздық Батыс алпауыттарының ішкі іске араласуы мен Израиль деген обыр ісігінің болуына тікелей байланысты.
8 жылдық Қасиетті қорғаныс Иранға қорғаныс саласында өзін-өзі қамтамасыз етудің дұшпанның қоқан-лоққылары мен тынышсыздыққа қарсы тежеуші күшті кепілдендіретін ең маңызды мәселе екенін үйретті. Осы негізде Иран әртүрлі мүмкіндіктерге ие зымырандар жасауды күн тәртібіне қойып отыр. Әуеден әуеге атылатын зымыран «Фәкур» мен кемеге қарсы қанатты зымыран «Насир» Иран Қарулы күштерінің зымырандық қабілетін нығайту мақсатында қолданысқа берілген жаңа ирандық зымырандардың қатарына жатады.
Дайын болу және шұғыл реакция білдіру, төмен биіктікте ұшу, нысанаға дөп тию, жою қабілетінің жоғарылығы, дамыған радардың арқасында көзге ілікпеу қабілетінің жоғарылығы мен жүрдек кемелердің үстінен атылу қабілеті – осының барлығы кемеге қарсы «Насир» қанатты зымыранның ерекшеліктері болып табылады. «Фәкур» зымыраны да Иранның әуеден әуеге атылатын алғашқы зымыраны ретінде қырғи ұшақтардың үстіне ілініп, әуедегі әртүрлі қауіпті объектілерге төтеп бере алады. «Насир» мен «Фәкур» зымырандары шиеленіске толы Батыс Азия аймағында ИИР-ның тежегіш күшін арттыратын болады. Сонымен бір мезгілде күш теңгерімінде маңызды рөл атқарады.