"Хайям" жерсерігі – Иранның ғарышты игерудегі маңызды қадамы
Иранның Байланыстар және ақпараттық технология министрі Иса Зарепур сейсенбі күні "Хайям" жерсерігінің Жерден 500 км қашықтықтағы орбитаға шығарылғанын хабарлады.
Қазақстанға сапар шеккен Иса Зарепур Инстаграмдағы жеке парақшасында видео жариялап: "Хайям" жерсерігі Иранның туымен бірге "Союз" жерсеріктасығышына орнатылып, сейсенбі күні сағат 13:30-да (Теһран уақыты бойынша) Қазақстанның Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылды",-деді.
Иса Зарепур: "Иран осы күнге дейін жеңіл жерсеріктерді орбитаға шығарған. "Хайям" жерсерігінің салмағы 600 кг. Ол Жерден 500 км қашықтықтағы орбитаға орнатылады деп жоспарланған. Бұл жерсерік Иранды қажетті спутниктік мәліметтермен қамтамасыз ету жолындағы өте үлкен қадам болды. Осы жерсеріктен түсірілген суреттер мен видеоларды қоршаған орта және ауыл шаруашылығы салаларында қолдануға болады. Бүкіл шектеулерге қарамастан, қазіргі таңда Иран ғарыш өнеркәсібі бойынша әлемнің ең үздік 10 елінің қатарында. Бұл – Иран ғалымдарының 40 жылдан аса талпыныстарының нәтижесі. Сол себепті Иран осындай технологияға ие санаулы елдердің арасында ойып орын алды. Қазіргі таңда жерсерік ұшыру айлағы 6 елде бар. Иран ғарыш айлағының дамуы тұрғысынан жетінші орында тұр",-деді.
Дұшпандар түрлі санкциялармен Иранның ғылым және экономика, соның ішінде ғарыш өнеркәсібі саласында жетістіктерге жетуіне тосқауыл қоюға тырысты. Барлық шектеулер мен қысымдарға қарамастан, ИИР ғарышқа қатысты түрлі технологияларға қол жеткізді. Мұны Иран үшін үлкен жетістік деп санау керек. Иранның ғарыш бағдарламасының Батыс Азия аймағындағы басқа елдерден түбегейлі айырмашылығы мынада: Иран өзінің ішкі қуатына сүйеніп, жергілікті және отандық технологияларды пайдаланды.
Бұл мәселе АҚШ пен сионистік режим үшін қабылдауға келмейтін жағдай болды. Сондықтан Вашингтон Иранның ғарыш саласындағы жетістіктерінің алдын алуға бар күшін салып жатыр.
Иса Зарепур: "Иран санкциялар шарықтау шегіне жеткен кезде ғарыш саласында ең үздік білімге қол жеткізді. Тіпті жерсерік пен оны асқан нақтылықпен мақсатқа жеткізетін жерсеріктасығыш жасап шығарды",-деді.
Қазіргі таңда ирандық жерсеріктің ресейлік жерсеріктасығыш арқылы ғарышқа ұшырылуы Иран мен Ресей арасында ғарыш саласында стратегиялық әріптестіктің басталғанын білдіреді. Мұнымен қоса, Иранның Байланыстар және ақпараттық технология министрлігі Ресей сияқты ғарыш саласында әйлігі елдермен стратегиялық әріптестік жасаумен қоса, отандық ғарыш технологиясын дамытуды күн тәртібіне қойды. Жылдың соңына дейін зондтаушы жерсерікті 500 км биіктіктегі орбитаға орналастыру мақсатына жететін болады.