Сирек кездесетін аурулармен ауыратын науқастар – Батыстың Иранға қарсы санкцияларының құрбандары
ИИР үкіметінің баспасөз хатшысы: «Батыс елдері ирандық науқастарды өлтіру арқылы кек алады»,-деді.
Әли Бахадори Джахроми Твиттердегі жеке парақшасында: «2018 жылы талассемиямен ауыратын 70 адам, 2019 жылы 90 адам, 2020 жылы 140 адам және 2021 жылы 180 адам санкция салдарынан қаза тапты. Бұл статистикаға көбелек ауруымен (буллезді эпидермолиз) ауыратындар мен айрықша дәрілерді қажет ететіндерді қосу керек»,-деп жазды.
Иран үкіметі баспасөз хатшысының бұл сөздері тағы да Батыс елдері, әсіресе АҚШ-тың біржақты әрі заңсыз санкцияларының Ирандағы медицина саласы мен науқастардың жағдайына тікелей әсерін көрсетеді. Ал бұл жағдайда батыстықтар дәрі-дәрмектер ешқашан санкциялар тізіміне енгізілмеді деп уәж айтады, бірақ іс жүзінде банктерге санкция салып, ақша жіберуде қиыншылық тудырып, сирек кездесетін аурулармен ауыратын науқастарға қажетті дәрі-дәрмек сатып алу қиындады және кейбір жағдайда мүмкін болмай отыр. Санкциялардың салдарынан Иранда ондаған мың науқас, соның ішінде талассемия, обыр және көбелек ауруымен ауыратындарға қатер төнді.
Шын мәнінде АҚШ медициналық құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектерге санкция салынбағанын айтқанымен банктер, институттар мен компаниялардың көбі жазалану ықтималынан қорқып, Иранмен саудада өте сақ әрекет етеді. Мысалы, Molnlycke швециялық компаниясы АҚШ-тың санкциялары салдарынан Иранға көбелек ауруымен ауыратындарға (EB) қажетті медициналық дәкелер жіберуден бас тартты. Ал бұл жағдайда елде көбелек ауруымен ауыратын 1200-ге жуық адамға шұғыл түрде медициналық дәке қажет.
Санкциялар тек көбелек ауруымен ауыратындарға ғана әсер етіп отырған жоқ, талассемия және басқа да сирек кездесетін ауруларға шалдыққандар қатерге ұшырап отыр.
Иранның талассемия ұйымының басшысы Юнес Араб осы ауруға шалдыққандарды дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету жағдайына тоқталып: «Зерттеулер бойынша талассемиямен ауыратындардың 10-35 пайызына қажетті дәрі-дәрмек түрлері ел ішінде өндірілмейді»,-деді.
АҚШ Иранға қарсы біржақты санкциялар аясында басқа елдерге сес көрсетіп, Иранға медициналық қызмет көрсетіп, зертханалық құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектер сатуға тыйым салды. Мұның барлығы халықтың денсаулығына теріс әсер етіп, көптеген науқастың көз жұмуына әкеліп соқтырды. Бұл – АҚШ пен оның одақтастарының адам құқығын ашық түрде бұзып, антигуманистік қатынас көрсетіп отырғанының айқын үлгісі.