Имам Хомейни (р.) атындағы халықаралық университеттің спартакиадасында Ирандағы шетелдік студенттер бақ сынасады
Қазвин облысында Имам Хомейни (р.) атындағы халықаралық университеттің ұйымдастыруымен Ирандағы шетелдік студенттердің екінші спартакиадасы басталды.
Имам Хомейни (р.) атындағы халықаралық университетте олимпиада отын жағып, ежелгі спорт түрлерін көрсетумен басталған жарысқа Иранның түкпір-түкпіріндегі 48 университеттен 50 ұлтқа тиесілі студенттер қатысады.
Pars Today ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Ирандағы шетелдік студенттер спорттың он түрі бойынша жарысады. Бұған футзал, волейбол, баскетбол, бадминтон, үстел теннисі, шахмат, жүгіру, жүзу, дарт және физикалық дайындық жатады.
Иранның Ғылым, технология және зерттеулер министрінің орынбасары Хашем Дадашпур осы рәсімде: "Иран әлемнің түкпір-түкпіріндегі халықаралық университеттердің басын қосатын ортаға айналады",-деді.
Хашем Дадашпур бірінші спартакиаданың Иранның Мазандеран университетінде өткенін айтып: "Сол жолы 250-ге жуық шетелдік студент қатысты. Ал биыл екінші спартакиадаға қатысуға 1100 шетелдік студент тіркелді. Олардың 600-і бүгінгі жарыстарға қатысты. Бұл Иранның университеттерінде спартакиаданың жақсы қолдауға ие болып отырғанын көрсетеді",-деді.
Иранның Ғылым, технология және зерттеулер министрінің орынбасары осы ведомствоның басқа да бағдарламаларына тоқталып: "Жуырда Ширазда түлектердің фестивалі өтеді. Теһранның "Мосалла" кешенінде 100 ел өкілінің қатысуымен Иранның халықаралық университеттерінде білім алудың тартымдылықтарын жарнамалауға арналған көрме өтеді",-деді.
Қазвиндегі Имам Хомейни (р.) атындағы халықаралық университеттің ректоры сейіт Әли Қасемзада: "Спорт дипломатиясы мәдени, саяси және әлеуметтік мүмкіндіктерді пайдалануға, бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға және ұлттар арасындағы теңдік мәдениетін насихаттауға септігін тигізеді",-деді.
Айта кету керек, Иран санкцияларға қарамастан, әлем бойынша ғылым өндіруде 2 пайыз үлеске ие. Осы тұрғыдан ислам елдерінің көшбасшысы саналады. Жуырда жарияланған Лейден-2024 рейтингінде ислам елдерінің 164 университеті бар. Солардың 46-сы Иранға тиесілі. Сондықтан рейтинг бойынша Иран бірінші орында тұр.