Иран Еуропа елдерімен қарым-қатынастарын қалпына келтіру шарттарын жариялады
(last modified Fri, 23 Aug 2024 11:41:23 GMT )
Там 23, 2024 17:41 Asia/Almaty
  • Иран Еуропа елдерімен қарым-қатынастарын қалпына келтіру шарттарын жариялады

ИИР-ның жаңа Сыртқы істер министрі өзінің алғашқы сұхбатында: «Иран Вашингтонмен шиеленісті реттеп, бірқатар шарттар негізінде еуропалық елдермен қарым-қатынастарын қалпына келтіруге ұмтылуда»,- деді.

 

 

Иранның жаңа Сыртқы істер министрі Сейед Аббас Арақчи Иран Ислам Кеңесінің сенім дауысын алғаннан кейінгі алғашқы эксклюзивті сұхбатында: «Иран Сыртқы істер министрлігі Иранға қарсы экономикалық санкцияларды алып тастау және халықаралық қоғамдастықтағы қалыпты сауда қарым-қатынастарын қалпына келтіру жолындағы шешуші қадам ретінде Вашингтонмен шиеленісті реттеуге және Еуропа елдерімен қарым-қатынасты қалпына келтіруге ұмтылады. Бірақ олар өздерінің дұшпандық көзқарастарынан бас тартып, 2015 жылғы ядролық келісімді қайта жандандырып, санкцияларды алып тастауға тырысуы керек»,- деп айтты.

Pars Today агенттігінің хабарлауынша, Арақчи Жапонияның «Kyodo» ақпарат агенттігіне берген сұхбатында Иран Ислам Кеңесіндегі сөйлеген сөзінде салмақты, мақсатты және уақытылы келіссөздер арқылы санкцияларды, әсіресе біржақты санкцияларды алып тастау және Иран ұлтының негізгі қағидаларына құрметпен қараудың мақсатына тоқталды.

ИИР Сыртқы істер министрі осы сұхбатында Иран мен Жапонияның жақсы қарым-қатынастарына назар аудартып:

«Иран Сыртқы істер министрлігі Жапонияны терең білуі негізінде құрылған жан-жақты жол картасы негізінде Теһран мен Токио арасындағы қарым-қатынастарды барлық жағынан нығайтып, аймақтық дағдарысты бірлесіп шешу үшін Токиомен ынтымақтасады»,- деп мәлімдеді. Жапонияның Иранның энергетика, мұнай және экономика салаларында үлкен орынға ие болуы мүмкін екенін атап көрсеткен Арақчи: «Иран мұнай және энергетика саласына қызығушылық танытқан жапон компанияларын құптайды»,- деді.

Иранның Сыртқы істер министрі осы жапондық ақпарат агенттігіне:

«Иран мен Жапония өздерінің ерекше, бірақ бір-бірін толықтыратын мүмкіндіктерімен бүкіл Азияда тиімді және тұрақты серіктестік құру үшін үлкен әлеуетке ие деп саналады»,- деп айтты.

Арақчи Жапонияның 2019 жылғы Теһран-Вашингтон қарым-қатынастарына қатысты бастамаларына да тоқталып: «Иран мен Жапония достық, өзара түсіністік, құрмет және сеніммен сипатталатын байланыс орнатты»,- деді.

Арақчи одан әрі Иранның болашақтағы сыртқы саясатының басымдықтары туралы айтып, Жапонияның маңызды орнына  тоқталып:

«Иранның жаңа үкіметі Шығыс Азиямен қарым-қатынасты дамытуды орталық мақсат деп санайды»,- деп қуаттады.