Арақчи: Иранның ядролық білімі бомбалау арқылы жойылмайды
ParsToday – ИИР Сыртқы істер министрі «Уран байыту технологиясы мен білімнің бомбалау арқылы жойылмайтынын» баса айтып: «Иранның бейбіт мақсаттағы ядролық бағдарламасы ұлттық мақтаныш пен абырой ісіне айналды»,-деді.
ParsToday ақпарат агенттігінің ИРНА-ға сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Иран Сыртқы істер министрі Сейед Аббас Арақчи CBS арнасына берген сұхбатында АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранмен келіссөздердің осы аптада қайта басталуы мүмкін деген мәлімдемесіне қатысты: «Келіссөздер жақын арада қайта басталады деп ойламаймын»,- деді.
Ол былай деп қосты: "Келіссөздерге қайта оралу туралы шешім қабылдау үшін алдымен АҚШ-тың келіссөздер барысында бізді қайтадан әскери шабуылдармен нысанаға алмайтынына көз жеткізуіміз керек. Менің ойымша, осының барлығын ескере отырып, әлі де көбірек уақыт қажет".
Иран Сыртқы істер министрі сондай-ақ: «Дипломатияның есіктері ешқашан жабылмайды»,- деп баса айтты.
Арақчи сондай-ақ американдықтардың Иранның ядролық нысандарын жойғаны туралы мәлімдемесіне қатысты: "Ешкім байыту технологиясы мен білімін бомбалау арқылы жоя алмайды. Егер бізде осы салада қайтадан ілгерілеуге ерік-жігер болса, сондай ерік-жігер бар, біз шығын мен уақытты тез өтей аламыз»,- деді.
Иран Сыртқы істер министрі «Иран уранды байытуды жалғастыра ма» деген сұраққа: «Иранның бейбіт мақсаттағы ядролық бағдарламасы ұлттық мақтаныш пен абырой ісіне айналды. Біз 12 күн бойы таңылған соғысты бастан өткердік, осы себепті адамдар уран байытудан оңайлықпен бас тартпайды»,- деп жауап берді.
Арақчи: «12 күн бойы таңылған соғыста біз өзімізді қорғауға қабілетті екенімізді көрсеттік және егер бізге қарсы шабуыл жасалса, біз өзімізді қорғауды жалғастыратынымызды дәлелдедік»,-деп баса айтты.