Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Кітап оқитын ұлт » жобасы аясында шара өтті
ParsToday - 5 қазанда шығыстану факультетінде «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында жас аудармашы Шыңғыс Әбдірайыммен кездесу өтті.
Шыңғыс Әбдірайым шығыстану факультеті ирантану бөлімінің түлегі, «Отбасы хрестоматиясы» баспасының қызметкері.
«Отбасы хрестоматиясы» — отбасы мәдениетін, ұлттық құндылықтар мен тұлғатануға арналған экзистенциялық әдебиеттерді шығаратын Қазақстандағы аса танымал баспа үйі. Соңғы жылдары бұл баспада шығыстану факультеті ирантану бөлімі студенттері парсы тілінен тікелей аударған Хушанг Муради Керманидің «Бала Мәжиттің хикаялары», осы факультет докторанты Гаухар Омарханова аударған Мехди Миразимидің «Бір беттік кітап» шығармасының 1,2 кітаптары жарық көрді.
Шараның негізгі мақсаты – студенттер арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, оларды кітаптарды сыни және аналитикалық тұрғыдан талдай алуға үйрету, ойлау қабілетін дамыту.
Кездесу барысында спикер студенттерді аталмыш баспадан жарық көріп жатқан жаңа кітаптармен таныстырып, баспаның туындыларды таңдау критерийлері мен аударма жасау барысында қолданылатын әдіс-тәсілдерге кеңінен тоқталды. Шараның екінші бөлімі сұрақ-жауап форматына ұласып, студенттер мен оқытушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды.
Бұл мазмұнды кездесуге кафедра оқытушылары мен студенттері қатысты.
Дайындаған: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінің аға оқытушысы Айман Жұбатқанқызы Боранбаева