Иранда «Қас қағым» атты қысқа өлең кітабы жарық көрді
Ирандық ақын Парвиз Бейги Хабибабадидің қысқа қайырымдары «Қас қағым» (یک آن) деген атаумен қазақ тіліне аударылды.
Парвиз Бейги Хабибабади – ирандық ақын, композитор, зерттеуші, жазушы және «Фасл-е панджом» (Бесінші мезгіл) баспасының директоры. Ол 1954 жылы 16 желтоқсанда Иранның Исфахан облысындағы Ардестан ауданында дүниеге келген. Парсы тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бакалавр дипломын алған. Қазіргі таңда әдебиет саласында бірінші дәрежелі төсбелгіге ие. Осы күнге дейін Парвиз Бейгидің 24 кітабы жарық көрді. Олардың ішінде 6 өлеңдер жинағы мен 18 зерттеу еңбегі бар. Ол «Қасиетті қорғаныс» деп аталатын Иран-Ирак соғысы кезіндегі парсы прозасы мен поэзиясын саралап, қазіргі заман ақындарының өмірбаяндарын жинақтап, Сефевилер мен Қаджарлар заманында жазылған тазкерелерді зерттеген. Сондай-ақ жуырда «Коронавирустың халықаралық соттағы сөзі» атты иронияға толы сюрреалистік повесть жазды.
«Қас қағым» - шын мәнінде бір сәтті сипаттайтын қысқа өлеңнің түрі. Яғни ақынның көмескі санасында жарқ еткен ұшқын поэтикалық сипаттамаға айналған.
Кітап қос тіл – парсы және қазақ тілдерінде жарық көрді. Аударған – Иран Телерадио бірлестігі әлемдік қызмет торабына қарасты Қазақ радиосының аудармашы-дикторы Гаухар Омарханова.