Алматыда Ялда түніне орай мерекелік кеш өтті
2021 жылы 17 желтоқсанда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті мен Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде парсы тілін оқитын студенттер Иран халқының «Шәб-е Ялда» мерекесіне орай онлайн түрде мәдени іс-шара ұйымдастырды.
«Шәб-е Ялда» (Ялда түні) мерекесі – Ирандағы ең көне мерекелердің бірі. Оны «Челле» деп те атайды. Жыл сайын желтоқсанның 21-нен 22-не қараған түні Иран халқы аталмыш мерекені атап өтеді. Ялда түні ең ұзақ түн саналады. Бұл мейрамнан кейін түн қысқарып, күн ұзара бастайды. Осы түнде дастарханға түрлі жемістер, соның ішінде қарбыз бен анар қойылады. Туған-туыс жиналып, үлкендер қисса айтады. Хафиздің өлеңдерін оқып, бал ашады.
Мерекелік кеште Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің 4 курс студенті Оқасы Нұрсұлу Ялда түні жайында толық ақпарат берді. Содан кейін Алламе Табатабайи университетінің (Иран) ұстазы PhD О. Изади аталмыш мерекенің тарихына тоқталып, қызықты мәліметтермен бөлісті.
Сөз тізгінін алған Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің шығыстану факультеті деканының орынбасары Н.Т.Атейбекова мейрам жайында өз ойын білдіріп, жиналған қауымды келе жатқан мерекемен құттықтады.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің парсы тілін оқитын 1 және 3 курс студенттері Ялда түні жайлы өлең жолдарын мәнерлеп оқып, кеш көркін одан әрі аша түсті. Сонымен қатар Ирандағы Деһхода парсы тілін оқыту орталығының студенті А.Бегахметов қазіргі кезде Иранда бұл мереке қалай тойланатынын айтып берді. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 3-курс студенті І. Тілекқабылованың орындауындағы «Ялда» атты көңілді әнмен кеш аяқталды.
Мұндай шаралар тіл пен мәдениетті қатар дамытып қоймай, сондай-ақ студенттердің танымын кеңейтіп, лингвомәдени құзыреттілігінің қалыптасуына септігін тигізеді.
Р.К.Садықова
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ұстазы