Жел 23, 2022 18:32 Asia/Almaty

2022 жыл 22 желтоқсанда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде парсы тілін оқитын студенттер Иран халқының «Шәб-е Ялда» мерекесіне орай онлайн түрде мәдени іс-шара ұйымдастырды.

 2022 жыл 22 желтоқсанда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде парсы тілін оқитын студенттер Иран халқының «Шәб-е Ялда» мерекесіне орай онлайн түрде мәдени іс-шара ұйымдастырды. Бұл шараға Иран мәдени орталығының директоры Мажит Алигар, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің парсы тілі оқытушысы Н.Т.Атейбекова, оқытушылар және парсы тілін үйреніп жатқан студенттер қатысты.   

Иран мәдени орталығының директоры Мажит Алигар

   «Ялда немесе Челле түні» Ауғанстан мен Иранның 19-шы материалдық емес мұрасы ретінде ЮНЕСКО-да тіркелді. Ялда мерекесі Ирандағы ең көне мерекелердің бірі болып табылады. Осы түнді «Ялда түні» немесе  «Челле» деп атайды. Жыл сайын желтоқсанның 21-нен 22-не қараған түні Иран халқы мерекені тойлайды. Бұл ең ұзақ түн болып есептеледі. Бұл мейрамнан кейін түн қысқарып, күн ұзара бастайды. Бұл түнде әртүрлі жемістер, соның ішінде қарбыз бен анар дастарханға қойылады. Үлкендер туыстарға барады, қисса айтады, Хафизден үзінділер оқиды немесе бал ашады. Мерекелік кеште Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің  4 курс студенті Ж.Тәңірберген Ялда түнінің тарихы жайында толық ақпарат берді. Содан соң Иран мәдени орталығының директоры Мажит Алигар мырза сөз тізгінін алып, мейрам жайында өз ойын білдіріп, мерекенің  тарихына тоқталып, қызықты мәліметтерді бөлісіпжиналған қауымды мерекемен құттықтады. 

Қонақтың айтуынша, мерекелік түнде ақсақалдар қонақтарға, балаларға әңгіме, әзіл айтады. Ялданың негізгі тағамдары – қарбыз, анар  және қызыл алма. Ирандықтардың сенімі бойынша Ялда түнінде жемістердің қызыл түсі жаздың аптап ыстығы мен күнді көз  алдымызға елестеді, оны жеу қыстың суығы мен ауруды жеңеді. Дәндерінің көптігінен анар берекені арттырады, ал қызыл түсі – бақыт пен күннің белгісі. Ирандықтар арасында мұндай түнде қарбыз жеу адамды жаздың қатты ыстығынан және оның салдарынан болатын аурулардан сақтайды деген сенім бар. Бұл мерекенің тағы бір ерекше дәстүрі жаңадан құда түскен жас жігітке қатысты. Сол түнде болашақ жігіттің үйіне жеті түрлі жеміс-жидек, түрлі сыйлықтар жібереді. Иранның кейбір аймақтарында жас ханым мен оның отбасы да осы сүйіспеншілікке толы әдет-ғұрыпқа жауап беру үшін жігіттің үйіне сыйлықтар жібереді. Иранда тұратын әртүрлі ирандық этностар бұл түнді әртүрлі нанымдарымен және өздерінің жергілікті әдет-ғұрыптары бойынша тойлайды деп айтып берді.                                                                                                                                          

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің парсы тілін оқитын 2 және 4 курс студенттері М.Ербол, А.Слам, А.Асқанбай, А.Базарбайқызы Ялда түні жайлы өлең жолдарын мәнерлеп оқып, кеш көркін одан әрі аша түсті. Сонымен қатар  қонақтар да Хафизден үзінділер оқыды. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 4-курс студенті І. Тілекқабылованың орындауындағы «Ялда» атты көңілді әнмен кеш аяқталды.

Мұндай шаралар  тіл пен мәдениетті  қатар дамытып қоймай, сондай-ақ студенттердің танымын кеңейтіп, лингвоелтанымдық  құзыреттілігінің қалыптасуына септігін тигізеді. «Шәб-е Ялда» мерекесі бәріңізге құтты болсын!                                                                                                                         

Р.К. Садықова                                                                           

                                                       

Тегтер