Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Иран Мәдени өкілдігінің басшысымен кездесу өтті
Тұрақты даму мақсаттары жобасының негізінде атқарылатын тұрақты даму үшін серіктестік шарасы аясында 19-қыркүйекте шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасында Алматы қаласындағы Иран Ислам Республикасы Бас консулдығы жанындағы Мәдени өкілдіктің басшысы Хұсейн Ағазаде мырзамен кездесу өтті.
Кездесуде мәртебелі мейман Қазақстан-Иран қатынастарының қарқынды даму үстінде екенін айта келіп, Қазақстан тәуелсіздік алып, дипломатиялық қатынастар орнағаннан бері екі ел арасында ешқандай келеңсіз проблемалар болмағанын баса айтты. Елдер мен халықтар арасындағы байланыстарды дамытуда мәдениет пен экономиканың аса маңызға ие екенін айта келіп, осы қатынастарды дамытуға ат салысатын болашақ мамандарды дайындап отырған шығыстану факультеті ирантану бөлімінің рөлін атап өтті. Ирантану бөліміне 1 курсқа қабылданған студенттерге олардың осы игілікті міндетті абыройлы атқаруларына тілектестік білдірді.
Ағазаде мырза ирантану бөлімі оқытушылары мен студенттерін жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, арнайы сыйлықтар тапсырды. Шараға факультет деканының орынбасарлары Ү.Ә. Әмірбекова, С.Т. Джакубаева, кафедра меңгерушісі Д.М. Көкеева, кафедра оқытушылары мен ирантану бөлімінің студенттері қатысты.
Материалды дайындаған: Айман Жұбатқанқызы Боранбаева