Иран мен Қазақстан арасында туризм саласында ынтымақтастықты кеңейту керек
Қазақстандағы Иран елшісі Әли Акбар Джоукар Қазақстанның Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаевпен кездесіп, туризм саласында ынтымақтастықты кеңейту керегін баса айтты.
IRNA ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Әли Акбар Джоукар Ержан Еркінбаевпен кездесуінде екіжақты қарым-қатынаста туризмнің маңызына тоқталып: "Қазіргі жағдайда екі ел арасындағы туристер саны осы саладағы шынайы әлеуеттерге сай емес",-деді.
Әли Акбар Джоукар: "Иран мен Қазақстанның туристік әлеуеттерін ескере отырып, туристер санын арттыру үшін тиісті органдар көбірек талпыныс жасауы керек",-деді.
Иран елшісі туризм саласындағы қазіргі жағдайды екі елдің мүддесіне сай өзгерту үшін жаңа бастамалар мен идеялар айтып: "Қазақстан басшыларын жақын болашақта Иранда туризм саласында өтетін шараларға белсенді қатысуға шақырамыз",-деді.
Ержан Еркінбаев та екі елдің туристік қатынасын дамытуға бар күшін салатынын айтты.
Ол туристер санын арттыру үшін Каспий теңізі жағалауында орналасқан Ақтау қаласында жасалған жобалар, соның ішінде қонақ үйлер, сауда орталықтары мен ойын-сауық орталықтарының салынғанына тоқталып, екі елдің саудагерлерінің барыс-келісімен қоса, екі ел арасында туристік сапарларға инфрақұрылым жасалғанын айтты.