Сәу 08, 2024 21:11 Asia/Almaty
  • Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің оқытушылары Иранның Мехр ақпарат агенттігіне сұхбат берді

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының оқытушылары А.Ж. Боранбаева мен Ғ.Ә. Қамбарбекова Иран еліне барған іссапары барысында Иран Ислам Республикасының Мехр ақпарат агенттігіне сұхбат берді.

А.Ж. Боранбаева өз сұхбатында Наурыздың Қазақстанда ресми мереке ретінде еркеше тойланатынын айта келіп, ирандықтар мен қазақтардың бұл мерекені тойлау рәсімдерінде көптеген ұқсастықтар бар екенін, атап айтқанда қазақтар үшін де 7 санының қасиетті екені, сондықтан Наурызда 7 түрлі дәннен арнайы тағам дайындалатынын, қазақтарда Наурызда көрісу рәсімі барлығын, жаңа жылда ескі өкпе-реніштерді ұмытуға тырысатынын айтты.

Ғ.Ә. Қамбарбекова өз сұхбатында Қазан революциясына дейін Орталық Азиядағы медреселерде парсы тілі араб тілімен қатар оқытылғанын, алайда қазіргі таңда олардың орнын орыс тілі басқанын айтты. Ол Наурыз мерекесінің қысы суық Қазақстан үшін ерекше маңызы бар екенін, алты ай қыстан кейін көктемнің келуі қазақ халқына ерекше қуаныш әкелетінін, қазақ күнтізбесінде март айының наурыз деп аталатынын атап өтті. Ол сондай-ақ қазіргі кезде өзі жұмыс істейтін шығыстану факультетінде парсы тілінде оқитын студенттер санының өте аздығын және қазақ жастарының Иран елімен ортақ құндылықтарымыз бар екенін біле бермейтіндіктерін де айтып кетті.

Дайындаған: аға оқытушы Боранбаева Айман Жұбатқанқызы

Тегтер