Тегімді менің сұрасаң....
(last modified Tue, 07 May 2024 19:10:22 GMT )
Maм 08, 2024 01:10 Asia/Almaty
  • Тегімді менің сұрасаң....

Мен аты-жөнім – Кадех Ахмад Сафар. Мен Қазақстанға Иран мемлекетінен келдім. Мақсатым – білім алу. Өзімді таныстыруды жөн көріп отырмын. Менің ата-анам – Иран мемлекетінің азаматтары.

Менің ата-бабам 1931-1932 жылдары қазақ жерінде жаппай ашаршылық болып, балапан басымен, тұрымтай тұсымен болған уақытта Түркіменстан арқылы Иран мемлекетіне өткен. Осы зұлмат тағдырдан жан сауғалаған, өлімнен аман қалған қазақтар аш-жалаңаш көршілес Қытай, одан әрі Моңғолия, Ауғанстан, Иран және Түркия сияқты елдерге үдере көшуге мәжбүр болғаны мәлім.

Менің атам Тіней елден үдере көшкенде 5 жасар бала екен. Және бір ағасы болған. Әкесі мен шешесі ағайындарымен бірге бар малын алдына салып, Түркіменстан арқылы Иранға жеткен. Бір топ ағайын сол мемлекетте орнығып, еңбек етіп өмірлерін сүрген. Иранның Горган қаласында әлі күнге дейін ағайындар тіршілік етіп жатыр. Өздерінің бизнесі мен мал ұстайтын қожалығы бар.

Иран мемлекеті бас сауғалап келген қазақтарға жер беріп, жағдай жасаған екен. Сол жерде өсіп-өнген кейінгі ұрпаққа ата-баба жері мен Иран мемлекеті "қос Отан" іспетті. Иран халқы өте бауырмал әрі қонақжай. Басым көпшілігі – парсылар. Иранда басқа ұлт өкілдері де тұрады.

Мен өзім Горган қаласында бастауыш сыныпты "Зәм-Зәм", 1-3 сыныпты "Сәттарзаде", 4-6 сыныпты "Тәрбиат-е Новин", 7-9 сыныпты "Мұғалім", 10-11 сыныпты "Әлламе Хелли" мектептерінде парсы тілінде оқыдым. Мектепте спортпен шұғылдандым. Футболдан  республика деңгейінде 2-ші орын, баскетболдан облыс бойынша 2-ші және 3-ші орын иелендік. Волейболдан облыс деңгейінде  жүлделі орындарға ие боп жүрдім. Еркін күрестен спорт шеберлігіне кандидатпын. Және де тіл үйренуге деген құлшынысым зор. Парсы, түрік, түркімен, ауған, ағылшын тілдерін жетік білемін.

Мұражайда

Алматыға арман қуып, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ЖОО-на дейінгі дайындық факультетіне оқуға түстім. Ұлттық тестілеуден өту үшін барлық пәндерден оқып білім алып жатырмыз. 15-топта Қытай, Моңғолия, Иран мемлекетінен келген қандас бауырлар оқиды. Оқу орнында оқу мен қатар тәрбие жұмысы да жүреді. Әр мемлекеттен келген баланың көңілін тауып, жаңа жерге орнығып кетуінде кураторлардың еңбегі зор. Кураторымыз Идрисова Гүлжан Асанқызы балалармен әрқашан бірге, бізге қазақтың тарихын таныту мақсатында тарихи орындарға, әсіресе мұражайларға жиі апарады. Ата-бабамыздың қаны тамған атамекеннің тарихы мен мәдениетін танып, біліп жатырмыз.

Мұражайда

Осы жерде емтиханға жақсы дайындалып, болашақта ІТ мамандығына оқуға түскім келеді. Ерінбейтін, мақсаты айқын азамат әрқашанда өз арманына жетеді деп ойлаймын.

Тегтер