Фердоуси – ақылды асқақ тұтқан ақын
Әбілқасым Фердоуси (935-1020) – «Патшалар тарихы» деп аударылатын «Шаһнама» еңбегінің арқасында есімі өз елінің аумағынан асып, даңқы әлемге жайылған парсы ақыны.
Қалам иелері оны «сөз хәкімі», «Тустың хәкімі» деп ұлықтайды. «Шаһнама» – Фердоуси өмірінің отыз жылын сарп еткен, «Әпсаналық», «Батырлық» және «Тарихи» деген үш бөлімнен тұратын, шамамен 50 000 бәйіттік эпостық шығарма; зерттеушілердің пікірлерінше, әлемдегі ең ірі, әрі ең үздік эпикалық туындылардың бірі. Тіпті, Гомердің "Одиссеясы" мен "Илиадасын" қосқандағыдан екі есе көлемді.
Фердоуси диқаншы табынан шыққан. Ирандық фердоуситанушы ғалым Халеғи Мотлақтың пікірінше, диқандар Сасани билігі кезінде ақсүйек тап болған. Мал-мүлік пен байлық тұрғысынан олар екінші сатыда орналасып, жер иеленушілердің үлкен тобын құраған. Олар үкіметке салық төлеу және кіріс келтіру бойынша ең маңызды қор, ирандық әдет-ғұрыптар мен көне мәдениет, ұлттық рауаяттардың сақтаушылары болған. Фердоусидің осындай ортадан шығуы да шығармасының ұлттық фольклорлық элементтерге бай болуына септігін тигізген.
Фердуосидің әдеби жауһары – «Шаһнама» өзінен бұрынғы Әбу Мансур Мамаридің исламға дейінгі Иран тарихын баяндаған проза жанрындағы дереккөзін негіз еткен, жалпы мазмұнын аңыз-әпсаналар мен Иранның көне дәуірінен жетінші ғасырда арабтар басқыншылық жасағанға дейінгі Пишдади, Киани, Ашкани мен Сасани патшалықтары заманындағы тарихты қамтиды. "Шаһнамада" Иранда билік еткен 50 патша, соның ішінде үш бану патша аталған.
VII ғасырда арабтар парсы жұртына ислам дінін әкелді. Арабтар Иранды жаулап алған соң, ислам дінімен қатар мемлекеттік іс-қағаз жүргізуде, ел басқаруда, қоғамдық қатынастарда, білім-ғылым саласында араб тілін жаппай қолданысқа енгізді. Сондай-ақ, араб тілі әдебиет саласында да үстемдік ете бастады. Парсының зиялы қауым өкілдері ислам әлемінде кеңірек танылу үшін және қасиетті Құран тілі болғандықтан, араб тілін үйреніп, шығармаларын сол тілде жазуға тырысты. Осы кезеңде парсы тіліндегі әдебиет құрдымға кетіп бара жатқан. Сол кездегі жылнамашылардың деректерінен белгілі болғандай, Иранның озық ойлы адамдары үшін "тыныштық" кезеңі орнады. Ертеректе жазылған парсы тіліндегі шығармалар «Аллаға қарсы» деген желеумен өртелсе, жаңадан жазылған шығарма жоқтың қасы еді. Иран екі ғасыр шамасында ұлттық рухани-мәдени тәуелсіздіктен мақұрым қалды.
Бұл жағдай шамамен IX ғасырға дейін созылды. Осы кезден бастап ұмыт бола бастаған ұлттық құндылықтарды қайтадан жаңғырту жолында іс-әрекеттер жасалып, Орта Азия мен Хорасанда халифат билігіне қарсы әлеуметтік-экономикалық, саяси қозғалыстар етек алды. Әртүрлі толқулар мен қозғалыстардың нәтижесінде билік басына алдымен ирандық Таһири әулеті (821-873), олардың соңынан Саффари әулеті (873-903) келді. Кейін Бұхарада әдеби, ғылыми қолданыстан шығып, саяси алаңда мәртебесі жоғалып бара жатқан парсы тілін қайта жандандырып, жаңғыртуға көп үлес қосқан, парсытілдес ақын-жазушылардың шығармашылықтарын қолдап, оларға қамқорлық жасаған әйгілі Самани әулетінің (874-999) билігі орнады. Самани әулетінің келуімен парсы тілінің дәрежесі қайта көтеріліп, ұлттық дәстүр, мәдени құндылықтар, әдебиет қайтадан жаңғырып, жандана бастады. IX ғасырдан бастау алып, XV ғасырларға дейін жалғасқан Иран әдебиетінің «алтын ғасыры» бүкіл әлем мойындаған ақындар – Рудаки, Фердоуси мен ибн Сина сияқты ұлы ойшылдарымен ерекшеленеді.
Осындай жағдайда Фердоусиден бұрын көптеген ақындар, дін ғұламалары, тарихшылар мен ойшылдар Иранның көне мәдениеті мен ирандық тәуелсіз билікті қайтару үшін талпыныстар жасады. Мәселен, Әбу әл-Моваййед Балхи «Шаһнаманы» қара сөзбен, Масуди Марвази өлеңмен жазды.
Дақиқи – Масуди Марвазиден кейін Иранның ұлттық батырлық оқиғаларын өлеңмен жазған екінші ақын. Дақиқи Әбу Мансур Мамаридің «Шаһнамасын» өлеңге түсіру жұмыстарын бастағанымен, аяқтап үлгермей, өзінің құлының қолынан өлген. Бұл жайында Фердоуси «Шаһнамада» жазған. Фердоуси Дақиқи бастаған Әбу Мансуридің қара сөзбен жазылған «Шаһнамесін» өлеңге түсіру ісін жалғастырып, өзінің «Шаһнамасында» Дақиқидің өмірін баяндап, ол жазған мың бәйітті енгізген.
Фердоуси «Шаһнаманы» жазу арқылы араб халифатының езгісіне түскен иран халқының ұлттық намысын ту етіп көтеріп, Иранда араб тілі үстемдік еткен білім-ғылым, әдебиет салаларында парсы тілін қайта тірілтіп, отандастарының еңсесін көтеріп, көңілін серпілтті:
Отыз жылда көп мехнат шектім.
Парсы тілі арқылы «әжәмды» тірілттім.
Өлмеймін, бұдан былай мен тірімін.
Өлең сөздің тұқымын септім.
Ел басына күн туып, тіл мен ділдің тағдыры тәлкекке ұшыраған қысылтаяң шақта жазылған Фердоусидің шығармасы араб тілімен шұбарланбай, парсы тілінің тазалығын сақтауымен ерекшеленеді. Дегенмен, Фердоуси «Шаһнамада» араб сөзін мүлдем қолданбаған деп кесіп айтуға болмайды. Фердоуситанушы ғалым Саджад Айдинлудың санауы бойынша, "Шаһнамада" 726 араб сөзі әртүрлі тіркес немесе есім түрінде кездеседі.
«Шаһнаманың» тарих пен әдебиеттегі маңызы туралы және бір ирандық ғалым Ислами Нодушан былай дейді: «Фердоуси «Шаһнамада» Иранның исламға дейінгі мәдениетін исламнан кейінгі мәдениетімен байланыстырып, осы күнге жеткізген. Егер Фердоусидің «Шаһнамасы» болмағанда парсы әдебиетінің дамуы қиынға соғып, Омар Хайям мен Моулави, Хафиз секілді ақындар да өз ойларын соншалықты дамыта алмаған болар еді».
Фердоусидің «жел шайқап, жаңбыр мүжісе де мызғымастай етіп өлеңнен өрген зәулім сарайы» – «Шаһнамада» адамзаттың бойындағы көптеген ізгі сипатты мадақтағанымен, сан мәрте атап, ерекше әспеттеген сөзі – ақыл.
Ұлы ақын шығармасының кіріспесін «жан мен ақыл сыйлаған Құдайдың атымен» бастауымен бір мезгілде ақылды асқақ тұтып, оны жаратылыстың артығы атап, Құдайдың берген нығметтерінің ең жақсысы, жақсылық пен ізгіліктің, игіліктің мәйегі, кез келген қиындық пен түйткілдің шешім жолы, дерт пен аурудың ем-дәрмені санаған. Ал ақылсыздық қайғының себебі дейді. Ақынның пайымдауынша, адам ақыл таразысына салу арқылы жақсы мен жаманды айырып, тірісінде осы дүниенің бақытына жетіп, о дүниеде де құтқарылады. Фердоуси ақыл сөзін шығармасының өн бойында көп қуаттайтыны сондай, патшаларға ақылдың артықшылығын тура айтуымен қоса, тіпті жанама түрде самұрық, Соруш сияқты мифологиялық кейіпкерлері арқылы да Рүстем мен Ескендірге ақыл қосқызады.
«Шаһнама» – парсы тілдес халықтардың арасында ғана емес, әлем әдебиетінде де айтарлықтай ықпал мен зор ықыласқа ие, әрі көп тілге аударылған ең үлкен кітап.
1222 жылы Бондари Исфаһани оны алғаш рет араб тіліне аударды. Содан кейін-ақ түрлі тілдерге аудару үрдісі жүріп, әлем «Шаһнамамен» таныса бастады. Қазақты «Шаһнаманың» рухымен қауыштырған ақын – Тұрмағамбет Ізтілеуұлы.
Сыр бойы жыраулық мектебінің өкілі, түркі, парсы, араб әдебиетінің ортақ қайнарынан сусындап, қазақ жырының тұғырын биіктеткен Тұрмағамбет ақын Әбілқасым Фердоусидің «Шаһнаманы» тікелей аударған жоқ. Фердоуси сияқты маснәуи жанрымен, мотақариб уәзіндік өлшеммен де жырламады. Ол дастанды түркілік әдебиеттің мұрасы іспеттес 11 буындық қара өлең өлшемімен жазып, «Рүстем-Дастан» атауымен қазақ оқырманына ұсынды.
Иран күнтізбесі бойынша ордибеһешт айының жиырма бесі, сәйкесінше мамыр айының он төрті – ұлы ақынды еске алатын күн. Бұл күні Иранда ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде Фердоуси шығармашылығына тәнті қауым әртүрлі әдеби іс-шара өткізеді.
Айнаш Қасым.