Бір жылдық пандемия кезінде коронавирус туралы түсінігіміз қалай өзгерді?
(last modified Wed, 13 Jan 2021 18:33:36 GMT )
Қаң 14, 2021 00:33 Asia/Almaty
  • Бір жылдық пандемия кезінде коронавирус туралы түсінігіміз қалай өзгерді?

Өткен жылы 11 қаңтарда Уханьда белгісіз аурудан пайда болған тылсым инфекциямен күреске ақырында әлемдік ғалымдар қауымдастығы қосылды.

GenBank халықаралық ашық мағлұматтар базасында 2019-nCoV атты жаңа коронавирустың геномы жарияланды. Кейін оған Sars-CoV-2 деген ресми атау берілді.

Вирустың 30 мыңға жуық буыннан тұратын РНК генетикалық тізбегін толық ашып, анықтау ғалымдарға алғаш рет "дұшпанның бетіне тура қарап", нендей нәрсемен бетпе-бет келіп отырғанын түсінуге мүмкіндік берді.

Тура сол күні бірнеше елде Covid-19-ға қарсы вакцина жасау жұмысы басталды.

BBC-дің орыс тіліндегі қызметі өткен жылда коронавирусқа қатысты түсінігіміздің қалай өзгергені және ғылым теріске шығарса да, халық арасында әлі де кең таралған жалған гипотезаларды сараптады.

"ПАНДЕМИЯ ТҰМАНЫ"

Өткен көктемде ғалымдар жаңа вирус жайлы ештеңе білмей, үкіметтер жорамалдап шешім қабылдауға мәжбүр болғанына байланысты әлем бойынша өмірдің барлық салаларында бейберекеттік байқалды.    

Қазір бізге сол кездегі шешімдердің бірқатары дұрыс әрі уақытылы, басқалары әсері жеткіліксіз немесе уақытынан кеш, ал үшіншілері мүлде қате шаралар болып көрінеді.

Ал ғалымдар асығыс нәтиже шығармауға шақырады. Олардың айтуынша, пандемия тұманы сейіліп, өткенге көз жүгіртіп, зерттеуге мүмкіндік болған жағдайда ғана кез келген шараның тиімділігін толық бағалауға болады. Ғылыми көзқарас ұдайы шынайы өмірден сәл кейін жүреді, өйткені ол өткен оқиғаларға жасалған сараптамаға негізделеді.Мысалы, өткен жылғы Жаңа жылда вирус жасырын түрде Италияны кезіп жүрген екен. Ал біздің одан хабарымыз болмапты. Ақпан айында ДДҰ-ның мамандары Қытайда қатаң карантин жариялап, эпидемияны Азия және Тынық мұхиты аймағынан шығармаса, жаңа аурудың таралуын тоқтатуға болады деп үміттенген. Алайда кейін мәлім болғандай, сол кезде вирус АҚШ-қа жетіп үлгерген екен.

Әлі күнге дейін ғалымдар вирусқа қатысты көптеген сұрақтарға жауап таппады. Бірақ кейбір жайттар жайлы нақты айтуға болады. Дәл қазір нақты мәлімет мынадай (әлі жоққа шығарылмады):

1. Вирус барлық адамға қауіпті (арасында сіз де барсыз)

Жас бойынша және созылмалы аурулардың болу-болмауы тұрғысынан өздерін қауіпке ұшыраған топ қатарына жатқызбайтындар "коронавирус кез келген адамды өлтіреді, бірақ мені емес" деп ойлайды. Бұл – қате түсінік.

Covid-19-дан көз жұмғандар тізімінде шынымен-ақ сан жағынан қарттар мен науқас адамдар көп.  

Бірақ қазір аурудың ауыр өтуі адамның генетикасына байланысты екенін білеміз. Яғни вирус кез келген адамға қауіпті бола алады. Пандемия құрбандары тізімінде созылмалы ауруға шалдықпаған жастар, дені сау жасөспірімдер мен балалар да бар.  

2. Індеттен сауығу бірнеше айға созылады

Көбіне бірнеше күнге созылатын тұмау және гриппен салыстырғанда адам ағзасының Covid-19-бен күресі айтарлықтай ұзаққа созылады.

Өткен жылы наурыз айында ғалымдар есептегендей, вирустың алғашқы белгілері пайда болған кезден науқастың толық жазылып шыққанына дейін орташа алғанда 25 күн өтеді. Алайда бұл статистика тек жағдайы қатты нашарлап, ауруханаға жатқызылған науқастарды қамтыған.

Жылдың соңына қарай вирустың тірі үлгілері адам ағзасында аурудың тоғызыншы күні пайда болатыны анықталды. Содан кейін науқас айналасына қауіп төндірмейді (Жұқпайды деген мағынада болуы керек-аудармашының ескертпесі).  Алайда ПЦР тесттер бір-екі немесе тіпті үш аптадан кейін ағзада вирус барын растай береді.

Мысалы, дәм сезу қабілетін жоғалтқан науқаста бұл қабілет бір-екі айдан кейін қайта қалпына келуі мүмкін. Ал толық сауығуы ұзақ мерзімге созылуы ықтимал. 

Соңғы мәліметтерге сәйкес, эпидемия басталғанда Уханьда ауруханаға жатқызылған 1700-ден аса науқастың «жазылып шыққан» үштен бірінде  жарты жылдан кейін Covid-19-дың кем дегенде бір белгісі байқалған. 

3. Covid-19 – тар жердің ауруы

Эпидемияның басында іс жүзінде ауру жайлы ештеңе мәлім болмаған кезде ДДҰ мамандары алдын алу шарасы ретінде бірінші кезекте қолды жиі жууға (кем дегенде 20 секунд) және бетті ұстамауға кеңес берді.

Мұның екеуі де әлі өзектілігін жойған жоқ, ДДҰ-ның ресми кеңесі саналады. Қолды ұдайы жуу көптеген инфекциядан қорғайды. Алайда кейінгі зерттеулер көрсеткендей, коронавирус қонған жерлерге қол тиюден өте сирек таралады (мысалы, бізге таныс тұмауға қарағанда) және «кір қолдың ауруы» саналмайды.  

Вирустың таралуының басты жолы – індетке шалдыққан науқастың әсіресе жөтелген кезінде ауаға тараған ұсақ сілекей мен қақырық тамшысы. 

Салыстырмалы түрде ірі бөлшектер шынымен-ақ зат бетіне қонады, бірақ олар сол жерде тез кеуіп, бірнеше сағаттан кейін қауіпті болудан қалады. Ұсақ тамшылар әлдеқайда қауіптірек. Өйткені олар ауада сағаттар және тіпті тәуліктер бойы қалқып тұра алады.  

Вирус әсіресе жабық, ауасы дұрыс тазартылмайтын жерлерде (бөлме, үй, кеңсе, ғимарат) ұзақ сақталады. Осындай жағдайда жаппай індетке шалдығу байқалып, кластер түзіледі.  Ашық ауада Covid-19 жұқтыру қаупі азырақ.

4. Бетперде шынымен-ақ вирустан қорғайды

Көптеген елдерде бетперде тағу міндетке айналғанынан көп бұрын ДДҰ мамандары эпидемия басталған кезде-ақ қоғамдық орындар мен көліктерде мұрын мен ауызды жабатын бетперде тағуға кеңес берді.

Көп адамдар бұл шараның тиімділігіне күмән келтірді. Өйткені вирус бөлшегінің ұсақтығы сондай, кез келген матаның тесігінен оп-оңай өтіп кетеді. Сонымен қатар бетперде таққан адам «қорғалдым» деп ойлап, оны тақпаған адамға қарағанда қауіптірек әрекеттер жасауы мүмкін.  

Бірақ кейін жүргізілген зерттеулер көрсеткендей, бетперде шынымен-ақ вирустың таралуын азайтады. Бетперде айналадағыларды инфекциядан сақтап қана қоймайды, оны таққан адамды да айтарлықтай қорғайды.

Бетперде тағу тиімді, өйткені адам індетке шалдыға салысымен өзі білмей айналаға қауіп төндіре бастайды. Ал індеттің белгілері кейінірек байқалады (егер байқалса).  

Мамандар мүмкіндігінше медициналық дәке емес, көп қабатты және көп қолданылатын матадан жасалған бетперделерді пайдалануға кеңес береді. Бастысы, ол ауыз бен мұрынды жауып, бетке нықтап тағылып тұруы тиіс, тыныс алуға да ыңғайлы болуы керек.  

Қалай болғанда да, бетперде тағу әлеуметтік қашықтықты сақтау қажеттігін жоққа шығармайды.    

5. Ең жақсы қорғаныс – вакцинация

Бір жыл бұрын эпидемия енді басталғанда ғалымдар жалпы жаңа коронавирусқа қарсы вакцина жасап шығуға болады дегенге күмәнмен қарады.  

Жылдың соңына қарай жаппай вакцинациялауды бастауға болатыны жайлы мүлде сөз болған жоқ. Ең оптимистік болжамдарда тиімді вакцина 16-18 айдан кейін пайда болады деп айтылды.  

Вирустың геномын анықтаудың бір жылдығын әлем 4 дайын вакцинамен қарсы алды. Тағы ондаған вакцина дайындалу үстінде. Соның ішінде жуырда новосібірлік «Вектор» зерттеу орталығы дайындаған екінші ресейлік вакцина бекітілуі тиіс.    

Вирус мутацияланып жатқанына қарамастан, ғалымдар дайын вакциналардың болашақта иммундық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қабілетін жоғалтпайтынын айтып отыр.  

Вакцинация арқылы алынған иммунитеттің аурудан кейін қалыптасқан табиғи иммунитеттен айырмашылығы бар. Соңғы зерттеулер көрсеткендей, жазылған адам 6-8 айдан кейін Covid-19-ға қайта шалдығуы мүмкін. Ал вакцина өндірушілер препараттың вирустан 2 жылға қорғайтынын айтуда. Дегенмен, бұл туралы тек 2022 жылдың жазында толық сеніммен айтуға болады.   

Николай Воронин                            

Ғылыми істер жөніндегі корреспондент

11.01.2021

Аударған: Гаухар Омарханова

Тегтер