Астанада «Иран өнерінің тарихы» кітабының қазақ тіліндегі аудармасы таныстырылды
(last modified Mon, 22 May 2023 12:35:17 GMT )
Maм 22, 2023 18:35 Asia/Almaty
  • Астанада «Иран өнерінің тарихы» кітабының қазақ тіліндегі аудармасы таныстырылды

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Иранның қазіргі заманғы танымал суретшісі, доктор Хабиболла Айатоллаһидың «Иран өнерінің тарихы» кітабының қазақ тіліндегі аудармасын таныстыруға арналған іс-шара өтті.

Шараның ашылуында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Нұрғалиева Ғазиза Құдайбергенқызы мен Қазақстан Республикасындағы Иран Ислам Республикасы елшілігінің мәдени істер жөніндегі кеңесшісі Әли Акбар Талеби Матин құттықтау сөз сөйледі. 

«Иран өнерінің тарихы» кітабын парсыдан тәржімалаған шығыстанушы, филология ғылымының кандидаты Айнаш Қасым еңбектің тарихи деректер негізінде жазылған сенімді дереккөзі болғандықтан ғылыми тұрғыдан құндылығының жоғарылығына тоқталды. 

Айнаш Қасым қазақ тіліне аударған кітаптың мазмұны көне өркениет ошағы – парсы жұртының өнер тарихына арналғанын, үш кезеңге бөлініп жазылғанын, бірінші бөлімінің ежелгі дәуірден бергі, яғни Исламға дейінгі Иран тарихын, екінші бөлімі Исламнан кейінгі және Пәһләви кезеңінің соңына дейінгі, үшінші бөлімі Иран Ислам революциясынан кейінгі өнер тарихын қамтитынын айтты. Аудармашы сөйлеген сөзінде кітапта сәулет, жартастардағы нақыштар, тарихи ескерткіштердегі бедерлер, сурет, кескіндеме, мүсін, музыка, тоқыма, керамика, каллиграфия, металлдың бетін безендіру және тағы басқа көптеген өнер түрлері тарихи кезеңдеріне сай жан-жақты қарастырылғанына да тоқталды.

Мәдени іс-шарада журналист, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қуаныш Жиенбай сөз сөйлеп, Қазақстан мен Иранның мәдени байланыстары туралы айтып, аударылып, оқырманға жол тартқан еңбектің екі ел арасындағы байланыстарды нығайтуға үлес қосарына және қазақ тарихының да парсы тіліне аударылуына үміт білдірді.
Кітап бүгінде әлемнің көптеген тіліне, соның ішінде ағылшын, араб және тағы басқа тілдерге аударылған. Түпнұсқа тіл – парсы тілінен қазақ тіліне тұңғыш рет аударылып, биыл Теһрандағы «Әл-Һода» баспасынан 500 дана тиражбен, 512 беттік көлемде жарыққа шықты.