Теңіз бен әуедегі соғыс теңгерімі Йемен халқының мүддесіне қарай өзгерді
https://parstoday.ir/kz/news/west_asia-i38427-Теңіз_бен_әуедегі_соғыс_теңгерімі_Йемен_халқының_мүддесіне_қарай_өзгерді
Йеменнің Жоғары революциялық комитетінің мүшесі Сауд Арабиясының аймақта үстемдік ету жобасы жеңіліс тапқан соң теңіздегі соғыс теңгерімінің де Йемен халқының мүддесіне қарай өзгергенін айтты.
(last modified 2026-03-19T19:42:26+00:00 )
Шіл 27, 2018 17:21 Asia/Almaty

Йеменнің Жоғары революциялық комитетінің мүшесі Сауд Арабиясының аймақта үстемдік ету жобасы жеңіліс тапқан соң теңіздегі соғыс теңгерімінің де Йемен халқының мүддесіне қарай өзгергенін айтты.

Садеқ Абу Шариф жұма күні Al-Alam ақпарат арнасына берген сұхбатында Баб ул-Мандеб бұғазы мен Қызыл теңіздің басқыншылар үшін қауіпсіз емес екенін айтып: "Йемен өзін осы екі аймақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті санайды. Басқыншы елдер, соның ішінде Сауд Арабиясы мен БАӘ бұл аймақта ешқашан қауіпсіз болмайды",-деді. Абу Шариф Йемен ұшқышсыз ұшақтарының қуаты жайында: "Соғыс алаңы жерден көкке ауысты. Енді йемендік ұшқышсыз ұшақтар саудиялық қырғи ұшақтар мен зымырандарды жояды. Йеменнің теңіз күштері өткен 48 сағаттың ішінде осы елдің батыс жағалауларында саудиялық коалицияның екі соғыс кемесін жойды",-деді.

Екі соғыс кемесі жойылғаннан кейін Сауд Арабиясының Энергетика министрі Халед әл-Фалах Сауд Арабиясының мұнайын Баб ул-Мандеб бұғазы арқылы тасымалдаудың тоқтатылғанын мәлімдеді. Йеменнің Ансаролла қозғалысының ақпарат өкілі де бұдан былай басқыншы елдердің астаналарының қауіпсіз болмайтынын хабарлады.

Сауд Арабиясы өзі құрған коалициямен 2015 жылдан бастап Йеменге шабуыл жасады. Басқыншылар Йемен мен Баб ул-Мандеб бұғазын басып алуды мақсат етті.