Тель-Авивтің маңында "Темір күмбез" атты зымыранға қарсы қорғаныс жүйесі орнатылады
Сионистік режимнің әскері Палестина қарсыласу қозғалысының зымырандық шабуылдарымен күресу мақсатында Тель-Авивке жақын маңда "Темір күмбез" атты зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін орнататынын хабарлады.
Палестина ақпарат тарату орталығының мәліметіне сәйкес, Палестина қарсыласу қозғалысы сионистік режим әскерінің Газа секторына басқыншылығы мен палестиналықтарды жаппай қыру әрекетіне жауап ретінде сионистік режимнің Газа секторына шекаралас орналасқан қалашықтары мен әскери базаларына 220-дан астам зымыран атқан. Сионистік ақпарат құралдарының хабарлауынша, "Темір күмбез" жүйесі атылған зымырандардың тек аз бөлігін ғана анықтай алған.
Зымырандық техника құрастырушы, инженер және "Израиль қауіпсіздігі" атты сыйлықтың лауреаты Моти Шефер: ""Темір күмбез" аймақтағы ең үлкен алдау саналады. Израиль әскері миллиардтаған доллар ақшаға қол жеткізу үшін бұл жүйені бірнеше мемлекеттің арасында әлемдік деңгейде жарнамалап, сатуға талпыныс жасап жатыр. "Темір күмбез" жүйесі негізінде палестиналықтардың зымырандарын анықтай алмайтын жай ғана дыбыстық және сәулелік қойылым болып табылады",- деді.
Сионистік режимнің стратегиялық істер жөніндегі маманы Йосси Милман да "Темір күмбез" жүйесінің сәтсіздігі туралы: ""Темір күмбез" жүйесінің көптеген израильдік әскерилердің өлтіріліп, жаралануына себеп болатын Палестина қарсыласу күштерінің қысқа қашықтықтағы снарядтарын анықтауға шамасы келмейді",- деді.