Йемен ең ауыр гуманитарлық апат қарсаңында
Йеменге қарсы соғыс миллиондаған халықты босқынға айналдырып, әйелдер мен балаларды ауру, дағдарыс пен ашаршылыққа тіреді.
Иран Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Сейед Аббас Мусави жұма күні Twitter-дегі жеке парақшасында саудиялық қылмыстар мен Йемендегі COVID-19 вирусының таралуының елді гуманитарлық апатқа тірегенін еске салып: «Британия үкіметі Сауд Арабиясына қару экспорттаудан пайда тауып, өз қолын Йеменнің жазықсыз халқының қанына былғады. Британия тарихтың дұрыс жағына шығуы керек»,- деді.
Ұлыбритания Премьер-министрі Борис Джонсон мен оның үкіметі өздерін Йемен соғысын тоқтатудың қолдаушысы етіп көрсетуге талпынғанымен халықаралық Oxfam ұйымының мәліметінше, Британия 2015 жылдың қаңтарынан бері Сауд Арабиясына 6,4 миллиард фунтқа қару сатуға рұқсат беріп, саудиялық күштердің әскери жаттығуында шынайы рөл атқарған. Oxfam ұйымының мәлімдемесінде 2014 жылы іске қосылған қару-жарақ саудасы жөніндегі халықаралық келісімнен кейін Британия мен Сауд Арабиясы келісімдерінің артқаны көрсетілді. Британияның қару-жарақ саудасына қарсы қозғалысының аға мүшесі Эндрю Смит Oxfam мәлімдемесіне реакция білдіріп: «Британияда жасалған қарудың Йеменде жойқын рөл атқарғанында күмән жоқ. Британиялық әскери ұшақтар Йеменнің көгіне көтеріліп, бомбалары мен зымырандарын халықтың үстінен жаудырды»,- деді.
Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірлігі 2015 жылдан бері бірнеше араб мемлекетінен құрылған коалиция ретінде АҚШ-тың көмегімен елден қашқан Абдрабе Мансур Хадиді қайтаруды сылтауратып, ең кедей араб елі Йеменге қарсы кең ауқымды шабуыл бастап, өзінің саяси мақсаттарын жасырғысы келді. Бүгінде Йеменде екі ағымға куә болып отырмыз. Біріншіден, қару саудасы гуманитарлық апатқа қарамастан жалғасып жатыр. Екіншіден, адамзатқа қарсы қылмыстар осы үдерістің жалғасы. Йемен соғысы мектептер, ауруханалар мен елдің инфрақұрылымдарын қиратты. Батыстың қаруымен жүргізіліп жатқан бұл соғыс осы кезге дейін мыңдаған йемендіктің өлімі мен ондаған миллионның босқынға айналуына соқтырды. БҰҰ мәлімдемесі бойынша, бұл елдегі ашаршылық әлемдегі ең үлкен апатқа айналды. Қару-жарақ саудасы артып отырған жағдайда Йемендегі соғыстың аяқталуы мүмкін емес.