Иран Израиль режимінің үкімет отырысының басып алынған Голанда өтуін айыптады
Иран СІМ-нің ақпарат хатшысы Израиль режимінің үкімет отырысының басып алынған Голан аймағында өтуін айыптап, аталмыш аймақтың Сирияға тиесілі екенін баса айтты.
IRNA ақпарат агенттігінің хабарлауы бойынша, Хусейн Джабер Ансари Израильдің экспансиялық іс-әрекеттері мен басып алынған Голан жоталарында өзінің үкімет отырысын өткізуін және аталмыш аймаққа байланысты жалған уәждерін қайталауын айыптап: «Басып алынған Голан аймағы Сирияға тиесілі. Ерте ме, кеш пе басқыншылардан босатылған соң бұл аймақ сол елге қайтарылады»,-деп мәлімдеді.
Ол бұл әрекетті Израиль режимінің халықаралық заңдар мен нормаларды бұзуы деп атап, сионистік режимнің экспансиялық және арандатушылық іс-әрекеттеріне қарсы халықаралық қауымдастықтың кесімді шара қолдануын талап етті.
Сионистік режимнің премьер-министрі Беньямин Нетаньяху жексенбі күні Сирияның басып алынған Голан аймағында өткен Израиль үкіметінің алғашқы отырысында халықаралық қауымдастықтан Израильдің Голан аймағындағы билігін ресми түрде тануды талап етті.