Ресей мен Қазақстанның әскери ынтымақтастығы кеңейе түсті
https://parstoday.ir/kz/news/world-i12211-Ресей_мен_Қазақстанның_әскери_ынтымақтастығы_кеңейе_түсті
Әскери делегацияны бастап, Қазақстанның елордасы Астана қаласына сапармен барған Ресейдің Қорғаныс министрі Сергей Шойгу сейсенбі күні, 2 тамызда өзінің қазақ әріптесімен екі елдің әскери және қауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастығы жайында сұхбаттасты.
(last modified 2026-03-19T19:42:26+00:00 )
Там 03, 2016 13:23 Asia/Almaty
  • Ресей мен Қазақстанның әскери ынтымақтастығы кеңейе түсті

Әскери делегацияны бастап, Қазақстанның елордасы Астана қаласына сапармен барған Ресейдің Қорғаныс министрі Сергей Шойгу сейсенбі күні, 2 тамызда өзінің қазақ әріптесімен екі елдің әскери және қауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастығы жайында сұхбаттасты.

Осыған орай,  әскери ынтымақтастық мәселесімен қоса, әскери құрал-жабдықтарды беру, аймақтағы әскери және қауіпсіздік шараларға екі елдің стратегиялық түрде қатысуы да тараптар талқылаған тақырыптар болды деп жарияланды.

Кейбір сарапшылардың пікірінше, Қазақстандағы соңғы өзгерістер мен кейбір тәкфирлік топтардың Орта Азия елдері, соның ішінде Қазақстандағы әрекеттерін ескере отырып, экстремизммен күрес және екі елдің осы саладағы әріптестігін арттыру тараптар талқылаған келесі тақырып болған.

Бұған қарамастан, екі елдің бұрынғы әскери әріптестігін назардан тыс қалдырмау керек. Осыған қатысты ортақ әуе кеңістігін нығайту үшін ортақ зымыранға қарсы қорғаныс кешенін құру мен Ресейдің С-300 зымырандарының Қазақстанға тапсырылуын екі елдің әскери ынтымақтастығындағы бетбұрыс нүктесі деп айтуға болады. Кейбір бақылаушылардың пікірінше, Ресей мен Қазақстанның аймақтағы мүдделері бір-біріне сәйкес келеді. Екі ел де аймақта стратегиялық серіктестер ретінде әрекет етеді.

Екі елдің осындай ынтымақтастығының шарықтау шегі 2013 жылы Ресей Президенті Владимир Путин  мен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев  арасында қол қойылған екі елдің әскери ынтымақтастық келісімі  түрінде көрініс тапты. Бұл келісімнің маңыздылығы мынада: Мәскеу мен Астананың  әскери ынтымақтастығын нығайту үшін қол қойылған бұл келісім Вашингтонның Қазақстан мен АҚШ арасында әскери әріптестікті дамытуға бағытталған барлық талпыныстарын зая етті. Бұл жағдай АҚШ пен Ресейдің Қазақстанды әріптестікке тарту жолындағы бәсекелестігі ретінде түсіндіріледі.

Бұл бәсекелестік АҚШ пен Ресей арасында АҚШ-тың зымырандық қалқанының бір бөлігін Шығыс Еуропаға орналастыру және Астананың АҚШ ұшақтарына Ресейге жақын шекаралардағы Қазақстанның әуе кеңістігін пайдалануға жағдай жасауына қатысты текетіресте әсерсіз қалмады. АҚШ пен Қазақстанның әскери қарым-қатынасы мен әріптестігінде осындай жағдай әлі де бар, сондықтан ол Мәскеуді Қазақстанмен әскери әріптестікті нығайтуға көбірек талпыныс жасауға итермелейді. Ресейдің Қорғаныс министрінің Қазақстанға сапарын осы тұрғыдан бағалау керек.