Иран мен Венесуэла Президенттері Каракаста кездесті
(last modified Sat, 17 Sep 2016 08:35:26 GMT )
Қыр 17, 2016 14:35 Asia/Almaty
  • Иран мен Венесуэла Президенттері Каракаста кездесті

ИИР мен Венесуэла Президенттері Қосылмау қозғалысының әлемде бейбітшілік пен тұрақтылық орнатудағы маңызды да әсерлі рөлін қуаттады.

IRNA ақпарат агенттігінің хабарлауы бойынша, ИИР Президенті Хасан Рухани  жұма күні кешке Венесуэла Президенті Николас Мадуромен кездесіп, бұл елді Қосылмау қозғалысына төрағалық етуді бастауымен құттықтап, Теһранның  Венесуэламен осы қозғалысты басқарудағы тәжірибесімен бөлісе алатынын айтты.

Рухани аймақтық және халықаралық маңызды өзгерістерге тоқталып: «Қосылмау қозғалысы қазіргі әлемде сындарлы рөл атқара алады. Бұл қозғалыстың мүшелері өзара ынтымақтастық пен бірлік арқылы өздерінің ұжымдық мүдделерін ілгерілетуі тиіс»,-деді.  

Иран Президенті, сондай-ақ,  мұнай бағасының төмендеуі мен оның әлем экономикасына әсерлері тақырыбына тоқталып: «Нарықты тұрақтандыру, әділ баға және мұнай өндірушілердің үлесін әділ бөлу – осының барлығы қуат өндірушілер мен тұтынушылардың мүдделерінің тұрақты түрде қамтамасыз етілетіндігіне кепілдік береді»,-деп қуаттады.

Венесуэла Президенті де Каракастың Теһранмен әртүрлі салаларда ынтымақтастықты дамытуды көздейтінін айтып: «Иран мен Венесуэла өзара ынтымақтастықты дамыту үшін ауқымды мүмкіндіктерге ие. Венесуэла өнеркәсіп, инфрақұрылымдар мен энергетика саласына ортақ инвестиция  салуды көздейді»,-деді.

Мадуро мұнай бағасының төмендеуі жайлы: «Мұнай өндіруші елдері мұнай бағасының төмендеуінен зиян шегіп отыр. Бірлесе отырып мұнай бағасын тұрақтандыру жолында талпыныс жасау қажет»,-деп қуаттады.