Иран мен Венесуэла басшылары Маргаритада кездесті
ИИР мен Венесуэла Президенттері Қосылмау қозғалысының әлемде бейбітшілік пен тұрақтылық орнатудағы маңызды да әсерлі рөлін қуаттады.
ИИР Президенті Хасан Рухани жұма күні кешке Венесуэланың Маргарита аралында осы елдің Президенті Николас Мадуромен кездесіп, бұл елді Қосылмау қозғалысына төрағалық етуді бастауымен құттықтап, Теһранның Венесуэламен осы қозғалысты басқарудағы тәжірибесімен бөлісе алатынын айтты.
Рухани аймақтық және халықаралық маңызды өзгерістерге тоқталып: «Қосылмау қозғалысы қазіргі әлемде сындарлы рөл атқара алады. Бұл қозғалыстың мүшелері өзара ынтымақтастық пен бірлік арқылы өздерінің ұжымдық мүдделерін ілгерілетуі тиіс»,-деді.
Иран Президенті, сондай-ақ, мұнай бағасының төмендеуі мен оның әлем экономикасына әсерлері тақырыбына тоқталып: «Нарықты тұрақтандыру, әділ баға және мұнай өндірушілердің үлесін әділ бөлу – осының барлығы қуат өндірушілер мен тұтынушылардың мүдделерінің тұрақты түрде қамтамасыз етілетіндігіне кепілдік береді»,-деп қуаттады.
Венесуэла Президенті де Каракастың Теһранмен әртүрлі салаларда ынтымақтастықты дамытуды көздейтінін айтып: «Иран мен Венесуэла өзара ынтымақтастықты дамыту үшін ауқымды мүмкіндіктерге ие. Венесуэла өнеркәсіп, инфрақұрылымдар мен энергетика салаларына ортақ инвестиция салуды көздейді»,-деді.
Қосылмау қозғалысына мүше елдер басшыларының он жетінші саммиты Венесуэланың Маргарита аралында сенбі күні өз жұмысын бастап, ИИР Президенті осы қозғалыстың төрағалығын Венесуэлаға тапсырды.