Қар 19, 2016 18:42 Asia/Almaty
  • АҚШ-тың Өкілдер палатасы Иранға қарсы жаңа әрекеттерін бастады

Республикашылдардың бақылауындағы АҚШ-тың Өкілдер палатасының заңшығарушылары бейсенбі күні Иранға 100-ден артық Boeing жолаушы тасымалы ұшағын сатуға тыйым салатын жоба бекітті.

Амеркалық өкілдер осы жоба арқылы Обама үкіметінің Иранға Boeing жолаушы тасымалы ұшағын сатуға берген жеңілдіктеріне кедергі тудыруды көздеп отыр. Осы жаңа жобаға сәйкес, АҚШ-тың Қаржы министрлігіне Иранға жолаушы ұшағын экспорттауға қатысты кейбір мәмілелерді жүзеге асыру үшін қаржылық ұйымдарға рұқсат беруге тыйым салынған. Бұл заң жобасы Сенатта да бекітілуі тиіс. Қызметінің аяқталуына аз ғана уақыт қалған Барак Обаманың үкіметі АҚШ президентінің мұндай заңға қатысты вето құқығын қолданатынын бірнеше рет ескертті.

АҚШ-тың Өкілдер палатасының бұл әрекетін АҚШ Конгресінің Иранға қарсы адамгершілікке жат әрекеттерінің бірі деп атауға болады. Иранның жолаушы тасымалдайтын ұшақтары ескіргендіктен, жолаушылардың амандығы үшін оларды жаңарту қажеттігі бұрынғыдан бетер сезіледі. Сонымен қатар, Иран жылдарға созылған санкциялардан кейін туризм индустриясын дамыту үшін өзінің жолаушы тасымалына арналған ұшақтарын жаңартуы қажет.

АҚШ-тың Өкілдер палатасының бұл әрекеті "Ортақ қадам" бағдарламасын қайта қарап,  Иранға қарсы қысымдарды арттыруға уәде берген АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Дональд Трамптың жаңа шараларының бірі есептеледі. Өкілдер палатасы сейсенбі күні Иранға қарсы шаралардың жалғасында Иранға қарсы санкцияларды 10 жылға ұзарту жобасына 419 оң дауыс берді. Бұл заң 1996 жылы Иранның энергетика бөліміне инвестиция салған компанияларды жазалау шарасы ретінде бекітілген. Америкалық өкілдер Иранға қарсы санкциялар заңы тежеуші үндеу ретінде қалуы үшін  бұрынғысынша өз күшінде қалдыратынын жариялады. Осылайша, егер Теһран ядролық келісімнің баптарын бұзатын болса, АҚШ оған жауап беріп, осы елдің билігінде отырған президент санкцияларды тез арада қайтара алады.

Шын мәнінде, АҚ Үй, АҚШ-тың Конгресі мен осы елдің түрлі штаттарындағы басшылардың бақылауымен өткен қарашаның сегізі күнгі сайлауда республикашылдар жеңіске жеткеннен кейін Конгрестегі республикашылдар бұрын берген уәделеріне сәйкес, Обама үкіметінің "Ортақ қадам" бағдарламасына қатысты уәделерін бейтараптандыру үшін Иранға қарсы санкциялардың күшеюі немесе осы аяда жасалған қадамдардың күшін жоюға әкеп соқтыратын талпыныстарын жасай бастайды деп күтілген еді. Қазір олар өздерінің уәделерін жүзеге асырып жатыр. Бұл америкалықтардың Иранмен жауласуға негізделген осы шарасы олардың еуропалық одақтастарының наразылығын тудырып отырған жағдайда орын алуда.

Еуропа одағының сыртқы саясат жөніндегі комиссары Федерика Могеринидің пікірінше, "Ортақ қадам" бағдарламасы – Иран мен АҚШ арасындағы екіжақты келісім ғана емес, АҚШ оның бір бөлігі ғана болып табылатын "алтылық" тобы мен Иран арасындағы келісім. Оған қоса БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің 2231 қарары оған құқықтық және заңдық шеңбер анықтап, оның жүзеге асырылуына кепілдік берген. Сонымен қатар "алтылық" тобының басқа мүшелері, атап айтқанда Ресей мен Қытай америкалық республикашылдардың бұл әрекетіне қарсы. АҚШ Конгресінің "Ортақ қадам" бағдарламасына қатысты қисынсыз ұстанымы мен оның Иранға қарсы санкцияларды жоюға қарсылығы әсіресе төмендегі тұрғыдан маңызды болып табылады: ИИР Вашингтонның еуропалық одақтастары мойындағандай, "Ортақ қадам" бағдарламасының баптарын толығымен жүзеге асырған. Сол себепті америкалықтардың өз міндеттерін атқарудан бас тартуына ешқандай себеп жоқ. Осындай жағдайда АҚШ-тың өткен тарихы да көрсеткендей, уәдеде тұрмау және өз міндеттерін орындамау Вашингтонның басқа елдермен қарым-қатынастарында талай рет көзге түскен  АҚШ-тың  айқын ерекшеліктері болып саналады.

 

 

Тегтер