Жел 02, 2016 19:52 Asia/Almaty
  • АҚШ-тың Сенат палатасында Иранға қарсы санкциялар заңын он жылға  ұзарту жобасы бекітілді

АҚШ-тың Сенат палатасының заң шығарушылары 99 оң дауыспен және ешбір қарсылықсыз «Иранға қарсы санкциялар заңы» (ISA – Iran Sanctions Act) деп аталатын заңды он жылға ұзарту жобасын бекітті. Бұл жоба заңға айналу үшін оған АҚШ Президенті Барак Обама қол қоюы керек.

АҚШ-тың Сенат палатасы тарапынан Иранға қарсы санкцияларды ұзарту жобасының бекітілуі Вашингтонның Иранға қарсы дұшпандық қатынасының тағы бір белгісі болып саналады. АҚШ-тың Иранға қарсы біржақты санкцияларының негізі болып саналатын «Иранға қарсы санкциялар заңы» алғаш рет 1996 жылы Иранның мұнай-газ саласына шетелден ірі  инвестиция салғызбау мақсатында бекітілген болатын. Сол кезден бастап бір рет 2006 жылы ұзартылды. Иранға қарсы санкциялар заңының жарамдылық мерзімі 2016 жылдың соңында аяқталады. Бұдан бұрын  АҚШ-тың Өкілдер палатасы бұл жобаны 419 оң, тек 1 ғана қарсы дауыспен бекіткен болатын. Бұған қарамастан Ақ үй  АҚШ Конгресінде аталмыш жобаның бекітілуіне қатысты Обаманың ықималды шарасы туралы белгілі бір позиция ұстанбады. Ақ үйдің ақпарат өкілі Джош Эрнест сәрсенбі күні: «Обама қажет болған жағдайда Иранға қарсы қосымша санкциялар салу үшін қажет өкілеттікке ие»,-деп мәлімдеді. Обаманың Конгрестің аса қажет емес жобаларына қол қойып отырғаны алғаш емес. Алайда АҚШ Сенатының Иранға қарсы санкциялар заңын 10 жылға ұзартуға кесімді түрде қолдауын назарға ала отырып, Обама оған вето жариялаған жағдайдың өзінде ол бұл жобаның заңға айналуына тосқауыл қоя алмайды. АҚШ Конгресі жуырда JASTA жобасына қатысты Обаманың вето жариялағанына қарамай, қайтадан дауысқа салып, АҚШ-тың Сенат палатасында сенаторлардың үштен екісінен астамының дауысын алып, оны заңға айналдырды.  АҚШ-тың Конституциясы бойынша, ел Президенті тарапынан бір заң жобасына вето жарияланған соң Конгресс депутаттарының үштен екісінен астамы ветоны алып тастауға дауыс берсе, сол заң жобасы Президенттің қарсылығына қарамастан заңға айналады.  Иран мен «алтылық» елдерінің «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасы деп аталатын ядролық келісімінен кейін Обама бірқатар бұйрық беріп, Иранның ядролық мәселесіне қатысты санкцияларды тоқтатты. Бұған қарамастан АҚШ Конгресінің өкілдері Иранға қысым жасау тетігін сақтап қалу мақсатымен осы заңды бекіту қажет деп санайды. Осыған орай АҚШ-тың Сенат палатасындағы республикашылдардың жетекшісі Мич Макконал: «Иранның Таяу Шығысқа ықпалының таралуының алдын алу үшін  санкцияларды сақтап қалу қажет. АҚШ-тың жаңа Конгресі мен жаңа үкіметі жаңа жылда осы елдің Иранға қатысты жалпы саясатын қайта қарастыратын болады»,-деді. 

Иранға қарсы санкциялар заңын ұзарту жобасының бекітілуі Вашингтонның  Иранның «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасын орындаудағы ізгі ниетіне көңіл аудармайтынын айқын көрсетіп отыр. Ислам революциясының жетекшісі жуырда Иранға қарсы санкциялар заңын  ұзартудың жаңа санкциялар қабылдау мен соның нәтижесінде ядролық келісімді ашықтан-ашық бұзу болып саналатынын айтқан болатын.  Аятолла Хаменеидің айтуынша, Иранға қарсы санкциялар заңы орындалып, «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасы бұзылса, ИИР соған қатысты реакция білдіретін болады.

Шын мәнінде америкалықтардың амалдары олардың көбінесе Иранға қарсы қысымдарды жалғастыру үшін сылтау іздеп жатқанын көрсетеді. Вашингтонның еуропалық серіктестерінің мойындауынша Иранның ядролық бағдарламасына қатысты алаңдаушылықтардың жойылуына себеп болған ядролық келісімге қарамастан, Вашингтон  Ираннан өзінің басқа талаптары, соның ішінде зымырандық бағдарлама, лаңкестікке қолдау көрсетуді тоқтату уәжі, адам құқығы  мәселесі және Иранның заңсыз сионистік режимге қатысты ұстанымын өзгерту бойынша оң жауап алуды мақсат тұтып отыр. ИИР жүйесінің бұл талаптардың ешқайсысын орындамайтындығы анық. Оның үстіне Иран «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасын тек ізгі ниетті білдіру және осы саладағы қайшылықтарды шешу үшін ғана қабылдады. Иран егер АҚШ тарапынан уәделер бұзылып, санкцияларды жалғастыру сияқты амалдар атқарылатын болса, әрдайым  өзінің бейбіт мақсаттағы ядролық бағдарламасына толығымен қайтып оралу мүмкіндігіне ие екендігін баса айтқан болатын.

 

Тегтер