Қырғызстан Қазақстанға гуманитарлық көмектерін қайтарып жіберді
Бішкек үкіметі Қазақстан үкіметінің Қырғызстанға жібреген гуманитарлық көмектерін жуырдағы екі ел арасындағы келіспеушіліктерге байланысты қайтарып жіберді.
Қазақстанның Қырғызстанға жіберген гуманитарлық көмектері 1500 метр ағаш тақтайлар мен 150 тонна темір мен бірқатар құрылыс материалдарынан тұрды. Бұл көмектер биыл көктемде Қырғызстанның оңтүстігінде орын алған су тасқыны мен жер сілкінісіне байланысты жөнелтілген еді.
Қырғызстан жуырда екі ел арасындағы келіспеушіліктердің туындауына байланысты Қазақстанның жіберген көмегінен бас тартып отыр. Егер бұрын Қазақстан азаматтары Қырғызстан территориясына оңай қатынап жүрген болса, енді биылғы жылдың қазан айының онынан бастап Қазақстан мен Қырғызстан шекараларындағы үш кедендік бекетте халық пен көлік құралдарының ұзын кезегі пайда болды.
Бұл Алмазбек Атамбаевтың Қазақстанға қарсы теріс позиция ұстануы бірінші рет емес. Өткен жылы да Қырғызстан президенті Қазақстан Мәдениет министрінің қырғыздарға қатысты кемсітушілік сөздерін сынға алып: "Мен жүк тасып, хат тасушы және аула сыпырушы болып жұмыс істедім. Бұл жұмыстар ұры министр болғаннан әлдеқайда құрметтірек",- деген болатын.
Қазақстанның Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы: "Мәскеуге немесе Ресейдің басқа қалаларына барғанда дәретханаларды біздің көрші еліміздің жас қыздарының тазалап жүргенін көру өте өкінішті. Қырғызстанда жұмыс пен болашақ болмағандықтан, көптеген қырғыз азаматтары амалсыздан өз елдерін тастап, басқа елдерге кетіп жатады",- деген еді.
Айта кететін жайт, мұның алдында Қырғызстанның президенттік сайлауы қарсаңында Қырғызстан президенттік сайлауына үміткерлердің бірі Қазақстан президентімен кездесіп, бұл кездесу Бішкек үкіметінің теріс реакциясы мен Қырғызстан президентінің өткір сынына ұшыраған болатын. Өткен айда Қырғызстан президенттігіне маңызды үміткерлердің бірі Омурбек Бабанов Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті. Бірақ бұл кездесу Алмазбек Атамбаевтың қатты ашуын тудырды. Осылайша Бішкек үкіметі Астананы Қырғызстанның ішкі істеріне араласуда деп айыптады. Қырғызстан президенті бірнеше күннің ішіндегі сөзінде бірнеше рет Қазақстанға қарсы пікір білдірді. Мысалы үшін, Атамбаев осы жылдың қазанның жетісі күні: "Мен таза әрі ашық сайлау өткіземін. Әрбір адам ел президентін өзі таңдауы тиіс. Ал сайланған адам халыққа қызмет етуге міндетті. Қазақстан үкіметінің неліктен бізге мұндай басшыларды таңғысы келетінін енді жақсы түсінемін",- деді.
Қырғызстан президентінің осындай айыптауларына реакция ретінде Қазақстанның Орталық Сайлау Комиссиясы Қырғызстандағы президенттік сайлауға өз бақылаушыларын жіберуден бас тартып: "Бұл шешім Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың Астананы Қырғызстандағы президенттік сайлауға араласуда деген жалған айыптауларына байланысты қабылданды",- деп мәлімдеді.
Бұған байланысты Қазақстан СІМ де наразылыққа толы мәлімдеме жариялап, Қырғызстан президентінің сөздерін теріске шығарып: "Бұл әрекет екі елдің достық қарым-қатынастарына зиян тигізеді",- деді. Қазақстан үкіметі де Атамбаевтың Қазақстанға қарсы сөздерін Қырғызстандағы президенттік сайлау алдындағы астыртын және үгіт-насихат мақсатындағы әрекет деп бағалады.