Оңтүстік Корея Солтүстік Кореяға бұрын-соңды болмаған қоқан-лоққы жасады
Оңтүстік Кореяның армиясы бұрын-соңды болмаған қоқан-лоққы жасап, қақтығыс пен соғыс орын алатын болса, Солтүстік Кореяны баллистикалық зымыранмен жоятынын мәлімдеді.
Yonhap ақпарат агенттігінің жұма күнгі хабарлауы бойынша, Оңтүстік Кореяның армиясы мәлімдеме жариялап: "Егер Корей түбегінде соғыс басталса, Оңтүстік Корея өзінің зымырандары және жоғары әскери күш-қуатымен Солтүстік Кореяның барлық зымырандық, ядролық және артиллериялық бөлімшелерінің тас-талқанын шығарады",-деп қуаттады.
Бұл мәлімдеме Солтүстік Кореядағы ядролық сынақтармен күрес жөніндегі Төтенше комитет "АҚШ-қа ойына да кіріп шықпайтын тұтқиылдан шабуыл жасалады" деп жариялаған соң таратылды.
Мұнымен бір мезгілде Солтүстік Кореяның ақпарат агенттігі де: "АҚШ өткен бір апта ішінде аймаққа ядролық құрал-жабдықтарын әкеліп, Оңтүстік Кореямен теңіз жаттығуларын өткізу арқылы қатерлі әрекет жасады. Кез келген сәтте ядролық соғыс басталып кетуі мүмкін",-деп хабарлады.