АҚШ-тағы мұсылмандар санының екі есе артатыны туралы болжам жасалды
Жаңа зерттеу жұмыстарының нәтижелері АҚШ-тағы мұсылмандар санының екі есеге артатынын көрсетіп отыр.
Америкалық PEW институтының жаңа зерттеулері АҚШ-тағы мұсылмандар санының артып, алдағы жиырма жылдың ішінде 8,1 миллионға жететінін көрсетіп отыр. Бұл болжамға сәйкес, АҚШ-тағы мұсылмандар санының артуы көші-қон мен бала туудың артуы нәтижесінде болмақ. Сөйтіп, мұсылмандардың саны қазіргі көрсеткіштен екі есеге артатын болады. Қазіргі таңда АҚШ-та шамамен 4 миллионға жуық мұсылман өмір сүріп жатыр. Вашингтон мен Нью-Джерси қалаларында ең көп мұсылмандар шоғырланған.
PEW зерттеу институты 2040 жылға дейін мұсылмандардың сан бойынша АҚШ-тағы екінші ірі діни топқа айналатынын мәлімдеді. Қазір АҚШ-тағы ұстанушыларының саны ең жоғары екінші дін яхуди діні саналады. Зерттеулердің нәтижелері АҚШ президенті Дональд Трамп мұсылмандарға қарсы көші-қон саясатын күшейткен жағдайда жарияланды.