Иран Стокгольмдегі "Йемен бейбітшілігі" келіссөздерінің нәтижелерін қолдады
Әрдайым "йемендік-йемендік" келіссөздерді өткізуді ұсынып келген ИИР Швециядағы келіссөздерді қолдап, оның нәтижелерін құптады.
Иран СІМ-нің ақпарат хатшысы Бахрам Ғасеми жексенбі күні жарияланған Mehr ақпарат агенттігіне берген сұхбатында Йемен дағдарысының жаңа кезеңге аяқ басқанын айтып: "Әлемнің Йемендегі соғысты тоқтатуға бағытталған ар-ұжданы ояна бастады",- деді.
Ғасеми Иранның 2015 жылдың сәуір айында Йемен дағдарысын шешу үшін ұсынған төрт тармақты жобасына тоқталып: "Бұл жоба – тыныштық пен тұрақтылық орнатып, салыстырмалы түрде Йемендегі қалыпты жағдайды қайтарып, басқыншылықты доғара алатын жолдардың бірі ",- деп баса айтты.
Иранның жобасы келесідей төрт тармақты қамтиды: қақтығысты доғару және жедел түрде атысты тоқату бітімін орнату, гуманитарлық көмек жіберу, барлық йемендік тараптар арасында саяси келіссөздерді бастау және жалпыұлттық үкімет құру.
БҰҰ-ның бақылауымен Швецияда өткен йемендік топтар арасындағы келіссөздер барысында оң қадамдар жасалды. Желтоқсанның алтысы Швецияның Стокгольм қаласында барлық йемендік тараптардың қатысуымен басталған келіссөздердің төртінші кезеңі 2018 жылы желтоқсанның он үші, бейсенбі күні әл-Ходейдада атысты тоқтату бітімін орнату және қос тарап арасында тұтқындармен алмасуға қатысты алғашқы келісіммен аяқталды. Дәрі-дәрмек, азық-түлік пен халыққа қажет заттар жіберу үшін әуе рейсінің ашылуы мен БҰҰ күштерінің әл-Ходейда айлағындағы қауіпсіздікті бақылауға алуы да осы келісімнің мазмұнына кіреді. Йеменде бейбітішілік орнатуға арналған келіссөздердің кезекті кезеңін БҰҰ-ның бақылауымен 2019 жылы қаңтардың соңында өткізу жоспарланып отыр.
Йемендегі соғысты доғару әлемнің, атап айтқанда Батыс елдерінің Сауд Арабиясының Йемендегі адамгершілікке жатпайтын әрекеттерін тоқтатуға деген ерік-жігерін қажет ететіні сөзсіз. Саудиялық коалиция АҚШ-тың қолдауымен 2015 жылы наурыздың жиырма алтысында Йеменге шабуыл жасап, кейін бұл елді құрлық, теңіз және әуе арқылы қоршауға алды. Сауд Арабиясының шабуылдары мыңдаған йемендік бейбіт тұрғынның қаза болуына себеп болды. Рияд басшыларының адамгершілікке жатпайтын әрекеттері Йеменді адами апатқа жеткізді.
БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғары комиссары Мишель Бачелет әскери емес тұрғындарды азаптауды доғаруды талап етті. Бұл Йеменде орын алып жатқан ащы шындықты қабылдау дегенді білдіреді, сондықтан халықаралық қауымдастық мәселеге шындап қарауы тиіс. Осындай жағдайда «йемендік-йемендік» келіссөздер арқылы бейбітшілкке қол жеткізу аса маңызды.
ИИР Йемендегі соғысты саяси жолмен шешу қажет деп санайды. БҰҰ-ның бақылауымен өткен Швециядағы бейбітшілік келіссөздерінің нәтижелерін Йемендегі соғысты доғару жолындағы маңызды қадам ретінде бағалағанмен, әлі де көптеген алаңдаушылық қалып отыр. Сондықтан бұл келісімнен кейін қандай қадам жасалатынын байқау керек.