Трамп Иран жайлы әлі өтірік айтып жүр
(last modified Mon, 07 Jan 2019 11:08:55 GMT )
Қаң 07, 2019 17:08 Asia/Almaty
  • Трамп Иран жайлы әлі өтірік айтып жүр

АҚШ Президенті өзінің әсірешіл сөздері мен өтірігін жалғастырып, Иранның АҚШ-пен келіссөз өткізгісі келетінін айтты.

 

Жақында Трамп тілшілерге берген сұхбатында: «Иранның жағдайы мүлдем жақсы емес. Олар келіссөз жүргізгісі келеді»,-деді.

Бұл АҚШ Президентінің Иранмен диалог өткізу туралы айтқан алғашқы сөзі емес. Өткен екі жылда Трамп ирандық басшылармен келіссөз жүргізуге дайын екенін бірнеше рет жариялады. Ол тіпті бірде «Теһранмен келісім жасауға мүмкіндік тууы үшін ирандықтардың Ақ үйге телефон шалуы жеткілікті» деген болатын.

Соған қарамастан, америкалықтар ирандық басшылармен келіссөз жүргізуге әзірлігі туралы лепірме сөздерімен бір мезгілде ядролық келісім мен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің №2231 қарарын бұзумен айналысып, тоқтатылған санкцияларды Иран халқы мен үкіметіне қарсы қайта іске қосты. Сонымен қатар Трамп пен оның көмекшілері, соның ішінде АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео мен ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джон Болтон ирандықтарға қарсы құрметсіздік білдіріп, қоқан-лоққы жасады.

Осындай қарама-қайшы қатынас ядролық келісімнен шыққан соң АҚШ-тың саяси оқшаулығы күшейгеннен кейін басшыларының өздерін бейбіт келіссөздерге дайын тарап ретінде таныстыруға талпынып жатқанын көрсетеді. Кез келген диалогты бастау тараптардың өзара құрмет көрсетіп, арандатушы және қорқытушы әрекеттерден аулақ болуын қажет етеді. ИИР: «АҚШ «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасынан шығу арқылы халықаралық келісімді бұзып, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарын аяқ асты етіп, Теһранмен келіссөз үстелінен тұрып кетті. Иранмен келіссөз жүргізу америкалықтардың осы келісімге қайта оралуына байланысты»,-деп сан рет мәлімдеді. Басқаша айтқанда, Иран мен АҚШ өкілдері арасындағы ядролық келісім туралы кез келген қатынас Вашингтонның өз ұстанымын өзгертуі мен Трамп үкіметі жасаған қателіктерді түзетуімен тікелей байланысты.

ИИР СІМ-нің ақпарат хатшысы Бахрам Ғасеми 6 қаңтарда Теһранда Дональд Трамптың Иранның АҚШ-пен келіссөз өткізгісі келетіні туралы сөздеріне реакциясында: «Дональд Трамп тек өзінің бос қиялдары мен талап-тілектерін айтып отыр. Олар шындыққа мүлдем жанаспайды. Ол ИИР-ның ондаған жыл бойы АҚШ-тың қысымдары және санкциялық саясатымен таныс екенін және оларға қарсы тұрып келе жатқанын біледі»,-деді.

Бұл ұстаным Иранның қысым мен қоқан-лоққы астында америкалықтармен қандай да бір келіссөз өткізуге ұмтылмайтынын көрсетіп, күмәнді сейілтеді. Бұған қарамастан, «Вашингтон пост» газетінің 2018 жылғы жазуы бойынша, күніне орташа есеппен 15 өтірік айтатын Президенттің алдағы апталар мен айларда Иран мен оның ұстанымдары жайлы өтірігін жалғастырудан бас тартатынына сену қиын.