АҚШ Венесуэлаға қарсы төңкерісшіл әрекеттерін жалғастырып жатыр
АҚШ-тың Венесуэла ісіне араласуы жалғасып жатыр. Тіпті, жуырдағы әрекетінде Вашингтон Венесуэла үкіметімен әріптестік жасайтын банктерге бұл елмен әріптестіктерін жалғастырған жағдайда санкцияға ұшырайтындарын айтып, қоқан-лоққы жасады. АҚШ үкіметінің Венесуэла істері жөніндегі арнайы өкілі Эллиот Абрамс Вашингтонның санкциялар желісін кеңейтуді көздеп отырғанын, Мадуро үкіметінің бұйрықтарын орындап отырған қаржы институттарына қарсы көбірек санкция салынатынын хабарлады.
АҚШ Венесуэла Президентінің Николас Мадуроның солшыл үкіметін құлатып, оның орнына өзіне бағынышты үкімет әкелуді ойластырып жүргеніне біраз болды. Сол себепті АҚШ Венесуэлада президенттік сайлаудың дұрыстығына күмән тудырып, Мадуроның екінші президенттік кезеңін ресми танымай, төңкеріс, қоқан-лоққы және Мадуро үкіметіне қарсыларды қолдау арқылы оның солшыл үкіметін құлатуға әрекет жасап жатыр.
Санкция – Вашингтонның Венесуэлаға қысым жасау үшін қолданып отырған ең негізгі құралдарының бірі. Осы уақытқа дейін Венесуэланың әртүрлі жоғары лауазымды тұлғалары, мұнай мен энергетика саласы, банктер, қаржы және валюта айналымы санкцияға ұшырады. Алайда, қазір Вашингтон Венесуэла үкіметіне қысымдарды арттыру үшін осы елмен әріптестік жасайтын банктерді де санкциямен қорқытып отыр. Бұл халықаралық заңдарға қайшы. Шын мәнінде, БҰҰ-ның басқа елдердің ішкі істеріне араласуға тыйым салатын жарғысын бұзу саналады.
Ресейдің халықаралық қатынастар кеңесінің басшысы Иван Тимофеев: "АҚШ өзінің ұлттық заңдарын Еуропа, Қытай мен Ресей азаматтарына, компаниялары мен басқа кез келген адамға таңады. Егер басқа елдердің банктері мен компаниялары Венесуэланың санкцияға түскен жеке және құқықтық тұлғаларымен қарым-қатынаста болса, АҚШ-ның санкцияларының аясына кіріп кетеді. АҚШ-ның санкциялары ірі компаниялар үшін өте қауіпті",-деді.
АҚШ Венесуэлада саяси-экономикалық қиындықтарды күшейтіп, қысымды арттыру үшін санкциялардың аясын кеңейтіп қана қойған жоқ, Мадуроның заңды үкіметіне қарсы төңкерісшіл саясатты жалғастырып, осы елдің ішіндегі бүлдіргі әрекеттерге қолдау көрсетіп отыр. Венесуэланың ең үлкен электр стансасы саналатын Эль-Гури СЭС-дағы бүлдіргі әрекеттер өткен бірнеше күнде ел астанасы Каракас пен басқа 15 облыста электр энергиясының сөндірілуіне себеп болды.
Оппозиционерлер бұл қиындықтың туындауын үкіметке жауып, оның себебін дұрыс басқармау, инфрақұрылымдарға, соның ішінде электр стансаларына инвестиция салмау деп атап, соның салдарынан елде дағдарыс туындап, халық наразы болып отыр деп көрсетуге талпынғанымен, Венесуэла басшылары мұның себебін киберлік шабуыл деп атады.
Мадуро Twitter-дегі жеке парақшасында: "АҚШ империалистерінің біздің халыққа қарсы жариялаған электроэнергетикалық соғысы жеңіліс табады. Ешкім және ешнәрсе Уго Чавестің халқын жеңе алмайды",-деп жазды.