ЭЫҰ-ның мүмкіндіктері мен түйткілдері
Иран Сыртқы істер министрі Мұхаммад Джавад Зариф Түркияның Анталия қаласында Экономикалық ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің Сыртқы істер министрлер кеңесінің 24-ші отырысында: "ЭЫҰ-ның бірінші және маңызды түйткілі – экономикалық әріптестікке қолайлы үлгінің болмауы. Шын мәнінде ол экономикалық дамудың үлгісі болуы керек. Сондықтан осы мақсатты орындау үшін ынтымақтастық құрылымы қайта қарастырылуы тиіс",-деді.
Экономикалық ынтымақтастық ұйымына мүше елдер арасындағы ынтымақтастық құрылымы қандай элементтерден тұрады?
ЭЫҰ – Батыс Азия мен Орта Азияның 10 елінен тұратын ұйым. Бұл ұйым алдымен Иран, Түркия мен Пәкістанның әріптестігімен "Измир келісімі" аясында экономикалық өмір деңгейін жоғарылату мақсатында 1985 жылы құрылды. 1992 жылы Ауғанстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан мен Қазақстан осы ұйымға қосылды. Ұйымды құрудағы мақсат аймақішілік сауда-саттықты дамыту, жаһандық сауда нарықтары мен басқа да экономикалық полюстермен әріптестік жасай отырып, аймақтық мықты экономикалық блок пен тауарлар мен қызметтер ұсыну үшін ортақ нарық қалыптастыру болды.
ЭЫҰ 10 мүше елде тұратын жарты миллиард адамды қамтып, өте жақсы географиялық позиция, бай кен және қуат көздері, дамыған адам ресурстары, ірі сауда нарығы, мәдени және тарихи жақындықтарға ие болып отырғандықтан, халықтардың жан-жақты ынтымақтастығына қажет барлық жағдай бар.
Бұл факторлар ЭЫҰ-ны дамытуда маңызды рөл атқарады, бірақ жеткіліксіз. ЭЫҰ 2025 жылға дейінгі перспектива бағдарламасын жобаланған механизмдер мен жоспарлар арқылы жылдам орындауы тиіс.
Зариф Анталия отырысында: "Иран "ЭЫҰ қоғамы мен байланысын дамытудың аймақтық стратегиясы-2025" бағдарламасы мен 2017 жылдың желтоқсан айында Бакуде өткен ЭЫҰ-ға мүше елдердің байланыс министрлерінің екінші отырысында талқыланған "Іс-шаралар бағдарламасына" қатты көңіл бөледі. ИИР өзінің бүкіл әлеуетін ЭЫҰ мүше елдерімен бөлісуге дайын",-деді.
Жаһандық экономикада қалыптасқан қазіргі жағдай мен соңғы жылдарда болған дағдарыстарды ескере отырып, аймақтық ұйымдар аясында ынтымақтастық жасау интеграцияны нығайту және халықаралық экономикада болатын толқыныстардың салдарларынан аман қалудың сенімді жолы бола алады.
Халықаралық қатынастар мәселелерінің сарапшысы Кейһан Барзегар: "Экономикалық дамудың ең тиімді стратегиясы – ұлттық күш-қуаттың тәуелсіз көздеріне иек арту арқылы аймақтық көпжақтылықты ұстану",-дейді.
Осы тұрғыдан ЭЫҰ аясында аймақтық ынтымақтастықтарды дамыту үшін әлеует жеткілікті. Бірақ оларды қолдану жаңа жобалау мен бағдарламалауды қажет етеді.
ЭЫҰ-ның саяси-экономикалық шешімдерін қабылдаушылар үш ірі стратегияға баса назар аударып отыр. Үш стратегия – банкаралық әріптестікті дамыту және ЭЫҰ-ның Даму және сауда банкінің белсенділігін арттыру, іскерлер мен инвесторлар, тасымал және транзитпен айналысатындар үшін виза беруді жеңілдету, преференциалды тарифтік келісімдерді орындауды жылдамдату. Алайда ЭЫҰ-ға айтылатын сындардың бірі – құрылымының әлсіздігі.
Осы мәселелерді назарға ала отырып, Иран Сыртқы істер министрінің Анталияда ЭЫҰ-ға мүше елдер министрлерінің отырысында жасаған ұсыныстары ИИР-ның сыртқы саясатының ЭЫҰ-ға мүше елдер арасында ынтымақтастық, интеграция және ортақ мүдделерге қол жеткізу жолдарын табуға негізделгенін көрсетеді.