Қыр 04, 2020 22:47 Asia/Almaty
  • Жерорта теңізіндегі Анкара-Афина текетіресі

Соңғы айларда Түркия мен Грекияның Жерорта теңізі мен Егей теңізіндегі территорияларға қатысты текетіресі түрлі себептермен арта түсті. Әскери күш-қуатты арттырумен қоса, екі ел басшыларының сөз саптасы да сес көрсетуге қарай ойысты.

Түркия мен Грекия арасында күн сайын артып келе жатқан текетірес тараптар арасында әскери қақтығыстың туындау ықтималын арттырып отыр. Оның белгілері ретінде тарихи-мәдени тақырыптардың көп талқылануын айтуға болады. Соғыс оты тұтанып, әскери қақтығыс болу мүмкіндігі туралы сөз сөйлеуге әлі ерте болғанымен, себепті тарихтан іздейтін сарапшылар Айя Софияның мешітке айналуын қайшылықтардың тереңдей түсуінің белгісі деп бағалап отыр. Соғысқа алып келген мұндай қайшылықтардың үлгілері қазіргі заманда да бар. Үндістан мен Пәкістанның қайшылығы осындай жағдайға жатады.

Тарихи себептерге байланысты Грекия Түркияның саяси-экономикалық және тіпті мәдени мәселелерінің бір бөлігі саналады. Түркия да Грекияның ішкі мәселелерінің бір бөлігі болып отыр. Осман түріктерінің әлемнің бір бөлігіне билік еткен кезінде Грекия да басқа еуропалық жерлер сияқты ұзақ жылдар бойы османдықтардың қол астында болды. Османдықтар әлемнің маңызды аймақтары, соның ішінде Еуропа жерлеріне билік жүргізді.  

Сол себепті осыдан біраз бұрын Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның бұйрығымен Айя София шіркеуінің мешітке айналуы Түркия үшін  Осман дәуіріндегі құдірет пен салтанатты қайта жаңғырту және ұлттық рухты ояту болып бағаланды. Гректер Айя Софияны Шығыс Римдегі православиенің діни-мәдени нышаны санайтын, сондықтан оның қолданыс аясын өзгертуді Түркияның Грекиядан Осман мемлекетінен тәуелсіздік алғаны үшін тарихи кек алуы деп есептейді. Бұл мәселені Жерорта теңізі мен Егей теңізінде Анкара мен Афина арасында текетірестердің көбеюіне түрткі болды деп айтуға болады.

Бұл текетірестер мен қайшылықтардың өзіндік күрделілігі бар. Түркия, Грекия мен Кипр – НАТО мүшелері. Осы ойыншылар арасында қақтығыс бола қалған жағдайда НАТО-ның қандай бағыт ұстанарын ешкім дөп басып айта алмайды. Алайда кейбір елдер, соның ішінде Франция мен АҚШ өздерінің мақсат-мүдделеріне орай өз қару-жарақтарын сату үшін Жерорта теңізінің шығысында тағы бір жойқын соғыс отын тұтатуға ынталы.

АҚШ-тың Кипрге қару-жарақ сату санкциясын алып тастауын да осы аяда бағалауға болады. Бұған Түркия басшылары ресми түрде наразылық білдірді. Түркия СІМ өз ұстанымында: «Кипрге қару-жарақ сату санкциясын алып тастау Анкара мен Вашингтонның одақтастық рухына үйлеспейді және бейбіт кеңістікті улайды»,-деп мәлімдеді.

Басқа саяси сарапшылардың пікірінше, Еуропаның кейбір елдері және тіпті АҚШ-тың арандатуына қарамастан,  қазіргі жағдайда Түркия мен Грекия арасына толыққанды соғыс болуы мүмкін емес. Екі елдің әскери дайындығы мен статистикалық көрсеткіштеріне шолу жасағанда олардың ешқайсысының мұндай қақтығысқа кіруге  әлеуеттері жетпейтінін көруге болады.

Анкараның қолындағы армия бірнеше фронтта, соның ішінде Сирияның солтүстігі, Ливия және тіпті Түркияның оңтүстік-шығысының кейбір бөліктері мен Ирактың солтүстігіндегі қақтығыстарға тартылған. Батысқа қатты тәуелді бұл елдің экономикасы Жерорта теңізінде Еуропа одағы құрамындағы елдер тобына қарсы бір толыққанды соғыс жүргізу шығындарын көтере алмайды.

Басқа жағынан Грекия экономикасы соңғы жылдарда шарықтаулар мен құлдырауларды бастан өткерді. Кей кездері тіпті банкрот болуға сәл-ақ қалды. Еуропа одағы, әсіресе Германия көмектеспегенде бұдан да қиын жағдайды басынан кешірер еді. Сондай-ақ, Түркиямен тарихи-географиялық қайшылықтарының барына қарамастан, Грекияның Халықаралық валюта қорына орасан зор қарызы оны соңы беймәлім ірі соғысқа кірісу мүмкіндігінен айырды.  

Шын мәнінде Анкара мен Афинаның ұстамдылық сақтауы және халықаралық заңдарға құрмет көрсетуі Жерорта теңізіне тыныштықтың қайта оралуына кепіл бола алады. Болмаса,  халық қаламайтын соғыс Түркия мен Грекияның мүдделерінен бұрын бөгде елдердің, әсіресе АҚШ-тың заңсыз мүдделерін қамтамасыз ететін болады.  

Тегтер