Жел 27, 2020 22:08 Asia/Almaty
  • Конгресс пен Трамп шиеленісі салдарынан 14 млн америкалық  жұмыссыздықты сақтандыру төлемінен мақрұм қалады

АҚШ Конгресінің коронавирус кезінде көмек беру туралы қаулысына осы елдің Президенті Дональд Трамп қол қоймағаннан кейін 14 млн-ға жуық америкалық жұмыссыздықты сақтандыру төлемдерін алудан мақрұм қалды. Мұнымен қоса, бұл мәселе дүйсенбі күні федералдық үкімет жұмысының тоқтатылу ықтималын арттырып отыр.

Демократиялық және республикалық партиялардың мүшелері Трамптан 2,3 мтрл доллар көмекақы бөлу жобасына қол қоюды сұрады. Бұл құжатта 900 млрд доллар коронавирустан зардап шеккендерге, 1,4 трлн доллар 2021 жылдың қазан айына дейін үкімет бюджетін қамтамасыз етуге белгіленген. Бірақ Трамп халықтың қолдауына ие болу үшін әлсіз әлеуметтік топтарды жақтаған сыңай таныту мақсатында Конгресс қаулысын «жеткіліксіз қаражат белгіленген» деп атап, оған қол қоюдан бас тартты. Ол Твиттердегі жеке парақшасында: «Флориданың Палм-Бич қаласында көптеген кездесулер мен телефон арқылы сұхбаттар болды. Неге саясаткерлер халыққа 600 доллар емес, 2000 доллар бермейді?»-деп жазды.

Конгресс бекіткен қолдау пакетінде жұмыссыздарға қаржылай көмек беру туралы екі бағдарлама бар. Олардың бірінде АҚШ-тағы жұмыссыздар 2021 жылғы наурыз айының басына дейін жұмыссыздықты сақтандыру төлемі ретінде аптасына шамамен 300 доллар алады.

CNN ақпарат арнасы бір сараптамада: «Егер Трамп демалыстан кейін осы қолдау пакетіне қол қоюдан бас тартса, 12 млн-нан аса америкалық жұмыссыздықты сақтандыру төлемін алмайды. Тіпті қол қойса да, оларға көмекақы бірнеше апта кешіктіріліп берілетін болады»,-деп жазды.

АҚШ-тың қалаулы Президенті Джо Байден: «Егер бұл жобаға қол қойылмаса, мұның теріс салдары болады»,-деп ескертті.  

Трамп коронавирусқа қатысты көмек беру жобасына қарсылық білдіру арқылы түрлі мақсатты көздейтін сияқты. Ол АҚШ үкіметінің жұмыссыздар мен олардың жанұяларына өзі көздеген кемінде 2000 доллар төлейтін болса, оның үкіметіне экономикалық қысым түспейтінін жақсы біледі. Керісінше АҚШ-тың жаңа үкіметі осындай ауыр міндеттің қысымын көруі тиіс болады. Осылайша, ол Байден үкіметіне ауыр түйткілдер мен кедергілер жасауды көздеп отыр. Ал бұл жағдайда АҚШ-та коронавирус экономикаға теріс әсер тигізіп, бұл елдің бюджеті тарихта бірінші рет 3 трлн доллар тапшылыққа ұшырады.

Басқа жағынан Трамп әлі 2020 жылғы президенттік сайлаудың нәтижесін қабылдамай, демократ Джо Байденнің жеңісін мойындамады. Бұған қарамастан, куәлер көрсеткендей, оның Ақ үйде қалуға мүмкіндігі жоқ. Сондықтан ол қазірден бастан өзін 2024 жылғы президенттік сайлауға қатысуға дайындап жатыр. Осыған орай коронавирусқа байланысты жұмыссыздар мен олардың жанұяларына көбірек көмекақы беру қажеттігін айту арқылы АҚШ-тың орта және кедей топтары арасында өз тартымдылығын арттыруға тырысып жатыр. Бұған қарамастан, көптеген қиыншылықтарға ұшырап отырған жұмыссыз америкалықтарға оның қарсылығы қатты зиян келтіріп отыр.

АҚШ Өкілдер палатасы барлау комитетінің басшысы Адам Шифф Дональд Трамптың әрекетін сынап: «Президент гольф ойнап жүрген кезде 10 млн-нан аса америкалық жұмыссыздықты сақтандыру төлемінен айырылғалы отыр. Штаттарда вакцинаны таратуға қаражат жоқ. Пәтерді жалға алушыларды шығаруды кейінге қалдыру мерзімі жуырда аяқталады. Жанұялар аш отыр»,-деді.

Тегтер